Бокс Қанат Ислам: Намысты жігіттерімізге жол көрсете алмасақ, чемпиондық атақтың құны көк тиын

25.09.201711770

Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам (25-0 20 KO) сұхбат беріп, келесі жекпе-жектерімен қатар, қарсыластарының да мықты болатынын айтты.

Әңгіменің әліппесі «Өзіңді феномен санайсың ба?» — деген сұрақтан бастап, соңы қазақ боксшыларының әлеуеті жайлы айтылды.

Қазақтың Қанаты өз сөзін: «Жалпы, ұлт мүддесіне қызмет ету, халық үшін жұмыс істеп, халқыммен бірге марқаю менің өмірлік ұстанымым. Мен қарапайым, алдыма айқын мақсат қойған, сол мақсаттың жолында ерінбей еңбек етіп жүрген боксшымын. Астанада өткен бокс кеші Тәуелсіздіктің жемісі деп ойлаймын. Өйткені мен үшін елордамызда жекпе-жек өткізу үлкен арман, алар асуларымның бірі еді. Енді алдымызда үлкен жекпе-жектер күтіп тұр. Алла қаласа, Тәуелсіздік күніне қарай Америкада бір кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Жақын күндері қарсыласымның да есімі белгілі болып қалар. Мен мықты қарсыластармен жұдырықтасқым келеді, қазір промоутерлер осыған мән беріп жатыр», — деп әңгімесін бастады.

Әлемдік рейтингте үздіктер қатарында тұрған QAZAQ болашақта қандай қарсыластармен жұдырықтасқысы келетінін де атап өтті.

«Менің салмағымдағы үздік боксшы болған Сауль «Канело» Альвареспен шайқасқым келеді. Бірақ қазір бұл салмақта өте мықты боксшы Мигель Котто бар. Егерде менің промоутерлерім осы боксшының менеджерлерімен келісіп, екеуміздің жекпе-жегімізді ұйымдастарып берсе, мен қуана келісетін едім. Меніңше, екеуміздің жекпе-жегіміздің ауылы алыс емес сияқты», — дейді Қанат.

Қазақстанда кәсіпқой бокс кештерін жиі өткізу туралы

«Қазақстандағы жекпе-жектерімнен кейін америкалықтар маған қатты таңғалды. Олардың көбісі Қазақстаннан келген боксшылар АҚШ-қа нәпақасын табу үшін келеді деп ойлайды. Өз еліндегі қиыншылықтан қашып келген босқындар сияқты көреді. Ал менің елімде өткен жекпе-жекті көргеннен кейін, олар біздің мақсатымызды көрді. Мақсатымыз  Америкаға барып ақша табу емес, ұлтымыздың мүддесі, абыройы мен ұлтымыздың мықтылығын дәлелдеу», — дейді QAZAQ.


Кәсіпқой боксшыларды тәрбиелейтін мамандар мен кәсіпқой боксқа ауысқан спортшылар неліктен шетел асатыны туралы

«Қазақстанда кәсіпқой боксқа қарағанда әуесқой бокс өте жоғары дәрежеге көтерілген. Көп боксшының ойында ең биік шың ретінде Олимпиада шыңын бағындыру ғана болды. Қазір қоғамның көзқарасы өзгерген, кәсіпқой боксқа деген қызығушылығы жоғары. Бейбіт Шүменов, Марат Мәзімбаев, Василий Жиров, Геннадий Головкин сияқты майталмандар осы кәсіпқой боксқа жол ашты. Сөйтіп, бұл спорттың қыр-сырын жақсы меңгердік. Біздің кәсіпқой бокстағы жетістіктерімізді көрген жастар да бізге еліктеп, бой түзеп жатыр. Елінің абыройын асқақтатуды қалайтын жастарға жол көрсетіп, білгеніміз бен тәжірибемізді бөлісу біздің міндетіміз. Шыны керек, бізде мықты кәсіпқой клуб пен атақты промоутерлік компания жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Астанадағы жекпе-жек алдында QAZAQ деген промоутерлік компания ашып, Nelson промоушенмен бірлесе отырып, 9 боксшымыздың жекпе-жегін өткіздік. Менің болашақтағы арман-мақсатым Америкада, Германияда өтетін үлкен жекпе-жектерді Қазақстанда өткізу. Үлкен жаттығу залдарын ашып, өзіміздің былғары қолғап шеберлері елімізде-ақ дайындалып, әлемдік ареналарда атой салуға жағдай жасау. Қазақтың күрзі жұдырықты жігіттері шетел аспай, Қазақстанда-ақ жекпе-жектерін өткізіп, әлемнің назарын аударатын жағдайға жеткізуіміз қажет. Әрбір істе ұлттық мүддені алдыға қойып, ұлтыңның абыройын алдыға қою керек. Кезінде кәсіпқой бокста атой салған мексикалық Оскар Дела Хойя қазір Golden Boy промоутерлік компаниясын ашып, тек қана мексикалық боксшылардың жағдайын жасап, әлемдік аренада елінің атын шығаруға мүмкіндік жасап отыр. Флой Мейвезердің менеджері әрі досы Эл Хэймон да Америкада тек «қаралардың» жағдайын жасап, солармен жұмыс істеп отыр. Бұл істің әрқайсысында ұлттық мүдденің тұрғанын білуге болады. Біздің де мақсатымыз — әр қазақтың қара домалақтарына қол ұшымызды беріп, оларды өзге біреулерге жем болудан сақтау. Егерде қазақтың намысын қорғаймын, көк туды желбіретемін деген жігіттерімізге жол көрсете алмасақ, чемпиондық атақтың құны көк тиын. Маған әркімнен бір мақтау естіп, марқайып жатқаннан гөрі ұлтымның мүддесін ойлау қымбаттырақ. Спортта елімнің намысы үшін, жеңіс үшін барымды салып еңбек етумен қатар, болашақта інілеріме үлкен жол ашу керекпін. Өйткені жүрегі «қазақ» деп соғатын әрбір адам мен үшін қымбат. Қазақ — менің қаным, менің анам, атам, осынау кең-байтақ жерді аманаттап кеткен бабаларым, сондықтан мен өзімнің отбасымды қалай жақсы көрсем, ұлтымды да дәл солай ардақтаймын»,  — дейді Қанат.


Cұхбат барысында күллі әлем мойындаған қазақ боксын, қазақтың қайсарлығын әлі де әлемге танытатын жігіттерді де тілге тиек етіп, олардың болашағы туралы айтылды.

«Астанада өткен жекпе-жекте сайысқа түскен 9 жігітіміздің өнерін көріп, жарқын жеңісін барлығы көрді. Бұл жігіттердің барлығы сен тұр, мен атайын деп тұрған оғландар. Бұйырса алдағы уақытта, бәлкім, келесі жылы тағы да Астанада немесе Алматыда жекпе-жек өтеді. Батырларымыздың әлемдік аренада атой салатын уақыты да, мүмкіндіктері де келді. Қазақтың абыройын асқақтатып, көк туды желбіретеді деп ойлаймын », – деді Қанат Ислам.


Еске сала кетейік, Қанат Ислам соңғы жекпе-жегін Астана қаласында Брэндон Кукке қарсы өткізіп, 9-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткен болатын. Сөйтіп, отандасымыз бірінші орта салмақтағы WBO, NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерін қорғап қалды7

Qsport.kz

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *