Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Басты ақпаратЖаңалықтарСаясат

Әкімдіктерді мазалайтын екі-ақ мәселе бар, біріншісі — ақша игеру — Мақсат Толықбай

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай бүгін жалпы отырыста вице-премьерСерік Жұманғаринге сауал жолдады, деп хабарлайды Bairak.kz.

Сөз басында елде ауыл халқына арналған бір ғана бағдарлама жұмыс істеп отырғанын айрықша атап өтті.

Ол өзі Мәжіліске сайланған «Аманат» партиясының қолға алған салалық бағдарламаның бірі «Ауыл аманаты» деп аталады. Үш жыл бұрын іске қостық. Жетістік жоқ емес. Бар. Тек 2023 жылы 100 млрд теңге шағын несие берілді. 15000 жаңа жұмыс орны ашылды. Бірақ бағдарламаның орындалуына келгенде айтылып жатқан сын аз емес деп айтты.

Әзірге, ауыл халқының табысын толтыруға арналған елдегі жалғыз жоба осы болғандықтан одан үміт күтетін ел көп. Бірақ сол елдің бұл жобаға айтар өкпе-назы да жоқ емес. Неге бұлай?Кәсіптен нәсібін тапқысы келетіндерді әкімдік әуре сарсаңға салуға дайын. Әлжуаз әлеуметке бюрократия үш-төрт айлап құжат жинатып, табанынан тоздырады. Бұл бір.Екіншіден бұл жобаны қаржыландыру тетігі де қарын ашытады. Негізі жобаның басты мақсаты – 7 жылда 350 мың жұмыс орнын ашып, жыл сайын кемінде 20-25 мың тұрғынға микронесие берілу керек. Бірақ бюджет тапшылығына байланысты былтыр жобаға бар болғаны 20 млрд теңге бөлінген. Бұны екі деп қойыңыз, — дейді Мақсат Толықбай.

Ол сөзін жалғай отырып, тағы бір өзекті мәселе кадр тапшылығы екенін тілге тиек етті. Айтуынша, кооперативтерде ветеринар, зоотехник, механизатор, агроном сияқты мамандар жетіспейді.

Сөйте тұра кооператив қызметіне күнделікті мониторинг пен бақылау жүргізу, ақпараттық, консультациялық және әдістемелік көмек көрсету туралы айтқымыз келеді. Сондықтан өңірлердегі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар (СПК) несие үлестіріп, немкетті деп қана отырмай бірінше кезекте өңірдегі осындай өзекті мәселелерге де мән бергені жөн. Әйтпесе қазір, әкімдіктерді мазалайтын екі-ақ мәселе бар. Несие алатын адамдардың санын толтыру және берген ақшаны игеру. Бітті, — дейді депутат.

Осы ретте, пилоттық ауылдар жобасы принципін міндетті түрде қалдыру қажет. Әйтпесе, жобаның мәні жоғалады, жоба тек кредит беретін кезекті бағдарлама ретінде баянсыздың күнін кешеді. Әрине, осыдан біраз бұрын президент назарына ұсынылған Жамбыл облысындағыдай барлығы бақуатты болмайтыны анық. Бірақ пилоттық принцип тоқтаса, онда ауыл кооперативтерін құрудың, тиісінше, лизингке техника берудің де қажеті болмай қалуы мүмкін деп отыр.

Ең қызығы, кооперативтер құру деген не? Оның механизмі қандай? Бұны жергілікті атқарушы органдардың өзі түсінбей жатады. Сонда оны қарапайым халық қайдан түсінеді? Сондықтан ең алдымен ауыл тұрғындары арасында жалпы жоба туралы, соның ішінде ауыл кооперативтерінің жұртқа, нарыққа беретін пайдасы мен мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстарын ширатқан жөн, — дейді мәжілісмен.

Фото: parlam.kz

Сәйкес жаңалықтар

Жаңа жылдан кейін мобильді аударымдарға тағы шектеу қойып жатыр

bairakkz

Алаяқтардан қалай қорғанамыз? Елордалық полицейлер түсіндірді

bairakkz

Тоқаев Украинадағы соғысқа қатысты пікір білдірді

bairakkz