Майк ТАЙСОН: ҚҰДАЙДАН ҒАНА ҚОРҚАМЫН

25.06.202017290
105921359_2583965208521959_6144739439043183161_n.jpg
Майк Та́йсон (ағылшынша – Michael Gerard “Mike” Tyson) – 1966 жылдың 30 маусымында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Бруклин ауданында, Лорна Смит пен Джимми Киркпатриктің отбасында дүниеге келді. Өгей әкесінің фамилиясын алған. Родни деген ағасы мен Дениз атты әпкесі бар.
Американың атақты кәсіпқой боксшысы, ауыр салмақтылар арасында WBC (1986—1990, 1996), WBA (1987—1990, 1996) және IBF (1987—1990) тұжырымдары бойынша әлемнің абсолютті чемпионы. Әлі күнге дейін өзгермеген бірнеше әлем рекордының авторы: ауыр салмақтағы ең жас әлем чемпионы (20 жас); ауыр салмақтағы ең жас абсолютті чемпион (21 жас).
Тайсон үш рет сотталып, үш рет үйленген. Сегіз баланың әкесі. 2009 жылы төрт жасар қызы қайғылы жағдайда қайтыс болды. Ислам дінін қабылдаған: Мәлік Абдул Әзиз деген мұсылманша есім-сойы бар.
– Майк, «Тайсон» фильмін түсірудің бастапқы мақсатын айтыңызшы, ол қандай аудиторияға арналған?
– Бұл еркектерге арналған фильм. Кез-келген жастағы еркекке. Мен бұл фильмге өзімнің өміртарихымды айту үшін емес, нашаға ақша табу үшін түстім. Мұны кімнің көретіні мені соншалықты қызықтырмайды да: маған бәрібір. Бірақ, көрермендер мен сыншылар бұл фильмді жақсы қабылдады, сондықтан да, бұл Аллаһтың қалауы деп түсіндім.
– Актерлік карьераны жалғастырасыз ба?
– Жалғастырамын. Қазір алдымда екі жоба тұр: Warner Brothers компаниясымен жұмыс істейтін шығармыз. Менің жеті балам бар, оларды асырау керек қой…
– Байқаймын, жаныңыздағы нөкерлеріңіз азайып кетіпті…
– Музыка біткен кезде, адамдар биді тоқтатпаушы ма еді? Жігіттердің өз шаруалары бар: бала-шағасын асырау керек деген сияқты.
– Сіз бокстың жілігін шағып, майын ішкен адамсыз. Комментатор-сарапшының карьерасын бастау жөнінде ойланған жоқсыз ба?
– Керемет болар еді. Бірақ, шындап келгенде, мен жаман аты шығып кеткен жігітпін. Мұндай адамның телевизияда жүргені де ақылға сыйымсыз. Бәрін де түсінемін. НВО немесе Showtime сияқты телекомпанияларға қатысты ештеңе айта алмаймын және оларды нәсілшіл деп те есептемеймін. Бірақ, мен көптеген комментаторлардан өзгешемін. Мен түрмеде отырдым, көшеде төбелестім және де ұзақ уақыт ұсақ қылмыскер болып өмір сүрдім.
– Майк, өңіңіз жақсы екен. Сыртқы пішініңіз де жаман емес. Мұның сыры неде?
– Иә, қазір мен бабымдамын. Бір кездері ішімдік пен наша түбіме жете жаздаған. Ал қызым қайтыс болғанда, тіпті, өмірмен қоштасқым да келді. Бірақ, дер кезінде өз-өзімді қолға алдым. Қазір сырт көзге жаман көрінбейтін шығармын, бірақ шаршы алаңда үш раунд өткізсем, жүрегім талып түсер еді. Жақсы пішін мен жақсы күй – екеуі екі бөлек дүние. Сыртқы пішін – тек сыртқы көрініс, ал ішкі күй – адамды алға сүйрейтін керемет күш.
– Балаларыңызды қалай тәрбиелейсіз?
– Мен үшін маңыздысы сол – олардың өмірі менікінен жақсырақ болады. Олардың ақшасы мен мүмкіндіктері жеткілікті, дұрыс таңдау жасау мүмкіншіліктері де мол. Менің үлкен балаларым 22, 20, 14 және 13 жаста. Олар жер шарын аралап жүреді, мен көрмеген елдерде болды. Бір қызым биохимиямен әуес, екіншісі колледжде оқиды, болашақ дизайнер. Кішілері Буштың балаларымен бірге бір мектепте оқиды.
Мен, негізі, өте қатал әкемін. Балаларыма айқайлайтын кездерім де болады. Кейін, ашуым басылған соң, олардың тілектерін орындауға тырысамын.
– Ал сізді әке-шешеңіз қалай тәрбиеледі?
Бала кезімде әкем маған айтпайтынды айтатын. Мені бірнәрсеге үйретші деп ем, ол маған: «Мен сені ештеңеге үйрете алмаймын. Одан да Құдай және әйелдер туралы айтып берейін», – деп мәлімдеді. Сонан соң, ол менің анамның жезөкше болғанын айтты. Мен оған: «Сен менің әкемсің, ал ол – анам. Екеуіңді де жақсы көрем. Бірақ, сендердің өткен өмірлерің туралы білгім келмейді», – деп жауап бердім. Жас кезімде наша мен жезөкшелерді неге сонша жақсы көргенімді өзім де білмеймін. Қазір түсіндім: мен қоғамдық пікірге қарсы қырсығып істеген екенмін осының бәрін.
– Сіздің атақ-даңқыңыз жетіп-артылады. Қарсыласыңызды жекпе-жектің 8-ші секундында нокаутқа жіберіп, әлем рекордын жасадыңыз. Өзіңіздің жетістіктеріңізбен мақтанасыз ба?
– Жоқ, мақтанбаймын. Қазір мені мұндай нәрселер қуантпайды. Жас кезімде мен үшін бұл жетістік болатын, ал жас келген сайын мына өмірде мақтануға тұрарлық ештеңе істемегенімді түсіндім де, аурухана сатып алдым. Біреуді нокаутқа жіберу – боқтан оңай, ал аурухананы ұстап тұру – міне, бұл жетістік. Егер де, біреу маған сен бұрын қандай болдың, қазір де сондайсың десе, мен үшін бұдан өткен мазақ жоқ. Мұның бәрі өтіп кеткен дүние. Ол кездегі Майк Тайсон қазір жоқ, өлген…
– Бапкер болғыңыз келмей ме?
– Бокс бапкері болу – өзгеше жұмыс, жақсы боксшының бәрінен бірдей бапкер шыға бермейді. Әзірге біреуді жаттықтырайын деген ойым жоқ, мүмкін, болашақта бұл туралы ойланатын шығармын.
– Майк, айтыңызшы, сіз өзіңізге әрқашан сенімді болдыңыз ба?
– Жоқ, мен өзіме тіпті де сенген емеспін. Сенетіндей де себебі болмады, бала кезімде қорлық пен таяқты көріп бақтым. Заңға қайшы істеген шатағым көп болды. Кәмелетке толмаған қылмыскерлерге арналған түзету мекемесіне түскенде, біреу мені бокс бапкерімен таныстырды. Ол маған көптеген қызықты әңгіме айтты. Дәл сол кезде ештеңе түсіне қоймасам да, бұл кездесу менің ілгері жылжып, дамуыма игі әсерін тигізді. Ал Исламды қабылдаған кезде мен мұның Құдайдың бұйрығы екенін ұқтым.
– Сіз өмірде неден қорқасыз?
– Құдайдан, яғни Аллаһтан ғана қорқамын. Мағынасыз өмір сүрдім, Құдаймен кездесе қалғанда, оның маған деген қабағының салқын болатынын жақсы білемін. Дұғаны көп оқимын, бірақ барлық істеген күнәларым үшін бәрібір тамұққа баратыным белгілі. Дегенмен, бұл жағдай менің қазіргі шат өміріме соншалықты әсерін тигізіп жатқан жоқ.
– Сіз басқа дінді емес, неге Исламды қабылдадыңыз?
– Қаншалықты шындық екенін білмеймін, бірақ мен «Нағыз мұсылман болғандықтан да Исламды қабылдадым», – деп жұрттың бәріне айтып жүремін. Мен 17 жасымнан доңыз етін жеген емеспін. Жас ұлғайған сайын өмірдің жалған екенін ұғынасыз: «Ассаламу алейкум» дегенді айтып және жылына бір рет қана Құдайға сыйынасыз да, сіз өзіңіздің мұсылман бола алмағаныңызды түсінесіз…
– Ағайынды Кличколар туралы пікіріңізді білсек деп ек…
– Жұрт оларды жаман боксшылар дейді. Бірақ, ол бұлай емес. Оларды жаман деуге ауыз бармайды – олар керемет боксшылар! Бір айыбы, олардың боксы соншалықты тартымды емес. Олар шын мәнінде керемет боксшылар және де әлі күнге дейін бәрін қирата жеңіп келеді.
– Ал Американың ауыр салмақты боксшылары қайда кеткен?
– Оларды ағайынды Кличколар тас-талқан етіп тастаған.
– Сонда, Кличколарға қарсы тұрар боксшы жоқ демексіз бе?
– Дәл қазір ондай боксшыны көріп тұрған жоқпын.

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *