ЖЕТІСУ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН КҮТІП АЛДЫ

13.02.202011040
SKK7090.jpg

             Жуырда Тайланд мемлекетінде велосипед спортының маунтинбайк түрінен ересектер арасында Азия чемпионаты өтті. 15 мемлекеттен 70 спортшы қатысқан жарыста облысымыздың намысын қорғаған велошабандоздар жүлделі оралды. Осыған орай эстафета жарысында қола медальді иеленген Дамир Тұрсынқали мен күміс жүлдегер атанған Денис Сергиенконы күтіп алды.

Жиында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев:

– Бүгін біз үлкен қуанышты сәтте бас қосып отырмыз. Азия біріншілігінде жүлделі орын алу толағай табыс. Сондықтан оғландардың жеңісі біздің жеңіс, – дей келе спортшыларды құттықтап, ақ тілегін арнады.

«Жастар» спорт сарайына Дамир Тұрсынқали мен Денис Сергиенконы құттықтауға жиналған жұрттың қарасы көп болды. Халық қос спортшыға көкейіндегі сауалдарын қойып, ақжарма тілегін арнады. Велоспортта оза шауып жүрген саңлақтардың қуанышында шек жоқ. Олар мұқым жұрттың ізгі тілегінен кейін тебіреніске толы сезіммен сұрақтарына жауап берді.

– Жарыс тартысты өтті. Алтын алу жоспарда болды. Бірақ, күміспен күптелдім. Дода барысында екінші орындағы жапондық спортшыны басып озғаныммен, қытайлық шабандозды қуып жете алмадым. Алдағы жарыстарда алтынмен апталуға тырысамын, – деді Денис Сергиенко.

Айта кетейік, спортшыларымыз Азия біріншілігінен кейін Шымкентте өткен ел чемпионатында да сәтті өнер көрсетті. Денис ересектер арасында «кросста» тұғырдың екінші сатысынан көрінсе, Дамир Тұрсынқали маунтинбайк спортының «крест» түрі бойынша күміс, «Иллюминатор» түрінен қола жүлдені қанжығасына байлады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *