ҒАСЫР ДОДАСЫ

04.05.201813610
DSC8612-1280x854.jpg

Талдықорғанда «Жастар» спорт кешенінде облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газетінің 100 жылдық мерейтойына орай журналистер арасында спартакиада өтті.

         Шараның шымылдығы ғасыр жасаған облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әріннің алғы сөзімен түрілді.

Қазақстан журналистикасының ең көне басылымдары болып табылатын «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдық тойы бүкіл елдің тойына ұласып отыр. Соның жарқын дәлелі шағын футболдан өтетін республикалық жарыс пен спартакиада. Осындай доданы ұйымдастыруға үлкен көмек көрсеткен облыс әкімдігі мен ішкі саясат басқармасына алғыс айтамыз. Бүгінгі сайыс Ұлы Даланың төрт бұрышына жайылған жарыс. Ғасырлық той, ғасырлық дода құтты болсын, – дей келе спортшыларға табыс тіледі.

Осыдан кейін жарыс басталып кетті. Дүбірлі дода спорттың бильярд, волейбол, үстел теннисі, футбол  түрі бойынша өрбіді.

Әуелі спортшылар жеребе тартып, бильярдтан сынға түсті. Әр басылымнан келген кілең сен тұр, мен атайын деген мықтылар барын салып өнер көрсетті. Алғашқы айналымнан-ақ тартысты басталған бәсекеде журналистер бильярд ойынының хас шебері екендігін көрсетіп, тәжірибелері молдығын  дәлелдеді. Бильярд ойынының жілігін шағып, майын ішкен, майталмандардың ойыны тіптен ерек. Публицистика шеберлері шарды бильярд торына шебердің шеге қаққанындай тоғытып жатты. Бұл журналистердің тас таяқ спортының қыр-сырын меңгергендігінің белгісі. Әр айналым артта қалып, ойыншы азайған сайын жарыс қыза түсті. Қаламгерлер шарды бильярд торына мүлтіксіз тоғытып жатты. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды өңірлік комуникациялар қызметі талдау және болжау орталығының директоры Айдос Игенбай жеңіп алса, ІІ орынды «Жетісу» арнасының журналисі Алмат Хамитов қанжығасына байлады. ІІІ орын «Жетісу» газетінің бөлім басшысы Мәди Алжанбайға бұйырды.

Ерлер мен қыздар арасындағы волейбол бәсекесі де тартысқа толы болды. Ала допты әуелеткен командалар жеңіс тұғырының желкенін көтеру үшін барын салды, ешқайсысы да аянып қалған жоқ. Әуе добының озық үлгісін көрсетуге тырысты. Әсіресе, финалдық кездесу жоғары деңгейде өрбіді. «Жетісу» газетінің командасы мен «Жетісу» телеарнасының ойыншылары керемет ойын үлгісін көрсетті. Бұл сында қос партияда да  басым болған  «Жетісу» телеарнасының командасы топ жарды. Екінші жүлдені «Жетісу» газетінің командасы иеленсе, Талғар ауданынан келген қаламгерлер үздік үштіктің қатарынан көрінді.

Осыдан кейін ерлер мен қыздар арасында үстел теннисі өтті. Шағын үстелде БАҚ өкілдері көз ілеспес жылдамдықта ойын өрбітіп, теннисті жетік меңгергендігін дәлелдеді. Барлығы бір-біріне тегеурінді қарсыластар. Кескілескен ойында тартысты әрі қызықты кездесулерге куә болдық. Бұл бәсекеде ерлер арасында аудандық «Қаратал» газетінің тілшісі Рүстем Қалиахмет бас бәйгені қанжығасына байлады. Күміс жүлдені «Талдықорған» газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев еншіледі. Қола медаль «Жетісу» телеарнасының тілшісі Мұхит Тоқтасынға бұйырды. Қыздар арасында 1-орынды қалалық «Текелі тынысы» газетінің тілшісі Нұржан Махаббатқызы иемденді. 2-орынды «Нұрлы Көксу» газетінің дизайнер-тілшісі Меруерт Рахмишова жеңіп алды. Ал «Жетісу» газетінің хатшысы Назым Қырғызбаева тұғырдың үшінші сатысынан көрінді.

 Спартакиаданы республикалық футбол ойыны қорытындылады. Сайысқа әр өңірден іріктеліп келген 9 команда қатысты. «Жастар» спорт кешені мен прокуратураның залында ала допты ұршықша иірген командалар армансыз айқасты. Қай салаға салсаң да түрен салатын журналистер спартакиадаға тыңғылықты дайындықпен келгендігін көрсетті. Топтық кезеңнен өту үшін командалар барын салып ойнады. Алғашқы айналымнан-ақ алма-кезек шабуылға шыққан командалар әдемі ойын өрбітіп, қарша боратқан соққыларымен танылды. Бірінші топтан қарсылас шақ келтірмей «Хабар» телеарнасы мен шымкенттік қаламгерлер шықса, екінші топта Тараз бен Қызылордадан келген журналистердің мысы басым болды. Жартылай финалға өткен төртінші билік өкілдерінің төрт командасы көрерменді тамсандырды. Жарыс қорытындысы бойынша шымкенттен келген «Оңтүстік Қазақстан облысы жазушылар одағының» командасы І орын қанжығасына байлап,  700 мың теңге сертификатпен марапатталды. ІІ орынды Қызылордадан келген «Ақ мешіт» командасы жеңіп алып, 500 мың теңге сертификатқа қол жеткізді. Үздік үштіктің қатарынан көрінген «Хабар» телеарнасының командасына 300 мың теңге сертификат табысталды. Әдемі ойын өрнегін көрсеткен қаламгерлер де марапаттан тыс қалмады. Қызылордадан келген «Ақ мешіт» командасының ойыншысы Әділбек Жақанов турнирдің үздік ойыншысы болып танылса, «Тараз» командасының ойыншысы Маулен Нұрмұхамед үздік қақпашы, «Хабар» командасының ойыншысы Нұрсұлтан Құрман үздік қорғаушы ретінде көзге түсті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *