Спорттағы қазақ тілі, халің қалай? 1-бөлім

25.09.201715790

   Өткен жылдың жазында еліміздегі спорт федерацияларының қазақ тіліне қаншалықты көңіл бөлетіні жайлы жазған едік. Араға бір жыл екі ай салып, аталмыш ұйымдардың ақпараттық порталдарын қайта ақтарып шықтық. Олардың кейбірі «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып қойса, енді бірі мемлекеттік тілді менсінбейтіндіктерін көрсетіп отыр.

   Қазақстандағы спорт ұйымдарына қатысы бар деген сайттардың бәрін қарап шығу мүмкін емес, әрине. Дегенмен, үлкен федерациялар мен беделді клубтардың қазақшасы қалай? Тарқатып көрелік.

Ең алдымен тоқталғанымыз, Қазақстан Республикасының  ұлттық баскетбол федерациясы болды. Ұлттық!.. Спорттағы жетістіктерінде шаруамыз жоқ. Жоғарғы лигасында саусақпен санарлық командалар ойнап жүрген ұйымның шамасын білеміз.  Алаңдататыны, дардай атауы жасап жатқан жұмыстарына лайық па? Сайттарын ашып қалсаңыз, тек орысша нұсқасы ғана. Федерацияның орысша атауы бірінші жазылып тұр. Қазақшасы мен ағылшыншасын сүмірейтіп қойған.  Қазақшасы атымен жоқ. Сонда дейміз де, бұл ұйым Ресейдікі ме? Бәлкім Қазақ еліндегі баскетболдың қазаққа қатысы шығар? Мұны білмекке бірнеше рет қоңырау да шалып көрдік, ештеңе шықпады. Пошталарына жаздық.  Араға бірер күн салып, федерацияның вице-президенті Әлімжан Дүйсенов  сайттың жаңартылып жатқанын, қазақша нұсқасы қазан айында дайын болатынын жазыпты. Өткен жылы да осындай жауап алғанбыз.

Ал, Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясының сайтында ұйымның қазақша нұсқасы тұрмақ, қазақша атауы да жоқ. Құдды бір ресейлік сайтты ашқандай күй кешесіз. Парадокс! Федерация қазақ тілін білмек түгілі, білу керек-ау деп те ойламайтын сияқты. Сонда ол сайт кімге керек? Түсініксіз… Хабарлассаң, дайын жауап бар – сайттың жаңа нұсқасы жасалып жатыр, алдағы уақытта қазақша нұсқасы пайда болады.

Ары қарай Қазақстан Республикасының волейбол федерациясының сайтына бас «сұқтық».  Қазақ, орыс, ағылшын тілінде ақпарат тарататын порталға  қарап ішіміз жылыған. Артынша, қазақшасын қарасақ, наурыз айынан бері жаңармаған. Тек 21-наурызда оқырманға арнап «тұщымды» тілек жазып қойыпты. «Терезеңнен теңге, есігіңнен евро кіріп, жыл бойы үйің долларға тола берсін! Басыңнан бақыт, ойыңнан шабыт кетпесін!..» делінген екен. Сананы тұрмыс билеген заман ғой дедік те қойдық. Әйтпесе жанкүйерге керегі тілек емес, материалдық жағдайды ешкім сайттан іздемейді. Қажетті ақпаратты салып отырса, одан басқа не керегі бар?  Волейбол жарыстары аса көп те бола бермейді.Орысшасы  күнбе-күн жаңарып жатыр. Ағылшын тіліндегі жаңалықтар да мардымсыз. Баспасөз хатшысы Всеволод Хванға хабарласып көрдік. Оның айтуынша, келер жылдың басында жағдай жақсармақ. 2018 жылы барлық олимпиадалық спорт түрлері федерацияларын Ұлттық Олимпиада комитеті қаржыландыратын көрінеді.  Қазақтілді маманының қаражат тапшылығына байланысты қысқарғанын, жақын арада сайттың жаңарған нұсқасы пайда болатынын айтты.

   Қазақстанның велоспорт федерациясының қазақшасы бар. Арагідік қана жаңарып отырады. Орыс тіліндегі нұсқасы күнде жаңарады.

Ондағы қазақ тілінің де сапасы сын көтермейді. Мәселен, «медалистері» дегенді жүлдегерлері деп ауыстыруға болады. «Квадрат», «километр», «консультант» сөздерін «шаршы», «шақырым», «кеңесші» деуге не кедергі болғанын түсінбедік. «Тур Экспо 2017» дегенді Экспо-2017 туры етіп аудару кімге қиындық туғызып жүр? Айта берсек, көзге қораш көрінетін дүние көп-ақ. Баспасөз хатшысына хабарласып едік, “хат жазыңыз” дегеннен әрі аспады.

 «Аstana Pro Team» велокомандасының сайтына кірсеңіз, сізді «Ең көгілдір аспан аясындағы ең әсем күн» деген қойыртпақ ұран күтіп алады. Көгілдір түс бар екен де, ең көгілдір түс бар екен. Қазақ қашан аспандағы күнді «әсем күн» деуші еді? Орысшасы – «самое красивое солнце на самом голубом небосклоне». «Көк аспанға жарығын шашқан күн» дей сал, өзіңе де, өзгеге де түсінікті болады.  Көкжиектің көгілдір болатын, болмайтыны да тым сенімсіз құбылыс. «Астана – командалық классификацияда лидер», «Лауренс Де Вриз – тәуліктік озу топта» деген тақырыптар «жаңалықтарды оқымай-ақ қойшы» деп тұрғандай көрінді бізге.

Әдеттегідей, орысша нұсқасы өте сапалы.

    Қазақстан Республикасының су спорты түрлері федерациясындағы сорақылық – сайттың орыс, ағылшын нұсқасы бар болып, қазақ тіліндегі бетінің болмауы. Егер тек, орыс тілінде жүргізілсе, онда басқаша ойлауға болар еді. Мынауы қазақ тіліне жасап отырған қастандық! Мұны біз еш эмоциясыз айтып отырмыз. Бұған  тілді сыйлайтын жан салғырт қарамауы керек. Қаншама рет телефон арқылы хабарласпақ болдық, онымыздан нәтиже шықпады.

Түйін:  міне, бұл жүздеген сайттардың ішіндегі біз тексеріп көргендері ғана. Әлі қаншасы «тосынсый» дайындап тұрғаны белгісіз. Тек мемлекеттік тілдің осыншалықты деңгейде сорлап тұрғаны қынжылтады.

Екіншіден, барлығының айтатын жауабы біреу-ақ, ол – қаражат тапшылығы. «Қаржы бөлінбейді,  жалақы төлей алмаймыз, аудармашы жалдауға ақша жоқ» – осындай жауаптардан мезі болдық. Айналайын, алдыңдағы бес материалды  қазақшаға аудара білмесең, несіне баспасөз хатшысы болып отырсың? Білімді, екі немесе үш тілді еркін меңгерген журналистер өте көп. Соларды неге тартпасқа? Мысал ретінде мынаны айта кетуге болады. Қазақтілді ақпарат кеңістігінде таза қазақша жазып  жүрген alzhan.kz , dodasport.kz , statsport.kz, sportportal.kz,  qsport.kz(ашылған уақыттарына қарай, ретімен жазып отырмыз) сынды 5-6 ақпарат порталдары бар. Тәуелсіз, ешкімнен нан сұрамайтын сайттарды журналистер өз қалталарынан қаржы жұмсап ашқан болатын. Оларға мемлекет, нақтырақ айтқанда Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан ешқандай көмек те, қолдау да жасалып отырған жоқ. Соған қарамай, өз ісіне адал әріптестеріміз алған бетінен қайтпай, сара жолын салып жүр. Федерациялар неге осы журналистерден үлгі алмайды?

Тағы бір байқағанымыз, қаражаттан қағажу көргендер алдымен қазақтілді маманды жұмыстан шеттетеді. Сонда олар тоқалдан туды ма, әлде шешелері босанғанда қалжа жемеген бе? Сұрақ көп, жауабын беретін жан табылса кәні?! Бұл тақырыпқа әлі қайтып оралатын боламыз.

Мадияр Арстанбаев

 

  

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *