Қанға – қан, жанға – жан!

12.09.201813890
-1280x1031.jpg

Головкин мен Альварестің қарымта шайқасы күллі әлем жанкүйерінің делебесін қоздырып отыр. Ойпырмай, не болар екен?

 

         Ассалаумағалейкум, Жетісу оқырмандары!

Сіздерге сәлем беріп отырған күндіз күміс, түнде алтын ағатын Қаратал өңірінің тумасы, Алматы облысының Құрметті азаматы, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы.

Біз тағы да үзеңгіге аяқ салып отырмыз, тағы да аттанып бара жатырмыз. Басты мақсатымыз, сонау Американың Невада штатында, оның Лас-Вегас қаласында өтетін Головкин мен Альварестің шайқасын көру. Көріп қана қоймай, сол жақтан Алматы облысының жанкүйерлеріне, қала берді «Жетісу» газетін жазғызып алатын республиканың оқырмандарына хабар таратпақпыз. Бұл жолғы шайқас өткен жолғы шайқастан өзгеше. Сол кезде жұдырықтасқан екі боксшымыздың тең түскенін өздеріңіз білесіздер. Одан бері қаншама су ақты, қаншама күн шығып, қайта ұясына батты. Осы аралықта түрлі әңгіме мен сан қилы оқиға болып, екі боксшының арасы тым шиеленісіп, достықтан гөрі бір-біріне жауға айналғандай. Осысымен өзгеше болмақ. Осындай тың ақпараттарды қоржыныма тоғытып, Жетісу жанкүйерлеріне дүркін-дүркін базарлық таратқандай ақпарат беруді жөн көрдім. Олай болса төмендегі жазбама назар аударайық.

Дәл қазір аяқ үзеңгіде тұр. Сапарымыз Астанадан – Парижге, Парижден – Америка Құрама Штаттарына. Оның Невада штатының Лас-Вегас қаласына аттанбақпыз. Бұл қала өткен жылдан бері Қазақстан бокс жанкүйерлеріне жақсы таныс. Осыдан тура бір жыл бұрын 16 қыркүйек күні Лас-Вегастың «T-Mobil» аренасында біздің Қазақстанның маңдайалды боксшысы, Майқұдықтан шыққан майталман Геннади Головкин Мексиканың беткеұстар боксшысы Канело Сауль Альвареспен шайқасқан болатын. Біз сол сапарда Америкадан сіздерге репортаждар жолдаған болатынбыз. Енді, міне, бір жылдан кейін қайта айналып сол қалаға аттанып барамыз. Қос мықтының арасындағы шайқас тағы қандай сиқырымен баурап алмақ. Әлем назары ауған бокс кеші, бізге қандай тосынсый ұсынбақ. Бізді не күтіп тұр, деген сауалдар мені де, сіздерді де мазалап отырғанын жақсы білемін. Әйтсе де, әліптің артын бағайық. Оны сол күні бокс кеші аяқталғасын білетін боламыз. Өткен жылы тең түскен боксшылардың арасындағы әңгіме әлі басыла қойған жоқ. Тіпті, шайқас жақындаған сайын одан ары маздағандай көрінеді. Сол кезде біздің боксшының екі-үш жұдырығы артық болса да, «Голден Бой» промоутерлік компаниясы және атлантикалық бокс комиссиясы бар, олардың қойған төрешілері тең түсті деп шешім шығарған болатын. Головкин ол шайқаста ортаға төрт белбеуін тастаған. Бұл жолы да белбеулері сарапқа салынады. Бүгінде екі боксшының арасы ит пен мысықтай болып кетті десем артық айтпағаным. Екеуі бір-біріне баспасөз арқылы, тікелей жолдаған сөздері шаршы алаңдағы жұдырықтан да ауыр тиіп жатыр. Кезінде орта салмақта бір-бірімен жаттығуды серіктес болып бастаған боксшылар қазір нағыз қарсыласқа айналды. Әрине, мұның барлығы шетелдегі бокстың әдіс-тәсілдері екенін айтуымызға болады. Осындай айтыс арқылы жанкүйерлердің де қызығушылығын арттырып отыр. Мұндай атыстың басы өткен жылдан басталған болатын. Бокс кеші аяқталысымен екі спортшымыз да мен жеңдім, мен жеңдім деп өз сөздерінен қайтпады. Головкин де менің жеңісім күмәнсіз, жеңісімді төрешілер ұрлап алды деген еді. Сауль болса құрығанда 8-9 раундта жеңіске жеттім, сондықтан төреші менің қолымды көтеруі тиіс деп шулады. Сол жарыстың басы-қасында болдым. Шайқас алдындағы барлық шарасына қатыстым. Шайқасты үш құлаш жерде отырып тамашаладым. Екеуінің де мықты боксшы екенін нағыз ашық айқасқа түскенін көрдім. Бұған дейін де екі боксшыны жоғары бағалайтынмын, сол күні құрметім тіптен артты десем де болады. Әрине, екеуінің айтысы көп. Бүгінге дейінгі айтқан сөздерінің біразына тоқталайын.

Головкин сен қалай жеңіске жеттің, шайқас кезінде қашып жүрмедің бе деп айтып салды. Ал Альварес болса мен қашқан жоқпын, ол бокстың тактикасы болатын. Мен қаша жүріп ұрыс салдым. Сендей ентелеп келетін боксшыны жеңудің жолы сол ғана. Мен сол тактиканы қолдандым деп соқты. Оған Головкиннің бапкері Авель Санчес сен шаршы алаңда қашып жүріп ұрыс салмадың, сенікі қорқып қашу болды, мен отыз жылдан бері талай мықтыны дайындағам әккі жаттықтырушымын. Бокстың майын ішіп, жілігін шаққан адамға анадай сөз айтуың ұят болады деді. Айтып отырған тактикаңа басқаша әдіс тауып қойдық, ол әдісіңмен алысқа бармайсың деп жауап қайтарған. Санчестің бұл сөзіне жасы кіші болса да Сауль Альварес өте ауыр жауап берді. Сен неғылған топассың деді. Шаршы алаңда қаша жүріп ұрыс салу мен қашуды айыра алмайтын. Альварестің бұл жауабына ренжіген Санчес салмақты дауыспен бұл ісің дұрыс емес. Сенің айтып отырған сөзің жеңістің дәлелі емес, қарымта шайқасты болдырмаудың амалы деп дүңк еткізді. Әрине, Саульдің де адамдары қарап қалсын ба. Олар да біраз сөзді қарша боратты. Оның артында да бір қауым ел тұрғаны белгілі. «Голден Бой промоуошенс»  компаниясының мүшесі, сол компанияны құрған вице-президент, заманында мықты боксшы болған бес салмақта жеті дүркін чемпион болған Оскар Де ла хоя да айқайға, айқай қосты.

– Санчес мырза сіз саспаңыз, ендігі кездесуде Головкиніңізді мұрттай ұшырамыз деп өзінің боксшысын жақтады. Осылай айтысып жүріп 5 мамыр күні бір мәмілеге келді. Екі боксшының жұдырықтасатын күнін белгілеп, дайындыққа кірісті. Өстіп жүргенде Саульдің қанынан допинг табылды деген ақпарат тарады. Яғни, кезінде Альварес допинг қолданған спортшы болып шықты. Допинг қолданған спортшының жағдайы белгілі. Оны атлантикалық бокс комиссиясы әбден тексеріп қарап, мойындатып, оны небары жарты жылға бокстан аластатты. Негізінен ағзасынан допинг табылған спортшыларды мүлдем қуатын немесе кемінде екі-үш жылға шеттететін. Бұл жолы ондай болмады. Қанша айтқанымен Сауль Алварес «Голден Бой промоушенс»  компаниясының сауын сиыры. Әрбір шайқасында 50-100 млн. қаржы әкелетін құнды тауары болып отыр. Сондықтан да, компанияның барлық басшылары жабылып жүріп, жарты жылға деп алып қалды. Әрине, араларында қандай әңгіме болғаны бізге белгісіз. Әйтеуір екі тарап кездесіп, қарымта шайқастың болатыны белгілі болды. Бұл жаңалықтан кейін екі тараптың арасындағы айтыс одан ары өршіп кетті. Оған сырттағы бокс мамандары, боксшылар, бапкерлер қосылды. Олар жарыста 18-10 деп есеп берген Берд деген төреші әйелді кінәлады. Бірі Головкин жеңді десе, екіншісі Сауль жеңді деп шықты. Ақырында қайта өткізу жоспарланды. Мұндағы себеп не? Барлығының ойлағаны үлкен табыста еді. Әрине, қызықтан гөрі, қарымта шайқастың әкелетін табысы орасан зор. Барлығы да осыны басты мақсат етіп тұтты.         Осы кеше ғана «Голден-Бой промоушенстің» вице-президенті Оскар Делахоя бокс кешінің қаржысы өткен жылғыдан да артық болады деген ақпарат айтты. Қосымша демеушілерден басқа АҚШ- та тікелей көрсетілім «РВІ» теле сатылымы биыл 2 млн.-нан асып кетті деді. Өткен жолы 1,6 млн.-ды құраған болатын. Оның бағасы 100 доллардан кем түспейді. Оның сыртында билеттерді қосыңыз. Өткен жолы билеттің ең арзаны 700 доллар болса, ең қымбаты 25 мың доллар болған. Бұл жай сөз емес. Оны өткен жылы да айтқан болатынмын. Биыл да осы есептен кем түспейтіні анық. Сонда есептеп көріңіз, қанша қаржы түсетінін. Бұл орасан зор табыс. Боксты ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты осыда. Сонымен бір жылдан кейін қарымта шайқас күллі әлемді қызықтырып отырғаны белгілі. Шаршы алаңда екі боксшы «қанға – қан, жанға – жан» – деп жұдырықтасатыны айдан анық. Біздің талантымыз да жасындай жарқылдайтыны сөзсіз. Головкиннің құдіретті боксшы екенін мен де сіздер де жақсы білесіздер. Сонау Афина Олимпиадасында финалда бокстасқан кезде арнайы көрген болатынмын. Сол кезден бастап, күшіне-күш, қайратына – қайрат қосты. Таланты одан ары артты десек қателеспейміз. Бүгінде оның нағыз қарсыласы осы Сауль Альварес екені даусыз. Ал салмақ өлшеу рәсімі де өтті. Бокстың шарты бойынша жарысқа отыз күн қалғанда бір рет, одан кейін жеті күн қалғанда қайта өлшенеді. Ол кездер өтті. Одан кейін бірігіп отырып баспасөз мәслихаты тағы бар. Мұның барлығы қызыққа толы болды. Ең қызығы екі боксшының арасының ушығып кеткені сонша бірге отырып баспасөз мәслихатын өткізбей, екі бөлек жерде берді. Альварес өзінің Мексикадағы Гвадалахара қаласының бір кеңсесінде отырып сөйледі. Геннади болса өзінің Калифорниядағы Биг-бэр жаттығатын орында отырып сөйледі. Мұндай жағдай өте сирек болады. Тіпті ауыр салмақтағы үш рет шайқасқан Мұхмамед Али мен  Джо Фрейзердің арасындағы кездесуде мұндай кезеңге барған жоқ. Соған қарағанда екі боксшының арасындағы кездесу қызыққа толы болмақ және осысымен жанкүйерлердің делебесін қоздырып отыр. Ал салмақ өлшеуде Головкиннің 74,6 келі болды. Шайқасқан кезде 72 келіден аспауы керек. Әрине, арада жеті күннің ішінде орнына келеді. Ал, Альварес өзінің қанша салмақ тартқанын білдірген жоқ. Ол өзінің салмағын құпия ұстайтын боксшы, оны мамандар айтып жүр. Өткен жылы салмақ өлшеуде Альварес бас тартқан болатын. Осының салдарынан оған «WBC» тұжырымының белдігін алуға құқы берілмеді. Мамандардың айтуы бойынша сол кезде Сауль 80 келі тартса, Гена 77 келі болған. Бүгінгі шайқас осыған келіп тіреліп тұр. Түрлі қызықтар болып жатыр. Оның барлығына тоқталу мүмкін емес. Қазіргі уақытта мамандардың пікірі де екіге жарылған. Әйгілі британиялық боксшы Леннокс Льюистің пікіріне құлақ ассақ, ол Головкин жеңеді деп отыр. Ол өткен жылы да жеңген деп баға берді. Мұнан да басқа атақты спортшылар көз тігіп отырғаны тағы бар. Ғасыр жекпе-жегінен ешқайысы да қалғысы келмейді. Мәселен, атақты төбелескіш Макгрегэор де ұрыстан қалмаймын деп, қолын ысқылап бокс кешін асыға күтуде. Ірі жарыстарды ұйымдастырушы Дана Уайт та барамын деп жүгін жинап қойған секілді.

Сонымен атқа қондық, Америка еліне аттандық. Құдай жол берсін! Сол жақтан сіздерге жақсы хабар жеткізуге Алла нәсіп етсін, қолдасын, қорғасын! Бізің талантты ұлымызға күш-қуат берсін!

 

  • Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
  • Лас-Вегастан арнайы “Жетісу” газеті үшін
  • Мақала “Жетісу” газетінен алынды

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *