ЫЛДИДАН ШАПСА ТӨСКЕ ОЗҒАН

04.05.201813830
2.jpg

Талдықорған қаласы атшабарында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Атамекенге ақ шашу» атты құнан, топ, тай жарыс және аламан бәйге өтті.

Тұлпар болар жүйрікті тап басып танитын халықтың ұрпағы болғандықтан, сәйгүліктердің шабысын тамашалауға келген көрерменнің қарасы жетіп артылады. Қаз-қатар тізілген кер жорғалардың басы кекжеңдеп құйма тұяғы тыным таппай құйындатқалы тұр. Жанындағы аттар да жиі пысқырып, құлағын қайшылап, басын арылы-берілі изеп, мені босат дегендейін тұяғымен жер тарпиды. Көрермендер алғашқы айналымнан ақ тартысты додаға куә болды. Дала төсін шаңға бөгіп, тақымы тайға жабысқан шабандоздар да жиналған қауымның ықыласына бөленді. Бастапқы айналымда тізгін тартып ат шабысын бәсеңдетіп отырған тұста сәйгүліктер басын жұлқа тартып, бас бермейтін асауша алдыға осыла жөнелді. Айналым өткен сайын қамшыға қамшы басып, ат ауыздығымен алысқан шабандоздар тізгінді босатып жіберді. Осы тұста дүлділдер іркес-тіркес құйрық тістесе шауып, қара жердің астан-кестенін шығарып айналаны шаңға бөкті. Айналым азайған сайын тұлпарлар жүйткіген бойы жұлдыздай ағып отырды. Дүбірлі доданың қызығына кірген дүйім жұрт қиқуға қиқу қосып, шабандоздарды жандандыра түсті. Мәреге жетер шақта тұлпарлар бірінен-бірі озып, шабысына шабыс қосып ағылып отырды. Пай-пай шіркін, ұлттық өнерді ұлықтаған сайын даланың жігіттері бәйге десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылыққа керемет әсер сыйлады.

Жарыстың қорытындысы бойынша аламан бәйгеде бірінші орынды Талғар ауданынан Мейірхат Бұлғановтың «Көбит» атты тұлпары бас бәйгені еншіледі. Екінші жүлде Жамбыл ауданынан Ұлан Омаровтың «Нарбас» атты тұлпарына бұйырды. Үздік үштіктің қатарынан Көксу ауданынан Айдын қосқан «Раушан» атты жүйрігі көрінді. Құнан бәйгеде ЖШС «Байсерке агродағы» Олжастың тұлпары бірінші орынды еншіледі. Екінші және үшінші жүлдені Шығыс Қазақстан облысынан Алексей Рыбкиннің «Шолпан» және «Джэлли» атты сәйгүліктері жеңіп алды. Топ жарыста Жамбыл ауданынан Бақторы Бағдаттың тұлпары бас жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орын Темірхан Досмұхаметовтың сәйгүлігіне бұйырды. Үшінші жүлде Ескелді ауданынан Жеңіс Тәжікеев қосқан тұлпарға тиесілі. Тай жарыста бас бәйгені Жамбыл ауданынан Қабілет Насырханұлының қосқан сәйгүлігі еншіледі. Қарасай ауданынан Жігер Байболатовтың «Айтолқын» атты тұлпары екінші жүлдені иемденді. Үшінші жүлдені Талғар ауданының «Ақбай» сәйгүлігі еншіледі. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *