“Үшінші қақпа”: ҚАРА ҚҰРЛЫҚТЫҢ КҮШТІСІ

03.02.202013650
-2.jpg

                          Жасыл алаңда қос қақпаға гол соғып, спортта өз атын алтын әріппен жазып қана қоймай,   талай жанның өмірге құштарлығын оятып, жүректеріне жылу сыйлап жүрген спортшылар жетерлік. Сондай жанның бірі – үшінші қақпаның үздігі, әлем футболының жарық жұлдызы Дидье Ив Дрогба Тебили.

                                                                                                  СҰРМЕРГЕН

Дидье Дрогба шебер футболшы ғана емес, елім деп еміренген нағыз нар тұлғалы, мәрт жігіт. Оның біз білмейтін қыры қаншама? Көптеген жұлдызды спортшылардың өмір тауқыметін тартып, жоқшылықта қиналып жүріп еңбектенгеннің арқасында атақ, даңққа жеткенін естіп жатамыз. Дидье де осындай өмірді бастан кешті. Ол 1978 жылы 11 наурызында Африка құрлығында орналасқан Кот-д Ивуар елінің Абиджан қаласында дүниеге келген. Отбасында жеті ағайынды. Дрогба – үйінің тұңғышы. Футболшы туған жылдары елінің әлеуметтік жағдайы нашар болды. Жоқшылық жайлаған кезең еді. Дидьенің ата-анасы банк­те жұмыс істесе де тапқан-таянғандары отбасына әзер жететін. Сондықтан болар жасыл алаңның жұлдызы 5 жасынан бастап Францияда Мишель Гоба атты футболшы ағасының үйінде тұрды. Сонда оқыды, тәлім алды. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Ала допты ұршықша иірген Мишельдің ойынын көріп өскен бала ағасы сияқты футболшы болуға бекінеді. Алғаш «Левалуа» атты жасөспірімдердің командасына қабылданады. Бір жылдан соң шабуылшы екінші лигада өнер көрсетіп жүрген «Ле-Ман» командасында өнер көрсетеді. Бірақ, жарақаттан көз ашпаған Дидье алаңға көп шықпай қалады. Кейін Африканың алтын ұлы «Генгам» командасына ауысып, 45 ойында 20 доп соғады. Ойыны қожырап, сүйретіліп жүрген «Генгамды» тірілтіп, тұмсығынан сүйреп талай бәсекелерде жеңіске жеткізеді. Алаңдағы асқан тактикасымен көрерменді таңдай қақтырған сұрмерген осыдан кейін «Марсель» командасына шақырту алады. «Оңтүстіктегілердің» сапында да ерекше ойынымен көзге түсіп, 55 ойында өз еншісіне 31 доп жазады. Жасындай жарқылдаған спортшыға кәрі құрлықтың атақты клубтарынан ұсыныстар қарша борайды. Сөйтіп 2004 жылы «Челси» командасына ауысады. Арқаның ақ қайыңындай сұңғақ бойлы, қара нар қас шеберлігінің арқасында лондондықтардың нағыз көшбасшы болады. Әр ойын сайын гол соғып, сұрмергендер қатарынан табылады. Ала допты аяғында ойнатқан Дидье ағылшын премьер-лигасында 100 гол соққан алғашқы қара құрлық футболшысы болып танылды. «Көктердің» құрамында жүріп чемпиондар лигасында топ жарды және ағылшын премьер-лигасының төрт дүркін жеңімпазы атанды. 2005, 2006, 2007 жылы Африканың үздік ойыншысы атанады.

 

                                                                              МӘРТ ДИДЬЕ

2012 жылы Дидье Дрогба Англияның «Челсиінен» Қытайдың «Шанхай Шэньхуа» атты футбол командасына ауысты. Дрогбаның алаңдағы алапат айқаста есе жібермей қыруар шаруа тындыратын жоғары деңгейдегі ойынымен, Еуропадағы кез келген белді клубтардың қатарын толықтыруға мүмкіндігі болды. Десе де, елі үшін туған ер мансап емес, экономикасы құлдыраған туған жерін ойлап Қытайға аяқ басады. Оларға: «Мен сіздердің клубта бір жыл ойнап, жергілікті футболшылардың тәжіриебесін жетілдіруге күш салайын, сіздер менің туған еліме инвестиция құйыңыздар», – деп шарт қояды. Сөйтіп, туған жерінің өркендеуіне жәрдемдеседі. Артынан осындай шартпен Түркияның «Галатасарай» клубында да ойнайды. Жігерлі қимылымен халықтың назарына іліккен ойыншы «Монреаль Импакт», «Финикс Райзинг» командаларында өнер көрсетіп, үлкен спортпен қош айтысады.

Ерен қажыр қайратты, адамгершілік асыл қасиеті мол, мәрт жігіт елінің дамуына сүбелі үлес қосты. Кот-д-Ивуар елінің дамуына инвестиция құйды. Елдегі алтын кен орындарының біріне қаржы құйып, үлесін сатып алған. Сол арқылы ел экономикасын көтеріп, аталмыш кен орнын жабылып қалудан сақтаған. 2007 жылы ол БҰҰ-ның «Даму» бағдарламасы бойынша ерікті елшісі атанды. Сол жылы өзінің тікелей бастамасымен «Дидье Дрогба қоры» құрылды. Сондай-ақ, Дрогба Африкадағы кедейлерге қаржы жинау мақсатында көптеген қайырымдылық шараларын жүргізіп тұрады. Өзі туып-өскен Абиджан қаласына медициналық орталық салуға 3 миллион фунт стерлинг бөлді. Жомарт Дидье әрдайым еліндегі жағдайы төмен отбасыларға көмек беріп келеді.

                                  Иә, арық атқа қамшы, жыртық үйге тамшы ауыр болып тұрған қиын қыстау кезеңде туған жерін түлеткен азаматтың ерлігі ұшан-теңіз. Ер туған жеріне. Кот-д Ивуар жұрты қаншама қиындықты бастан кешсе де мәрт ұлдары бар елдің көңілі жүдеген емес. Керісінше атымтай жомартымен мақтанады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *