Волейболшыларды қабылдады

19.10.201812390
DSC_5439-1280x853.jpg

            Санаулы күннен кейін Өскеменде әйелдер арасында волейболдан Қазақстан кубогы сарапқа салынады. Айтулы жарысқа әр өңірдің волейболшы қыздары тас-түйін дайындалып, командалар жарысқа сақадай сай тұр десе де болады. Жарыс болады дегенді естіген «Жетісу» қыздар командасы да оқу-жаттығу жыиндарын пысықтап, жарыстың басталуын күтіп отыр. Байрақты бәсекенің алдында облыс әкімі Амандық Баталов «Жетісу» волейбол клубының ұжымымен кездесті. Облыс басшысы команда құрамына алынған жаңа ойыншылармен танысып, клуб басшылығының алдына жаңа міндеттер жүктеді.

– “Жетісу» волейбол командасы бұған дейін ел чемпионатында жеті мәрте жеңіске жеткен команда. Өзіндік орны бар волейбол командасы біраз жылдан бері сол чемпиондық атаққа қол жеткізе алмай жүр. Оған қатты қапаланудың қажеті жоқ. Бір сәт төменгі сатыға түсу арқылы жеңістің бағасын сезінеміз және сол жетістікке жетуге бар күшімізді саламыз. Сәтін салса, алда Ұлттық лиганың 27-маусымы күтіп отыр. Жаңа жасақталған құраммен дүбірлі додада намысты қолдан бермейміз. Ол үшін біз өз тарапымыздын сіздерді жеңіске ынталандыру жолында барлық қолдау шараларын атқарып келеміз. Оқу-жаттығу жиындары өткізіліп, спорттық киім-кешектер мен жабдықтар толықтырылды, жаңа ойыншылармен келісімдер жасалды. Енді сіздерден алдағы уақытта жеңісті ойындар күтеміз, – деген облыс әкімі команда сапына жаңадан келген ойыншылардың аты-жөндерін атап, танысып шықты. Нақтырақ айтсақ, «Жетісу» командасын толықтырғандар қатарында қазақстандық волейбол клубтарының, сонымен қатар Түркия, Сербия, Украинаның Одесса командаларында ойнаған Анна Тарасова, Сара Лозо, “Олесья” Сафронова, Батиста Роблес, Татьяна Яцкив бар.

«Жетісудың» бас жаттықтырушысы Вячеслав Шапран облыс басшылығы тарапынан көрсетілген барлық қолдауларға ризашылығын білдірді. Команданың толық жасақталып болғанын тілге тиек етіп, жаттығуға толыққанды кіріскендерін айтты.

Команда капитаны Людмила Хабибуллина ұжымның тату екенін және ойын барысында үздік өнер көрсетуге барын салатындарын тілге тиек етті.

Команда капитанының сөзінен кейін Амандық Ғаббасұлы бұрынғы ойыншыларды сөзге тартып, алдағы ойын жайлы, жалпы жаттығулар барысы мен жағдайларын сұрап, ой бөлісті. Сөзінің соңында сыртта өтетін халықаралық жарыстарға қатысып, шеберліктерін шыңдап отыруды да ойластыру керектігін, мұндай шараларды облыс басшылығының қашанда қуаттайтынын жеткізді.

– Жалпы 2018 жылы «Жетісу» командасына 526,8 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, облыста жалпы спортқа деген қолдау өте жоғары. Соның нәтижесінде өңір спорты қарқын алып келеді. Оған биылғы футбол клубының жетістігі дәлел. Сондай-ақ, жастарымыз бен жасөспірімдеріміздің де нәтижесі жаман емес. Аргентинада өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарында біздің велошабандоздар мен дзюдошы ұлымыз алтын алды. Бұл дегеніміз үлкен қолдау мен тыңғылықты дайындықтың арқасы. Ендеше біздің де жеңіс тұғырына көтерілетін уақытымыз жетті. Алдағы жарыста сәтті өнер көрсетіп, чемпиондық атаққа қол жеткізу ғана қалды, – деп клуб ұжымына нақты тапсырма берді. Жиын соңында волейболшы қыздарға сәттілік тілеп, олармен бірге естелік суретке түсті.

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *