Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері!

09.11.201819990
.jpg

АСҚАР ӘБДІРАШЕВ.  Бұл азаматты 2001 жылдың күзінен бері білемін. Ол кезде мен Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы республикалық спорт интернатының директоры едім. Бойы ортадан жоғары, мығым денелі, ашаң жүзді жігіттің күреске деген сүйіспеншілігі айтқызбай-ақ сезіліп тұратын. Қазақи тәрбиемен өскен азамат сондай елгезек, ортасына сыйлы. Үлкеннің алдын кесіп өтпейді. Асқар сол жылдары отбасымен спорт интернатының ескілеу жатақханасында тұратын.
Жылдар жылжып өтіп жатты. Бір күні Асқардың бөлмесіне бардым. Есік қағып кірсем, іште өздерінен басқа бірнеше шәкірті отыр екен. «Ау, жігіттер, ағаларыңа қонаққа келдіңдер ме?» десем, балуан балалар қызарақтап, төмен қарай береді. Асқар болса, әлденеге ыңғайсызданған адамша күліп қояды. Сөйтсе, аумағы он сегіз шаршы метр шағын бөлмеде Асқар, зайыбы Әсел, сәбиі, тағы бес-алты спортшы бір жарым жылдан бері бірге тұрады екен. Мұндайда не істеуге болады? Он жеті, он сегіздегі өндірдей жастардың басқа паналайтын жері болса, бапкердің қуықтай бөлмесінде сығылысып жатпайтыны анық. Сол сәт, шыны керек, Асқардың мәрттігіне сүйсіндім, әрі Әсел келінге іштей қатты риза болдым. Содан әрекетке көштік. Асқар өзі тар бөлмеге жігіттерді жайдан-жай тұрғызып жатпағаны анық. Яғни, Әбдірашев бұл жастардың болашағына үміт артып отыр деген сөз. Екіншіден, бірнеше жыл спорт интернатында оқыған шәкірттерімізді далаға тастаған адамгершілікке жатпайды. Үшіншіден, қазір бұл балуандарды қолтығынан демеп жіберсек, күні ертең қазақ жұртына боз кілемнің талай несібесін алып келуі ғажап емес. Содан, не керек, интернатты бітіріп кеткен төрт балуанға бөлек бөлме де табылды. Соған орай Асқардың да арқа-басы кеңіп сала берді.
– Ағай, – дейді Асқар сол күндердің сырын ортаға салып. – Жаттықтырушының жалақысы мардымсыз екенін білесіз. Ал балуандарға тойып тамақ ішпесе, тағы болмайды. Содан интернат асханасының қызметкері Жанболатқа талай өтініш жасадым: спортшыларға ас дайындар кезде ірі қара малдың етін сүйегінен ажыратып алады. Мен Жанболатқа айтып, еті сылынған жілік пен қабырғаны үйіп әкелемін де, шетінен қазанға салғызамын. Біраздан кейін жілік пен қабырғаның сорпасы дайын болғанда үстіне картоп пен макарон салып жібереміз. Еті жоқ демесеңіз, ондай тіл үйіретін сорпаны басқа жерден таппайсыз. Жаттығудан іші ұлып келген біздер ыстық сорпаға нан қосып, тойып аламыз. Аллаға шүкір, шәкірттерім біздің үйдің туған баласындай болып кетті. Кейін Астанадан жер бұйырып, үй салдым. Үйдің жанындағы шағын баспананы бір топ шәкіртім тағы бірнеше жыл паналады. Аға, еңбек далаға кетпейді екен. Маңдай тердің өтеуі бар екен. Ең бастысы, ниет дұрыс болуы керек. Небір құқайға төзіп, небір қиындықтарға шыдап жүріп шәкірттеріммен бірге біраз асуды артқа тастадық.


Иә, Асқар шәкірттерін күреске баулумен қатар, оларға туған әкелеріндей қамқор бола білді. Нұрлан Бекжанов, Самат Жақыпов, Жамбыл Әбиров, Асхат Көсеповтар орта мектепті бітірген жылы Әбдірашев республикалық күрес федерациясынан хат алып, Еуразия ұлттық университетінің ректоры, белгілі мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың алдына барды. Мырзекең екі сөзге келген жоқ. Сөйтіп, Асқардың шәкірттері ұлттық университеттің спорт факультетіне оқуға түсті. Одан кейін де талай балуанның қамымен табанын тоздырды. Бір жыл емес, бес жыл емес, он бес жылдан бері Әбдірашевты арқа тұтып келе жатқан балуандар бар. Асқар болса, сол баяғы ақжарқын, кеңқолтық қалпынан айныған емес. Сол пейіліне қарай Алла Тағала Асқар пендесінің бапкерлік кәсіптегі нығметін арттырып, абыройын көтерумен келеді.
Нұрлан Бекжанов – еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2016 жыл, 70 келі ) атанған бірінші қазақ балуаны. Азия біріншілігінің күміс жүлдегері (2016). Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Батыс Қазақстан облысы, Бұлдырты ауылының тумасы. Алғашқы бапкері – Асқар Сәукелин. Асқар Әбдірашевтың қол астында 2002 жылдан бері жаттығады. Нұрлан жаратылысынан жылдам, әбжіл балуан. Қара күшке бай. Сабырлы, табанды жігіт. Осы жағын терең екшеп, байыппен зерделеген Асқар бапкер Нұрланның ыңғайына қарай – қолтыққа кіріп шиырып тастау және аяққа, қолтыққа сүңгу әдістерін әбден иін қандыра шыңдады. Алғашқы жаттықтырушысы Асқар Сәукелин үйреткен жамбас әдісін де тынбай жетілдірумен болды. Осындай жанкешті еңбектің әрі өзара шынайы сыйластықтың нәтижесінде Асқар Әбдірашев пен Нұрлан Бекжанов 2016 жылы әлем чемпионатының финалынан бір-ақ шықты. Қазақтың еркін күрес тарихын парақтайтын болсақ, дүниежүзілік чемпионаттың күміс медалін тұңғыш олжалаған балуан осы Нұрлан Бекжанов екен. Мән бере қарасақ, Асқар мен Нұржан осы бір тарихи жеңіске жету үшін табаны күректей 14 жыл арпалысыпты. 2016 жылға дейін Бекжанов Қазақстан чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда көзге түскені болмаса, Азия чемпионаттарында жүлдеге іліккен жоқ. Бапкер мен шәкірт сонда да алған беттерінен қайтпай, күрес шыңына жұптарын жазбастан бірге шықты. Бұл кезде Нұржан 29-ға толған еді.


Әсет Серікбаев – еркін күрестен Азия чемпионаты (2007, 55 келі) мен Азия кубогының (2005) күміс жүлдегері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Асқар бапкер мен Әсет балуан Алматы облысы, Сарқанд ауданы, Қарауылтөбе ауылының тумалары. Кезінде жалпақ дүниеге балуандығымен танылған Әбілсейіт Айханов пен Аманжол Бұғыбаев туып-өскен өңірдің азаматтары. Әсет Серікбаев екінші сыныптан бастап туған ауылында Асқар ағасынан тәлім ала бастады. Мұғалім отбасынан шыққан Әсет кісінің алдын кесіп өтпейтін тәрбиелі, өнегелі болып ер жетті. Бапкеріне ілесіп боз кілемде шағын ғана Қарауылтөбенің мәртебесін көтерген санаулы саңлақтың бірі осы Әсет еді. Асқар жасы жиырмадан аса бере жаттықтырушылыққа ден қойса, арада бірнеше жыл өткенде Қарауылтөбенің бірнеше қарадомалағы Қазақстан біріншілігінде үздік шығып, қарапайым ауылды ғана емес, бүкіл Сарқанд өңірін ду еткізген болатын. Сол серке балалардың алдыңғы шебінде кішкентай ғана Әсет те бар еді. Әсет Асқар бапкердің аузынан жалын бүріккен отты жылдарының жемісі. Ол 1998 жылы Мәскеудегі жасөспірімдер олимпиадасында төртінші орын алып, спорт шебері атанғанда Асқар бапкердің өз-өзіне деген сенімі нығая түскен. Ал келесі, 1999 жылы 17 жасар Әсет жастар арасындағы Азия чемпионатына, Иранға баратын болды. Бірақ жолға қаражат жоқ. Содан ауылдастары барын ортаға салды. Бір ауылдасы Асқарға екі сиырын әкеп берді. Кәсіпкер жерлесі бір жарым тонна бидай берді. Бір ағайындар ақшасын, енді бірі қойын ортаға салды. Сөйтіп, жүз үйден асатын Қарауылтөбе ауылы Асқар мен Әсеттің жолақысын жинап, қалталарына салып берді. Көп тілеуі – көл. Әсет Қарауылтөбеден шыққан тұңғыш Азия чемпионы мәртебесіне қол жеткізді. Ауыл арқа-жарқа боп, екі батырдың құрметіне дүркіретіп той жасады. Асқар мен Әсет бұдан кейін де ауылдастарын сан мәрте қуанышқа бөледі.
Қарауылтөбенің ақжолтай балуаны Әсет Серікбаев қазір еркін күрестен Қазақ елі құрамасының бас бапкері. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы», деген осы болар.
Мақсат Дауылбаев – еркін күрестен Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2012). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасы. Қажымұқан спорт интернатындағы шәкірттердің ішінен бөле-жарып айтатын баланың бірі осы Мақсат еді. Астанаға жетінші сыныпта келді. Құлағынан күн көрінетін, тарамыстай қатқан жұқа бала. Көп сөзге жоқ. Көргенді, әрі еңбекқор. Сабақты да жақсы оқыды. Мына жағдай әлі есімде. 2001 жылы президент мұражайының кең залында әлем чемпионы, екі бірдей олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлықановпен оқушылардың кездесуін ұйымдастырдық. Кеш өте әсерлі өтті. Содан оқушыларға осы кештен алған әсерлеріңді қағазға түсіріңдер, деп тапсырма бердік. Межелі уақытта алдыма сан алуан қолтаңбамен бір бума қағаз келді. Әр жазба әр баланың жан дүниесінен сыр шертіп тұрғандай… Бір кезде «Дәулет ағаға ұқсап, әлем чемпионы болғым келеді!» деген жазу көзіме оттай басылды. Жазған Мақсат екен. Тұла бойым ду ете қалды. Сол күннен бастап осы баланы назарда ұстауға тырыстым.
… 2012 жылы Мақсат балуан 66 келі салмақта Қазақстан чемпионатын ұтып, ересектер арасындағы Азия біріншілігінде күміс тұғырға табан тіреді. Бірақ, тағдырға не шара, әдіс-айлаға келгенде оңы мен солын талғамай, қарсыласын шырқ үйіріп, дегелең қақтыратын Мақсат Дауылбаев Лондон олимпиадасына барған жоқ. Сол жылы ақ сұңқар құстың сойындай нағыз шамырқанған шағында – 23 жасында күресті біржола доғарды. Жұмбақ…


Саятбек Оқасов – еркін күрестен Азия ойындарының қола жүлдегері (2018, 65 келі). Александр Медведь жүлдесі үшін Гран-При жарысының жеңімпазы (2014). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Павлодар облысы, Баянауыл ауданының тумасы. Алғашқы бапкері Оразәлі Мұхамедәлинов. Павлодардағы облыстық спорт интернатынан оқудан шығып қалған Саятбек 2006 жылдан Асқар Әбдірашевтың қол астында жаттығады. «Саятбектің қырсық мінезі бар, – дейді Асқар бапкер. – 2009 жылы осы мінезінен республиканың жастар құрамасынан шығып қала жаздады. Бас бапкер Алтай Танабаевқа көп рахмет, сөзімді жерге тастамай, оны Азия чемпионатына алып барды. Ал Саятбек құрылық чемпионы болған сәттегі Алтай ағаның қуанышын көрсеңіз. Жігіттердің Саятбек секілді кеуделі болғаны да жақсы. Мен оны жасытып алмайын деп, тізеге салған жоқпын. Інілер бізге еркелемегенде, кімге еркелейді…»
Қажымұқан атындағы республикалық спорт интернатында екі жыл оқыған Саятбек қазір 27-де. Балуан ретінде нағыз толысып, шыңдалған кезі.
Асқарлар саясы мол бәйтерек тәрізді. Қазақылықтың тартпасы босаған тұста осындай азаматтардың орны бөлек болады екен.
Қыдырбек Рысбек.
Жас Алаш. 08.11.2018

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Әбдірашев (ортада), шәкірттері Нұрлан Бекжанов (сол жақта), жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Самат Жақыпов (оң жақта).
Әсет Серікбаев.
Мақсат Дауылбаев (сол жақта
Саятбек Оқасов пен бапкері Асқар Әбдірашев (оң жақта).

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *