ДЗЮДОНЫ ДАМЫТҚЫМ КЕЛЕДІ

29.03.20182180
ISK_9740-1280x854.jpg

                                                                        ДЗЮДОНЫ ДАМЫТҚЫМ КЕЛЕДІ

Жер жаннаты Жетісу жері талай тарланбоз спортшыны баптаған мекен. Мұнда жауырыны жерге тимеген апайтөс балуандар,  шойын жұдырықты боксшылар мен зілтемір көтерген толағайлар жетерлік. Сондай балуанның бірі – байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген Дамир Болатбеков. Орайы келіп Азия чемпионымен әңгімелесудің сәті түсті.

– Спорт қиындығы мен қызығы қатар жүретін сиқырлы өнер. Сен таңдаған күрестің дзюдо да оңай емес, көп еңбекті талап етеді. Қиындығын біле тұра татами төріне қалай келдің?

– Әкем балуан болған. Самбо күресімен айналысқан. Сол кісі мені 2011 жылы жетінші сыныбымда дзюдоға алып келді. Кимано киген балуандардың жаттығуына қызығып, бірден кіріп кеттім. Алғашқы күрестің әліппесін бапкерім Батыр Ашиповтан үйрендім. Қазір де сол бапкерде жаттығамын.  

– Ең алғашқы қатысқан жарысыңыз есіңізде ме?

– Есімде, күреске қатысқаныма небәрі екі ай ғана болатын. Көксу ауданында өткен жарысқа қатыстым. Бірінші жарысым болғаннан кейін қатты қобалжыдым. Бірақ үйренген әдістерімді жасап, барынша жақсы күресуге тырыстым. Сол жарыста қола жүлдені қанжығама байладым. Алғашқы жеңіс. Қуанышымда шек жоқ. Өзімді құдды бір әлем біріншілігінен жүлдегер атанғандай сезіндім. Осыдан кейін күреске деген қызығушылығым арта түсті.

– Жеткен жетістіктеріңе тоқталсаң.

 – 2015 жылы Словенияда өткен турнирде қола жүлдегер атандым. 2016-да Германияда жалауын желбіреткен Еуропа кубогінде күміс жүлдеге қол создым. Литвада өткен Еуропа кубогінде 2-орын алдым. Сол жылы Азия біріншілігінде алтыннан алқа тақтым. Польшада өткен халықаралық турнирде чемпион атандым. Жуырда Гонконгта өткен Азия кубогінен жүлделі оралдым. Қырғызстанда өткен халықаралық турнирде топ жардым. 2016 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионымын. Бірақ ел біріншілігін жасөспірімдер арасында ұттым. Қазір жастар арасында ұлттық құраманың сапындамын.

– Жалпы халықаралық жарыстарға жиі барып жүрсің. Қай елдің дзюдосы дамыған? Біздің  дзюдошылардың деңгейі қандай?

Ең мықтылар жапондар. Олардың өз елінің ішінде талас-тартыс көп. Бірақ бізде де ел біріншілігін алу қиын. Әр облыстың өзінде бір-біріне тегеурінді қарсылас болатын белі бекем балуандар жетерлік. Ұпай жинап, шетелге шығу да оңай емес. Кейбіреуі Қазақстанның ішінде үздік шығып, мойнына алтын толтырғанмен, халықаралық жарыста асығы алшысынан түспей жатады. Енді бірі Қазақстан чемпионатында сәтсіз өнер көрсетіп, бірақ байрақты бәсекеде жұлдызы жанады. Осының арқасында көбіне шет елдерге бару мүмкіндігіне ие болады. Мұның бәрі психологияға байланысты. Дзюдошылардың дайындығы жоғары, бірақ әлі де дамыту керек деп ойлаймын. Сонда ғана спорт алға басады. Спортшы тек жарысқа қатысушы емес, сонымен бірге өз саласын дамытушы да бола білген жөн.

Ал, сен ел біріншілігі мен шет елдерде қалай белдесесің, облыста сенің салмағыңда мықты балуандар көп пе?

–  Мен екі жақта да бірдей күресемін. Қай жерде болмасын барымды салып белдесуге тырысамын. Облыста мықты балуандар жетерлік. Мәселен, үштөбелік Дәурен Сүйкенов деген бала бар. Әзірге облыс бойынша бірінші нөмірлі дзюдошымын. Ал Қазақстан бойынша маңғыстаулық Бауыржан Нарыбаев пен бұйырса әлем біріншілігіне барамыз.

– Жуырда Азия чемпионы атандың, сол жетістігің үшін мемлекет тарапынан қандай да бір көмек, қолдаулар болып жатыр ма?

– Иә, облыс жарыстарға жіберіп, үлкен көңіл бөліп отыр.  Мемлекеттен жалақы да алып жүрмін.

Алдағы арман-мақсатыңыз қандай?

Қазір қызу дайындық үстіндемін. Қазан айында Хорватияның астанасы Загреб қаласында әлем біріншілігі өтеді. Бұйырса, сол жарыста жеңімпаз атанып, Көк байрағымызды желбірету, әлем чемпионы атану – арманым.

         –  Соңғы сұрақ, отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?

– Отбасымды айтсам әке-шешем бар. Үйдің үлкенімін. Артымнан үш інім өсіп келеді. Өзім  Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде дене шынықтыру мамандығында оқимын.               

 

Сұхбаттасқан Айдар ҚАЛИЕВ

 

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *