ЖЕҢІС АЛҒА ЖЕТЕЛЕДІ

29.03.201812960
WhatsApp-Image-2018-03-20-at-12.26.31-1-1280x853.jpeg

 

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде джиу-джитсудан жасөспірімдер мен жастар арасында әлем біріншілігі өтті. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған Аслан Қанатбек 60 келі салмақта алтыннан алқа тақты. Джиу-джитсудың «файтинг» түрі бойынша чемпион атанған балуанымызбен аз-кем дидарласудың сәті түсті.

– Аслан, Әлем біріншілігіндегі жеңісіңмен тағы да шын жүректен құттықтаймыз. Әңгіменің ауанын туып-өскен жеріңнен бастасақ.

– Мен Талдықорған қаласында тудым. Үйдің үлкенімін. Менен кейін қарындасым бар. Бүгінде Талдықорған политехникалық колледжінің студентімін.

– Күреске қалай және қай жылы келдің?

– Бұрын әкем күреспен айналысқан. Сондықтан күрес қанымда бар деп ойлаймын. Бала күнімде сотқар болатынмын. Көшеде үнемі төбелесіп жүретінмін. Көршім Тимур Сыдықов джиу-джитсудан бапкер болатын. Көшеде төбелесіп жүргенімді көрген Тимур ағай: «Балаңызды жаттығу залына жіберіңіз», – деп әкеме қолқа салыпты. Ол кезде бірінші сынып оқушысымын. Жаз айы. Демалыс уақытында ойын баласы болған соң таңмен таласа оянып, ертерек көшеге шығуға асығамын. Бір күні ерте тұрып ойнауға бара жатсам әкем: «Ешқайда кетпе балам, қазір бір жаққа барасың»,– деді. Қайда екенін сұрап едім, барғанда көретінімді айтты. Сөйтіп, бапкерімнің көлігіне салып жіберді. Жаттығу залына бардым. Балалар қызу дайындық үстінде. Қызығып кеттім. Үстімде арнайы күресуге арналған «кимано» болмағандықтан амалсыз балалардың жаттығуларын тамашалап отырдым. Екі күннен соң бапкерім: «Көшеде төбелесіп жүргеніңді көрдім, ұрыстың не екенін білесің. Жақында Сарқан қаласында жарыс болады, соған қатыс», – деді. Үйге барып әкеме айттым, жіберді. Жолға сғат 11-де шығатын болдық. Әкем таңертең ерте тұрып «кимано» алып берді. Сөйтіп алғаш татами төріне 2008 жылы 29 келі салмақта шықтым. Бірінші жарысым болғаннан кейін қатты қобалжыдым. Жарыс ережесін де, әдіс-тәсілін де толық білмеймін. Әйтеуір көше төбелесіне салып жүрмін. Бір-екеуін жылатып та тастағаным бар. Сөйтіп жүріп, ақтық сынға шықтым. Финалда өзіміздің залда жаттығатын Әділет Мырзамбековтан жеңіліп, тұғырдың екінші сатысынан көріндім. Алғашқы жеңіс. Қуанышымда шек жоқ. Өзімді құдды бір әлем біріншілігінен жүлдегер атанғандай сезіндім. Екі күнде мойныма ілінген күміс жүлде мені жігерлендіре түсті. Осыдан кейін джиу-джитсуға деген қызығушылығым арта түсті. Қазір Айдос Мұсабаев ағамыздың ақылымен спортқа жан-тәнімді беріп, ерінбей жаттығу жасап келемін.  

Қандай нәтижелерге қол жеткіздің?

– Былтыр Грецияның Афины қаласында жасөспірімдер арасында джиу-джитсудан Әлем чемпионы болдым. Осы жылы сол нәтижемді қайталадым. 2010 жылдан бері джиу-джитсудың «файтинг» түрі бойынша Қазақстанның 7 дүркін чемпионы атандым. Ал, «невадзе» түрі бойынша 3 дүркін Қазақстан және ел кубогының жеңімпазымын. Қоян-қолтық төбелестен 2015 жылғы Қазақстанның,  грэплингтан 2017 жылғы ел кубогының чемпионымын.

 – Әлем біріншілігінде белдесулер қалай өтті?

 – Әлем біріншілігінде джиу-джитсудың екі түрі бойынша да сынға түстім. Негізі менің жаныма жақыны «файтинг» түрі бойынша белдесу. «Невадзе» түрі бойынша белдескеніммен  жолым болмады. Ойымның барлығы «файтингте» тұрды. Алғашқы кездесуде Израиль балуанына жол бердім. Одан кейін Үндістан спортшысын тізе бүктірдім. Бірақ қола жүлде үшін таласта ресейлік спортшыдан айламды асыра алмадым. «Файтинг» түрі бойынша алғашқы белдесуімді алдыңғы әлем біріншілігінде ақтық сында белдескен қарсыласымның інісі италиялық спортшымен шықтым. Ағасының жеңілгендігінен соң інісі қаймықты ма, оны өзіміздің тілмен айтқанда фул иппонмен жеңдім. Яғни, таза жеңіске жеттім. Екінші тайландтық балуанмен белдестім. Онымен 10:10 есебімен тең түстім. Бірақ жасаған әдіс-тәсілім сапалы болғандықтан жеңісті маған берді. Жартылай финалда тағы бір италиялық спортшымен кездесіп, бір минутта таза жеңіске жеттім. Ақтық сында Ресей спортшысын бір жарым минуттың ішінде жеңдім. Бұл менің финалда таза жеңіске жеткен алғашқы кездесуім.    

Жалпы джиу-джитсу қай мемлекеттерде қатты дамыған? Бұл спортта біздің деңгейіміз қандай?

– «Файтинг» түрі бойынша еуропалықтар мықты. Невадзе спортынан арабтар мен бельгиялық спортшылар алдына жан салмайды. Қазір аталмыш спорт түрі елімізде де қарыштап дамып келеді. Қазақ спортшылары да бүгінде мықтылардың қатарында.

Қазір рейтинг бойынша нешінші орындасың?

Қазақстанда джиу-джитсудың екі түрі бойынша да бірінші орында тұрмын. Ал, әлемде «файтинг» түрі бойынша 60 келі салмақта көш басындамын.

– Алдағы мақсатың қандай?

Сәуірде Астанада грэплингтен өтетін ел біріншілігіне дайындалып жатырмын. Чемпион болсам қыркүйек айында Астанада өтетін Әлем біріншілігіне қатысамын. Сонымен қатар, сәуір айында джиу-джитсудан Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Сүйіндік Рүстем Мәлікұлының атына төртінші рет турнир өткізіледі. Бұйырса сол сында да бақ сынаймын.

Сұхбаттасқан Айдар ҚАЛИЕВ

 

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *