ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕ ҚЫЗДАРДЫ ҚОССА

29.03.20182390
.jpg

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕ ҚЫЗДАРДЫ ҚОССА

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен дзюдодан Азия біріншлігі еліміз үшін аса  сәтті болды. Сол сайыста өңіріміз қос алтынға қол жеткізді. Солардың бірі – жастар арасында өз салмағында қарсылас шақ келтірмей Азия чемпионы атанған Камила Берліқаш. Жуырда талдықорғандық дзюдошы қызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Ендеше алтын қыздың әңгімесіне құлақ түрейік.

– Камила, Азия біріншілігіндегі алтының құтты болсын! Туып-өскен жеріңіз, отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?

 – Рахмет! Мен 1999 жылы қарашаның тоғызы күні Талдықорған қаласында дүниеге келдім. Отбасымда әкем, анам, екі сіңлім және екі бауырым бар.         Мен үйдің үлкенімін.

– Күреске қалай және қай жылы келдіңіз?

– Үйде анамның сіңлісі дзюдо спортымен айналысқан. Соған қарап әкем мені күреске жіберді. Алғашында анам рұқсат бермеді. «Күреске барма. Қыз баласың ғой, биге, домбыраға бар», – деді. Анамның айтуымен домбыра үйірмесіне бардым. Бірақ, одан түк шықпады. Ақыры әкем мені 2011 жылы 11 жасымда УПК залына күреске алып келді. Балалармен тіл табысып, үйренісіп кеткенше жаттығуға менімен барып жүрді. Алғашқы жаттықтырушым Саят Құдайберген болды. Күреспен айналысқаныма анам бір жарым жылдай үйрене алмады.  Бірақ, қазір жеткен жетістіктеріммен мақтанып жүреді. 2012 жылы дарынды балаларға арналған мекеп-интернатына Айдос Валиев ағай шақырды. Төрт жыл сол мектепте оқыдым. Ол мені екі жыл жаттықтырды, одан кейін Рихман Наймаханов ағай дайындады. Қазір Рихман ағайда жаттығамын.

– Алғашқы жарысыңыз жайлы айтып берсеңіз?

Талапты ауылында аудандық жарыс болды. Ол кезде менің жасымда үлкен  салмақта адам болмайтын. Сөйтіп 57+ салмақта қарсылас болмай, алғашқы жарысымда алтыннан алқа тақтым.

  • Камила, бес жыл бойы бір салмақтың патшайымы

болып келесің.  Жарысқа барарда салмақ түсіресің бе?

Жоқ. Көп спортшылар салмақ қуып жарысқа барады. Маған ағайым, керісінше, «салмақ жоғалтсаң денсаулығыңды да жоғалтасың. Асхат Жіткеев ағаң сияқты үлкен салмақта биік белестерді бағындыр» дейтін. Жалпы барлық спортшыларға салмақтарыңды ұстамаңдар дейді.

 – Күресте жеткен нәтижеңіз?

Дзюдо күресінен Қазақстан біріншілігінде он екі мәрте жеңімпаз болдым. Ағымдағы жылы 23 жасқа дейінгі әйелдер арасында чемпион болдым. Жасөспірімдер арасында Азияның барлық медалін мойныма тақтым. Осы жылы жастар құрамасына өтіп, Бішкекте болған Азия біріншілігінде де бірінші орын алдым.

Дзюдомен ғана айналысасың ба?

Иә. Самбоның ережесі бөлек болғандықтан бас бапкер күрестірмейді. Ал, қазақша күреске қыздарды толық қоса қоймады. Бірақ, қыздар арасында «Қазақстан барысы» болса міндетті түрде барар едім. Өйткені қазақ күресі біздің төл спортымыз. Қазақ күресіне қыздарды қосса дұрыс болады деп ойлаймын.              

  • Азия біріншілігі қалай өтті? Жастар арасындағы алғашқы ірі жарысың қиын болмады ма?

– Иә, жасөспірімдер арасындағыдай емес, жастар арасында белдескен мүлде бөлек. Әйтсе де барымды салып күрестім. Салмағымда 6 адам болғандықтан,екі топқа бөлді. Бірден ширек  финалдық белдесуден бастадым. Боз кілемге моңғол палуанымен шықтым. Онымен 2015 жылы Тайландта өткен Азия біріншілігінде кездескенмін. Сондықтан қиынға түспеді. Өзімнің әдісім патхватты жасап, таза жеңіске жеттім. Алғашқы кездесу ауыр болмағанымен ақтық сындағы айқаста біраз тер төктім. Сыртқы жамбас деген тәсіл жасап жеңіске жеттім. Сөйтіп Азия чемпионы атандым.

Сұхбаттасқан Айдар ҚАЛИЕВ

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *