Дәулет Шабанбай Олимпиада чемпионы

18.01.201910840
50271377_2066540150060884_7492592485349195776_n.jpg

2012 жылғы Лондон Олимпиадасында жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, бесінші орынды иеленген павлодарлық еркін күрес балуаны Дәулет Шабанбай араға бірнеше жыл салып Олимпиаданың қола жүлдегері атанды! Енді ол Павлодар облысы бойынша жазғы Олимпия ойындарының жүлдесін иеленген алғашқы спортшы және алғашқы қазақ!
Дәулетті, оның әкесі Еркін ағайды, бапкері Ораз Мұхаметәлінов пен Жанат Усинді, барша павлодарлықтарды шын жүректен құттықтаймын! Енді Дәулет қалайша жүлдегер атанғанын түсіндірейін. Жерлесіміз Лондонда 120 келіде өнер көрсеткенін білеміз. Бұл салмақта өзбекстандық Артур Таймазов топ жарған-ды. Екінші орынды грузиялық Давид Модзманашвили иеленді. Үшінші орынды ресейлік Біләл Махов пен ирандық Комейл Гасеми олжалады. Күміс жүлдегер Давид Модзманашвилидің допинг-сынамасы дұрыс болмай шығыпты. Осыған орай Халықаралық Олимпиада комитеті өз үкімін шығарды. Осылайша, Давидтің Олимпиададағы нәтижесі жойылды. Грузиялық балуан жартылай финалда Біләл Маховты ұтқан-ды. Давид жүлдеден қағылған соң, алты жыл бұрын оған есесі кеткен Махов күтпеген жерден күміс жүлдегер боп оянды. Ал бұл Біләлің үшінші орын үшін болған тартыста біздің Дәулетті тізерлеткен еді. Сәйкесінше, Біләл күміс жүлдегер атанған соң, одан ұтылған Дәулет қола жүлдені қанжығалап отыр.
Игіліктің ерте-кеші жоқ. 27 жыл бойы жазғы Олимпиададан бірде-бір медаль ала алмай келген Павлодар облысына Құдайдың назары бір түсті-ау. Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда жазғы Олимпиададан жүлде алмаған бір ғана облыс бар-дын. Ол Павлодар облысы еді…

 

Фархат АМРЕНОВ

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *