МЕРЕЙДІҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ

25.05.201816470
02-1280x925.jpg

Сүйінші, ақсарбас! Ресейдің Благовещенск қаласында «Амурдағы чемпиондардың шайқасы» атты каратэнің киокушинкай түрінен өткен жарыста еліміздің намысын жыртқан жетісулық спортшы каратэден Азия және Әлем чемпионы Мерей Сүйінов жеңіспен оралды. Осыған орай ел абыройын асқақтатқан спортшыны күтіп алдық.

         Жиын грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтың алғысөзімен бастау алды.

– Бүгін біз үлкен қуанышты сәтте бас қосып отырмыз. Амурдағы чемпиондар айқасынан жеңіспен оралу толағай табыс. Мерей ел мақтанышы! Әрине, мұның барлығы үлкен еңбектің арқасында келетін дүние. Осы тұрғыдан алғанда бауырымыз жат жерде жүріп, еліміздің соның ішінде Алматы облысының саңлақтары мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Спортта Мерей секілді азаматтарымыз көп болсын. Алаштың абыройы арта берсін. Мерейдің жеңісі қазақ елінің жеңісі, – деп ізгі тілегін білдірді.

Талдықорғанға кіреберісте жеңімпазды құттықтауға келген жұрттың қарасы көп болды. Жиналған халық спортшыға көкейіндегі сауалдарын қойып, ақ тілектерін ақтарды. Мерей де мұқым жұрттың ізгі тілегінен кейін тебіреніске толы сезіммен сұрақтарына жауап берді.

 – Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Сайысқа Ресейдің Қиыр Шығысынан Амур, Благовещенск, Биробиджана, Хабаровск, Владивосток, Завитинск және Қазақстаннан жалпы саны 15 спортшы барып өзара шеберлік байқасты. Бәсекелестер тай боксы, ММА, каратэ, уушу-санда және кикбоксинг түрінен титулдық белбеулерді сарапқа салды. Бір сөзбен айтқанда Амурдың жергілікті саңлақтары жан-жақтан келген спортшылармен шеберлік байқасты десе болады. Мен Благовещенск қаласының жас талантты спортшысы Ярослав Молозев деген жігітпен жарыс алаңына шықтым. Ол Роман Нестеренко деген Әлем чемпионы дайындаған спортшының шәкірті. Жалпы, кездесуіміз тартысты өтті. Бағым жанып, сайыста жеңіске жеттім. Жарыстан өте жақсы әсер алдым, барлығы керемет болды. Дәл осындай жарыстар Ресейдің әр өңірінде болып тұрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, титулды жекпе-жектерді көбірек өткізіп, келешекте үлкен деңгейге шықсақ па деген мақсаттары бар, – деді.

Алаш туы көк аспанда қалықтауы үшін татами төрінде атой салып жүрген спортшымызға жарқын жеңістер тілейміз.

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *