АБЫЛАЙХАННЫҢ АҚ ЖОЛЫ

25.06.202013940
2020_05_27_a-1-1280x853.jpg

Иә, бұл Серік Сәпиевтің әлем чемпионы атағын алғаш иемденген 2005 жыл еді. Кеншілердің Абай атты шағын қаласы қайсар ұлының жеңісіне шаттанып, ата-аналар балаларын топ-тобымен бокс үйірмесіне беріп жатқан мезгіл-тін. Бірақ, дәл сол кезде күндердің бір күнінде саңлақ Сәпиевтің құтты орынын басатын бір ұяң балақайдың да бокс залының табалдырығын имене аттағанын жан баласы білмеген еді…

Жасынан жасындай жарқылдаған

Арқа төсінен шыққан былғары қолғап шебері Абылайхан Жүсіповтің бүгінге дейінгі спорттық жолына қарап отырсаңыз, жасөспірімдер мен жастар арасындағы додаларда мұның алмаған жүлдесі жоқ екен.

Ең алдымен 15-ке жасы толғанда Ресейдің Якутск қаласында ұйымдастырылған «Азия балалары» атты халықаралық ойындар турнирінде топ жарып, өзінің спорттық мансабындағы жеңісті жолына батыл қадам жасапты. Арада бір жыл өткенде дарынды жас Шымкентте өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Сол жылдың күзінде Украина астанасында жалау көтерген әлем чемпионатына барып,  алтын жүлдемен оралды. Жолындағының бәрін қоғадай жапырған бозбаланы 2013 жылы Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) «Ең үздік жас боксшы» ретінде ресми түрде таныған.

Буыны бекіп, бұлшық еті бұлтия бастаған бозбала бір жылдан кейін жастар арасындағы айқастарға білек сыбана кірісті. Ел ішіндегі жарыстарда өзіне төтеп беретін қарсылас таппаған соң, Таиландтың Бангкогында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатына аттанды. Салмағы өсіп, 60 кило дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан чемпион болғаны өз алдына, аталған   турнирдің ең үздік боксшысы атанды. Азия чемпионатының алтын медалін қанжығаға байлаған соң, сол жылдың сәуір айында жастар арасындағы әлем чемпионатына берілген жолдаманы қалтаға салып, Болгарияның астанасы Софияны бетке алды. Қарт құрылықтың төрінде бабы мен бағы қатар шапқан өрен жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.

Сол жылы, яғни 2014 жылдың тамыз айында Қытайдың Нанкин қаласында ІІ жазғы Жасөспірімдер олимпиадасының алауы жағылды. Шаршы алаңға 60 кило салмақ дәрежесінде көтерілген Абылайхан Жүсіпов өзіне артылған ел сенімін абыроймен ақтап, алтыннан медаль тағынды. Шешуші жекпе-жекте ол сол кезде әлем чемпионы деген атағы бар кубалық Алэн Лимонте Будені тізе бүктірген еді.

Міне, осындай дүбірлі жеңістерден кейін мамандар мен бокссүйер қауым Абылайхан Жүсіповті бұл кезде спорттық мансабын аяқтаған Серік Сәпиевті алмастыруға Жаратқанның өзі жіберген таңдаулысы  ретінде қарай бастады. Мұны  қазақ боксына жауапты тұлғалардың он сегізге жасы толмаған жас періні Қарағандыда өткен Ғалым Жарылғапов атындағы XXXI халықаралық турнирдің додасына қосқанынан-ақ аңғаруға болушы еді.  Ал бұл жарыс сүйегі қатқан ересектер арасындағы айтулы доданың бірі-тұғын.

Бокс деген жас екенсің деп басыңнан сипай қоймайтын спорттың қатал  түрі. Оның үстіне, Абылайхан өнер көрсеткен 64 кило салмақ дәрежесінде еліміздің ең мықты боксшыларының басы түйіскенін есепке алсақ, мұндай додаға  алғаш түскелі тұрған алғадай жасқа аянышпен қарағандар да көп еді. Бірақ, сақа жігіттердің сарт-сұрт еткен сұрапыл соққыларына төтеп бергені өз алдына, қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен жеңіп, Абылайхан турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды. Сол жарыстан үйіне жаяу қайтпады: темір тұлпарды тақымына басып қайтқан.

«Жарылғаповтың турнирінде» топ жару дегеніңіз, Абылайхан Жүсіпов үшін ересектер арасындағы додаларға есік айқара ашылды деген сөз еді. Жасыратыны жоқ, боксқа қатысы бар жұрттың бәрінің көкейінде сол кезде 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін жазғы Олимпиада тұрған еді…

Бағы жанды деген сол емес пе, көп ұзамай жас жігіт Қазақстанның Ұлттық құрама командасының сапына шақырту алды.

 

Ересектер арасында еңсесі тік

Ел боксының бас командасы сапындағы алғашқы турнирінде топ жарып, өзіне сенім артқанмен, қалай болар екен деп іштей алаңдаған бапкерлерінің  жүрегін орнына түсірді. Венгрияда өткен Иштван Бочкаи атындағы жарыстың шешуші жекпе-жегінде Еуропа ойындарының чемпионы, Әзербайжан елінің атынан сынға түскен кубалық Лоренцо Сотомайорды сұлатып, алтын жүлдені қанжығаға байлады.

Арада аз ғана уақыт өткенде Олимпиада жолдамасы үшін болатын айқастар да келіп жеткен болатын. Абылайхан 2016 жылдың сәуір айында Қытайда өткен Азия бойынша іріктеу турнирінде чемпион атанып, Рио-2016 Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

Рас, Абылайхан Жүсіповтің ересектер арасындағы өнеріне біржақты баға беруге болмас еді. Жастардың арасынан бұзып-жарып енгенімен, ересектер боксы бұған жылы қабақ таныта қоймады. Ең алғаш рет Риодағы Олимпия ойындарында шалғысы тасқа тиді. Бірінші жекпе-жегінде жеңіліп, салы суға кетіп, үйге қайтқан. Жанкүйер жазғанда да жас қой деп көңілді жұбатқан басқа амал қалмаған…

Олимпиададан кейінгі ірі жарысы 2017 жылы Ташкенттегі мамыр айында өткен Азия чемпионаты еді. Абылайхан бұл сында финалға дейін жеткенімен, ринг иесі, Рио-2016 Олимпиадасының күміс жүлдегері Шахрам Гиясовқа есе жіберді. Сол жылдың күзінде ол Гамбургтегі әлем чемпионатында 69 кило салмақта рингке көтерілді. Жартылай финалға жетіп, онда тағы да Шахрам Гиясовпен болған шайқаста жеңілістің кермек дәмін татты. Қола жүлде алды демесеңіз, бұл жас боксшы үшін өзекті өртеген өкініш еді, әрине…

Келесі жылы Астанада Азиадаға іріктеу додасы ретінде ұйымдастырылған Қазақстан Президентінің кубогы сынында өзінің басты қарсыласы Асланбек Шынбергеновпен финалда қолғап түйістіре алмады. Себеп – жартылай финалда өзбек боксшымен болған айқаста Абылайхан маңдайы жарылып, жарақат алып қалған еді. Соның салдарынан тамыз айында Индонезияда өткен Азия ойындарындағы бокс жарысын үйде отырып тамашалауына тура келген.

Шынбергеновпен арадағы кім мықтыны анықтаудың сәті сол жылдың қараша айында Ақтауда өткен ел чемпионатында келген. Финалда ол қарсыласын ауыр нокдаунға түсіріп, Ұлттық құрама сапындағы өз орынын қайтарып алды.

Былтыр Ресейдің Екатеринбург қаласында болған әлем чемпионатында орыс боксшысы, баяғыда Серік Сәпиевпен талай қолғап түйістірген Андрей Замковойдан жартылай финалда жеңіліп, қола медальмен елге көңілсіздеу оралды…

Абылайхан Жүсіпов бала кезінен бокстағы пір тұтқаным Серік Сәпиев деп келді. Былайғы жұрт та екеуінің шаршы алаңдағы мәнерінен ұқсастық іздеп, әуреге түсті. Бірақ, бұлардың бокстасу амалында айтарлықтай айырмашылық бар еді. Мәселен, Сәпиевтің заманында боксшылар рингке шлем киіп шығатын және ол кезде бокс қолғабы да басқаша болатын. Нақтырақ айтқанда, жұдырық толықтай жұмылмайтын да, сәйкесінше соққының күші де осалдау болатын. Жылдамдық, техникалық шеберлікті айтпағанда, мұның өзі жекпе-жектің тактикасын құруға айтарлықтай ықпалын тигізуші еді.

Бұл турасында майталман маманның, Әлем кубогының иегері Аркадий Топаевтың жаттықтырушысы  Қанат Жақсыбаевтың пікірі біздің ойды қуаттай түседі. «Серік Сәпиев пен Абылайханның түлеп ұшқан ұясы бір – Абай бокс мектебі. Сол себепті де екеуінің мәнерінде ұқсастық болуы заңды. Екеуі де аяқпен жұмыс істеуге және техникаға қатты мән береді. Дегенмен, бажайлап қарасаңыз, екеуінің мәнері бәрібір де екі түрлі. Мәселен, Жүсіповтің соққылары салмақтырақ, керек жерінде ашық айқасқа барудан тайынбайды. Кейінгі кезде дененің күш-қуатын арттыруға көңіл бөліп жүргені байқалады. Рингтегі қимыл-қозғалысының үйлесімі аса келісті. Үнемі ойлы бокс жасайтын үздік шебердің бірі», дейді әйгілі бапкер сүйсінісін жасыра алмай.

Рас, кейінгі кездері Жүсіповтің атына соққылары әлсіздеу деген сын айтылып жүрді. Тіпті, Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевтың өзі бір сұхбатында Абылайханға дене күшін арттыру керек деген болатын. Әлбетте, ақылды боксшы Абылайхан өзінің кемшін тұстарын жақсы біледі деген ойдамыз. Ол үнемі ізденіс үстінде жүретін спортшы. Кейінгі кездері бокс мамандары оның бұлшық еттерінің сыртқа теуіп, соққыларының да едәуір салмақ қоса түскенін байқап жүр. Мұны боксшының сыннан қорытынды шығарып, кемшілікпен жұмыс істей білген еңбегінің жемісі деп бағалалған жөн шығар.

123

«Ортаншыға оқ тимес»

Жалпы, «Абай бокс мектебінің» даңқына елімізді былай қойғанда, күллі әлем қанық. Кәсіпқой бокста әлем чемпионы атағын иемденген Наталья Рагозина мен Олег Маскаев, Еуропа чемпионы, атақты Серік Нұрқазов пен Олимпиада жеңімпазы Серік Сәпиев осы шағын қаладағы бокс үйірмесінен шыңдалып шыққан. Бұлар және басқа да небір талантты боксшылар атақты Андрей Райш негізін қалаған, Александр Стрельников ісін жалғаған мектептің түлектері еді.

Міне, осы бокс мектебінің табалдырығын бала Абылайхан жеті жасында аттады. Алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін әкесі жетектеп әкеліп, кезінде шаршы алаңның шаңын талай қаққан, «Спорт шебері» деген құрметті атағы бар Бауыржан Аманбаев бапкерлік ететін үйірмеге жаздырған.

Абылайхан жұдырықтай кезінен тәртіпке бағынған, еңбекқорлық қанына сіңген бала еді. Содан да болар, бапкерінің айтқанын екі еткізбейтін. Шелектеп тер төгілді, жүйкенің де жұқарған кездері болған. Дегенмен, жаттықтырушы мен жанам деген бала бокс деген өнердің өлкесіндегі айқын мақсаттың жолына адаспай түскен еді. Сол кезде негізі қаланған бапкер мен шәкірт арасындағы  одақ екеуін де бүгінгі күннің биігіне шығарды. «Өмірдегі әкемнен кейінгі ұстазым осы кісі», деген Абылайханның сөзі бапкеріне берілген бағаның ең жоғарысы еді.

Былтыр Абылайхан Қарағандының Индира есімді аруымен көңіл жарастырып, отау тікті. Жас келін де тегін адам емес: «Шамшырақ» атты би ансамблінің жетекшісі. «Келіннің аяғынан» деген бар ғой, үйлене салысымен  Иорданияның астанасы Амманға аттанып, онда өткен Азия және Мұхит жағалауы елдерінің лицензиялық турнирінде атой салды. Өзінің өміріндегі екінші Олимпиадасының арман еткен жолдамасына қол жеткізді.

«Абылайханның болашағы алда, – дейді Қарағандыдағы Жоғары жетістіктер спорты мектебінің директоры Данияр Мыңбаев. – Жасөспірімдер мен жастар арасында дәл Абылайхандай атағы бар боксшы ТМД аумағында жоқ деп ойлаймын. Қазір ол ересектер бойынша Ұлттық құрамадағы нәтижелі шебердің бірі. Барған жарыстың барлығынан жүлдемен оралып жүр. Бұл оның өз ісіне деген кәсіби тұрғыдағы зор жауапкершілігін көрсетеді».

Иә, әлемдік бокста 69 килоны бейресми түрде «Қазақтың салмағы» дейді. Айтса, айтқандай-ақ: Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев және Данияр Елеусінов осы салмақта олимптің шыңына шықты емес пе?! Осы тұрғыдан келгенде, Абылайхан Жүсіповтей жампозға артылған жауапкершілік жүгі жеңіл емес. «Алдыңдағы ағаларың шыққан шың тым биік. Ел сенен де сондай жетістік күтеді. Жалпы, «Қазақтың салмағы» дегеннің салмағын қалай сезінесің? Психологиялық тұрғыда әсері ауыр емес пе?», деп сұрағанымызда жас жігіттің байсалды түрде берген жауабы көкейге қонымды шықты. «Мен ғана емес, құрамадағы Олимпиада жолдамасын жеңіп алған әріптестерімнің барлығы да жауапкершілікті сезінеді. Өзіне сенімді адамға алынбайтын асу жоқ деп ойлаймын», деген ойлы жас.

Ойлы жас демекші, біздің кейіпкер орта мектепті «Алтын белгіге» бітіруі тиіс еді. Әттең, ҰБТ-дағы жетпей қалған аз ғана баллдың өкінтіп кеткені болмағанда… Ойлап қарасаңыз, Абылайханның мысалы бәзбіреулердің боксқа сабақты нашар оқыған, бұзық балалар ғана барады деген пікірінің тым қисынсыз екеніне көзіңізді жеткізе түседі. Иә, шаршы алаңда кәнігі шахматшыдай екі-үш жүрісіңді бұрын ойластырып, ақылды бокстың амалын  көрсету үшін баста білім, жүректе от болмайынша, құр жұдырық жеткіліксіз!

Былтыр Абылайхан Қарағандыдағы экономикалық университеттің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» біліктілігі бойынша тәмамдады. Қазір осы оқу орнында менеджмент мамандығының магистранты.

Қазақ баланың ортаншысына ерекше мән беріп қарайды, «Ортаншыға оқ тимес», деп көтермелейтіні сондықтан. Қарапайым отбасынан шыққан Абылайхан да үйдегі үш ұл, екі қыздың ортаншысы.

Қарағанды қазақы тәрбиені бойына сіңірген, мінезі көркем батыр ұлын бағалай біледі. Былтыр жаңа үйден пәтер сыйлап, ішін жиһаз бен тұрмысқа қажетті дүниемен толтырып берді. Облыстың атынан ұсынылып, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасының жылнамасына аты жазылды.

Өкінішке қарай, күллі әлемге әмірін жүргізген коронавирустың кесірінен Токио олимпиадасының өтетін мерзімі келесі жылға қалдырылды.  Амал қанша, Абылайхан да әлемнің өзге ең мықты спортшылары сияқты іштен тынып жүр. Былғары қолғап шеберіне «Олимпиада чемпионы болсам» деген арзу арманын тағы бір жылға аялдата тұруға тура келеді.

P.S. Абылайхандай алтын ұлдан Қарағанды ғана емес, барша қазақ тақым қысып жеңіс күтеді. Токиодан тарланым жарқыратып алтынмен келсе деп тілейді. «Бір жағынан алып қарағанда, – дейді Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, – Токио Олимпиадасының кейінге шегерілгенін үлкен мүмкіндік деп те қарастыруға болады. Өйткені, біздің Абылайхан өзінің өміріндегі ең басты додасына есейген, күшейген қалпында барады деген үміт бар. Қазаққа қасиеті өткен Абылайхан деген атқа кір келтірмей, намысты қолдан бермес деген сенімдеміз».

 Қайрат ӘБІЛДА

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *