АУДАНДЫҚ АШЫҚ ТУРНИР

06.12.2018200
.jpg

Сарқан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай жасөспірімдер арасында бокстан жалпыаудандық ашық турнир өтті. Аталмыш додаға Кербұлақ, Алакөл, Ақсу, Көксу, Сарқан аудандарынан және Қапшағай, Талдықорған қаласынан жалпы саны 200-ге жуық спортшы қатысты.

Жарыстың өтуіне аудан әкімдігі мен жастар саясаты ұйытқы болған. Мұндағы негізгі мақсат – бокс спортының мәртебесін көтере отырып, жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Салтанатты шарада аудан әкімі жиналған жұртты айтулы мерекемен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Марат Разбеков осындай жарыстарды өткізу арқылы жас боксшылардың тәжірбиесі шыңдалатынын атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир ауданда тұңғыш рет өтіп отыр. Жарысқа негізінен 2004-2012 жылғы жасөспірімдер келген. Жалпы, төрт күнге созылған турнир тартысты өрбіді. Боксшылар шаршы алаңда барын салып, үздік өнер көрсетуге тырысып бақты. Он команда қатысқан бәсекеде Алмалы ауылынан келген жастардың мерейі үстем болды. Жарыс жеңімпаздары кубок, медаль және арнайы алғыс хаттармен марапатталды. «Бұл турнирге ауылымыздан 25 бала қатысты. Оның ішіндегі жетеуі І орынды ұтып алды. Сонымен қатар, 18 баланың тең жартысы ІІ және қалған тоғызы ІІІ орынды иеленді», — дейді Алмалы ауылының бапкері Азамат Қалиев. Оның айтуынша, бүгінде Алмалы ауылында бокспен 50-ден астам бала шұғылданады. Олардың жетістіктері де айтарлықтай. Араларында облыстық, халықаралық жарыстардан жүлдемен оралғандары бар. Сондай-ақ, бокстан бөлек ауылда қол күрес, еркін күрес үйірмелері де жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтқанда, ауыл жастары бос уақыттарын тиімді пайдаланып, спортқа ден қойған. Бапкердің сөзіне сүйенсек, турнирді өткізу туралы ұсынысты ауыл жастары жасаған. Ал, аудан әкімдігі бұл бастаманы бірден қолдап, жарыстың өтуіне мұрындық болған екен. Енді олар аталмыш дода дәстүрлі түрде өтіп тұрса деген тілектерін алға тартып отыр. «Егер ойлағанымыз іске асып жатса, бұл жастарымыз үшін өте тиімді болар еді»,— дейді Азамат Қалиев.

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *