БАҚ ӨКІЛДЕРІНІҢ БӘСЕКЕСІ

04.07.2019240
.jpg

 

Талдықорғанда қазақ спорт журналистикасының қара нары Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында республикалық турнир өтті. Дәстүрлі додаға 8 команда қатысты

Шараның шымылдығы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әріннің алғысөзімен түрілді.

– Сейдахмет Бердіқұлов – көрнекті жазушы, редакторлық мектеп қалыптастырған даңқты қаламгер-публицист, спорт журналистикасын қатар алып жүрген ерекше тұлға. Журналистиканың хас шеберінің дәстүрлі турнирі өз жерінде облыс орталығы Талдықорған шаһарында тұңғыш рет жалауын желбіретті. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады деген үміттеміз. Шығармашылықтың қазанында қайнаған қаламгерлердің   додасы жоғары деңгейде өтуіне тілектеспін. Тек мықтылар жеңіске жетсін, – деп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Өз кезегінде сөз алған Сейдахмет Бердіқұловтың ұлы Заңғар Бердіқұлов жарыстың өтуіне мұрындық болған облыстық ішкі саясат басқармасына ризашылығын білдірді.

Осыдан кейін дүбірлі дода басталды. Командалар екі топқа бөлініп, өзара үздіктерін анықтады. Қай салаға салсаң да түрен салатын публицистика шеберлері теңбіл доп тебуден де осал еместігін көрсетті. Қаламгерлердің жарысқа тыңғылықты дайындықпен келгені көрініп тұр. Алғашқы айналымнан-ақ алма-кезек шабуылға шыққан командалар әдемі ойын өрнегін көрсетіп, қарша боратқан соққыларымен танылды.

Нәтижесінде, жартылай финалға «Шығыс – ақпарат» (Өскемен қаласы), «Хабар» (Нұр-Сұлтан қаласы), «Тұран» (Талдықорған қаласы) және «Апорт» (Алматы қаласы) командалары шықты. Кіл мықтылардың бәсекесі тартысқа толы болды. Бұл сында «Хабар» 4:2 есебімен «Тұранды» ұтса, «Апорт» «Шығыс – ақпарат» құрамасын ойын соңындағы пенальтиден жеңді. Ақтық сында «Хабар» мен «Апорт» жеңістің желкенін көтеру үшін барын салса, «Тұран» мен «Шығыс – ақпарат» командалары қола жүлдені сарапқа салды.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды «Хабар» олжаласа, ІІ орынды «Апорт» командасы қанжығасына байлады. Ал ІІІ орын «Тұран» командасына бұйырды. Турнирдің І орын жеңімпазына Алакөлге демалуға жолдама берілді. Екінші орын иегерлеріне 250 мың теңгелік «NIKE» спорт дүкенінің дисконт картасы, үздік үштіктен көрінгендерге «Sony playstation – 4» ойын құрылғысы табысталды. Сондай-ақ, «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ардагер ойыншы» және «Үздік қорғаушы» аталымдары бойынша бірнеше ойыншы марапатталды.

Айдар ҚАЛИЕВ

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *