Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарСпорт

Қазақстан дзюдосын әлемге танытамын — Нұрлан Үсенов

АҚШ-тың Лас Вегас қаласында өткен дзюдодан ардагерлер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Әлем біріншілігіне 63 елден 1000-ға жуық дзюдошы қатысты. Қазақстан құрамасынан жарысқа 11 дзюдошы аттанып, ел намысын абыроймен қорғап қайтты. 66 келіге дейінгі салмақ арасында чемпион атанған Нұрлан Үсенов айтулы жеңісінен кейін Bairak.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

— Нұрлан, 30 жасыңызда орда бұзып, дзюдодан әлемдік шеберлер арасында алтын алып, топ жардыңыз. 15 жыл бойы Қазақстанның намысын халықаралық аренада қорғап келе жатырсыз. Жалпы дзюдоға қалай келдіңіз?

— Дзюдомен 9 жасымда айналыса бастадым. Кішкентайымнан еліміздің атын халықаралық ареналарда танытып жүрген Асхат Жіткеев, Максим Раков, Ринат Ибрагимов сынды аға жерлестерімізге қарап, қызығып өстім. Өзімнің дзюдоға келуіме менен бұрын осы спорт түрімен айналысқан ағам себепші болды. Ол маған тек барып жаттығуды көруді ұсынған болатын. Алайда мен бұл бір жаттығудан кейін дзюдо спортына өмірімді арнаймын деп мүлде ойаладым. Сол кезде осы спорт түріне деген оянған қызығушылық бірде-бір рет сөнген емес. Керісінше жыл өткен сайын дзюдода жаңа белестерді бағындыру мақсаты алдымда тұратын. Алғашқы бапкерім – Қазақстан, Азия чемпиондарының бірнеше бапкері, халықаралық дәрежедегі спортшыларды дайындаған Мақсат Әділбеков деген кісі.

— Бала кезіңізден дзюдоға қызықсаңыз, оқу жолын да спортпен байланыстырған боларсыз?

— Әрине. 2008 жылы облыстық жарыста жеңімпаз атанып, барлық спорттық нормативтерден сүрінбей өтіп, Ахметов атындағы республикалық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға түстім. 2012 жылы спорт мектебін тәмамдағаннан кейін Республикалық олимпиадалық резерв колледжіне оқуға түсіп, 3 жыл білім алдым. 2008-2014 жылдар аралығында республикалық деңгейдегі барлық жарыстарда жеңімпаз атандым, ұлттық құрама сапында болдым. Ал 2017-2020 жылдар аралығында Спорт және туризм академиясына оқуға түсіп, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітірдім.

— Жастайыңыздан әлемнің біршама елінде дзюдодан өнер көрсетіп, жүлделі болдыңыз. АҚШ-та алтын алу жоспарыңызда болды ма?

— Шынымен де әлемнің қаншама елінде ірі жарыстарға қатысып үлгердім. 2008 жылы Өзбекстанда өткен халықаралық кубоктың жүлдегері атандым. 2009 жылы Ливанда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атандым. 2010 жылы «Мастерс» турнирінде Ресейде өткен I әлем кубогында үшінші орын, ал Германияда өткен I халықаралық кубоктың Бремен чемпионы атандым. Бұдан бөлек әлемнің басқа да бірқатар елінде жарысып жүлделі болдым. Шынын айтсам, Америкада дзюдодан ардагерлер арасында топ жарамын деп ойлапаммын. Әрине, АҚШ-та алтын алу әсері ерекше болды. Бұл чемпионатқа біршама уақыт дайындалдым, қарсыластарымды зерттедім. Өз салмағымда чемпион атанған сәтте қаншама жылғы еңбегімнің ақталғанын сол кезде сездім.

— АҚШ-тағы жарыс қалай өткені жайлы айтып бересіз бе?

— Әрине. Қарсыластарым өте мықты болды. Мен жалпы 3 кездесу өткіздім, бірінші қарсыласым Американың спортшысы болды, мен оны таза лақтыру арқылы жеңдім. Екінші кездесуде Колумбия спортшысымен іштен ұстап тұрып, вазари рейтингін алдым, содан кейін қолды ауыртып ұстап, таза жеңдім. Үшінші кездесу грузин дзюдошысымен финал болды, тартысты болды деп ойлаймын. Ең басында вазариге жеңіліп, соңғы секундтарда таза иппонмен кеудеден лақтыру арқылы жеңісті жұлып алдым.

— Нұрлан, әр спортшының өзінің жиі қолданатын әдістері болады. Сіз дзюдода қандай әдісті жиі қолданасыз?

— Кеудеге лақтыру, жапондық «Ура наге» бойынша мен 15 жылдан бері күресті сәтті пайдаланып келемін. Мен әлем чемпионатының финалында дәл осы әдісті қолдандым. Өздеріңіз байқағандай бұл әдіс маған осы чемпионатта алтын алуға мүмкіндік берді.

— Дзюдодан алдыңызға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында дзюдодан бақ сынауға ниеттеніп отырмын. Дегенмен ол оңай емес. Қазіргі уақытта АҚШ-та шеберлігімді шыңдап, спорттық мүмкіндіктерімді арттыруға тырысып жатырмын. Дзюдодан алатын белестер әлі де таусылмады деп үміттенемін.

— Сұхбатыңызға рахмет! Дзюдының жаңа белестерін бағындыра беруіңізге тілектеспін!

Сәйкес жаңалықтар

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

bairakkz

Астанадағы LRT станцияларының негізгі құрылысы аяқталды

bairakkz

Елімізде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандардың тізілімі енгізілді

bairakkz