«GRAN FONDO» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

04.07.2019700
.jpg

       Жер жаннаты Жетісудың төрінде велоспорттан халықаралық «GRAN FONDO KAZAKHSTAN – TOUR of ZHETYSU» турнирі өтті. Облыстық туризм басқармасы және велоспорт федерациясы ұйымдастырған жарысқа алыс-жақын шет елдер мен ТМД мемлекеттерінен келген 300-ге жуық спортшы қатысты.

Шара ҚР велоспорт федерациясының вице президенті Райымбек Баталовтың алғысөзімен бастау алды.

– Осымен төртінші жыл қатарынан жалауын желбіреткен доданың басты мақсаты облыстағы туризм мен велоспортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау. Жыл сайын жарысқа қатысушылардың қатары артып келеді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Осыған орай жарысты ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Облысымызда велоспорт қарқынды дамып келеді. Оған дәлел Азия чемпионатында жеңіс туын желбіреткен жастарымыз, – дей келе Байрақты бәсекеде ел намыс қорғап жүрген өрендерді марапаттады. Осыдан кейін сайысқа келген қонақтар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Талдықорғаннан бастау алып, Мұқыры ауылында жалғасқан жарыста спортшылар облысымыздың ең көрікті жерлерімен жүріп өтті. Дүбірлі додада вело шабандоздар қос дөңгелекті диірменше айналдырып, барын салып өнер көрсетті. Екі күнге созылған дүбірлі додада кіл жүйріктер 104 шақырымды бағындырды. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағазы, медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Айдар ҚАЛИЕВ

 

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *