БОКСТАН ЕЛ БІРІНШІЛІГІНІҢ ЧЕМПИОНДАРЫ

23.01.202014470
1-1280x853.jpg

         Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан ҚР-ның біріншілігі өтті. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен іріктеліп келген 200-ден астам былғары қолғап шебері қатысты.

Додаға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров, бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  Нұрбақыт Теңізбаев және елімізге танымал боксшылар арнайы келіп қатысты.

Шарада Ермахан Сағиұлы:

– Қазақстанның Көк байрағын әлемге желбіретіп жүрген спортшыларымыздың қатары күннен-күнге артып келеді. Бүгінгі дода біз үшін айрықша. Өйткені Көк Туымызды желбіретіп, абыройымызды асқақтататын спортшылар осындай елішілік жарыстарда анықталады, – дей келе, жарысты ашық деп жариялады.

Осыдан кейін Несіп Жүнісбайұлы: «Мен осы уақытқа дейін 11 олимпиаданы көрдім. Әлемдік ареналарда ел абыройын асқақтатып жүрген спортшылардың барлығы кішігірім турнирлерде, ел біріншілігінде топ жарғандар. Сондықтан ертеңгі күні сендердің араларыңнан олимпиада, әлем чемпиондары шығарына сенімім мол», – деп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс тартысқа толы болды. Сайысқа тыңғылықты дайындықпен келген былғары қолғап шеберлері алғашқы раундтан-ақ қарша боратқан соққыларымен танылып, жиналған жұрттың делебесін қоздырды. Соққылары жойқын, техникалары жетік боксшылардың әрқайсысы да чемпион болуға лайық. Шашасына шаң жұқпай ақтық сынға өткендердің кездесулері тіптен ерек. Спортшылардың бірі қарша боратқан соққыларымен көзге түсіп, көрермендер ықыласына бөленіп жатса, енді бірі қарымта шабуылда қарсылас қателігін ұстап, ақтық сынның алтынын арқалады.

Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша 44 келі салмақ дәрежесінде 1-орынды Жамбыл ауданынан келген Илья Калинин, 46 келіде Полат Алиев қанжығасына байлады. 48 келі салмақта түркістандық Бақтияр Анарбаев, 50 келіде Ақмола облысынан келген Мағжан Алимов, 52 келіде қызылордалық Ақтілек Орынбасар чемпион атанды. 54 келіде облысымыздың боксшысы Мейірбек Карпулда, 57 келіде түркістандық Абдулла Садриддин, 60 келіде  қарағандылық Ермек Ерасыл, 63 келіде шымкенттік Нұрлыбек Узенбаев, 66 келіде шығыстан келген Ілияс Нұрмұхамбетов алтыннан алқа тақты. 70 келіде ақтөбелік Базар Сағындық, 75 келіде Шығыс Қазақстаннан келген Рауан Кеңесбаев, 80 келіде Нұр-Сұлтан боксшысы  Темірлан Мұқатаев, + 80 келіде жамбылдық Ердос Шәріпбек жеңімпаз атанды.

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *