Еркежан Сабырбайқызы: “Қазіргі бессайыс қазаққа жат емес”

28.10.201714540

     Шыны керек, қазіргі бессайысты жұрт біле бермейді. Семсерлесу, суда жүзу, конкур, нысананы көздеп ату мен жүгіруді біріктіріп, бессайыс деп атаған жарыс түрі ежелгі Грекияда пайда болды. Алайда заман ағымына сай етіп өзгертіп, қазіргі бессайыс деп аталып жүрген спорт түрі алғаш Олимпиада ойындарының ұйымдастырылуына мұрындық болған, ХОК-ты 1896-1916, 1919-1925 жылдары басқарған Пьер де Кубертеннің бастамасымен 1912 жылы Олимпиада бағдарламасына енді.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері пентатлондағы жетістіктеріміз аз болған жоқ. Еліміз Азия құрлығының мықтыларымен иық тіресе алады. Тіпті 1996 жылы Атлантада өткен Олимпия ойындарында алматылық Александр Парыгин жеңімпаз атанған еді. Одан бері  әлемде, Азияда талай атой салған спортшылар жоқ емес.  Солардың бірі – қарагөз қазақ қызы Еркежан Сабырбайқызы. 19-жасар алматылық бессайысшы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Таскескен ауылында дүниеге келген.  Әкесі Сабырбайдың айтуы бойынша Еркежанды 5-сынып оқып жүргенде суға жүзу спортына алып барады. Жаттықтырушылар да көреген шығар, біраз уақыт өткенде бессайысқа тарта бастайды. Ары қарай Еркежанның өз аузынан естігіміз келіп, сұрақты жаудырдық.

  • Еркежан, қазақы тәрбиеленген өрімдей қыз бессайыстың қыр-сырын меңгеріп, кәсіпқой спортшы атанды. Жетістіктің бастауы неде?
  • Алғашқы кездерде жүзуді меңгеріп жүрген маған бессайысқа қатысасың деп ешкім айтқан жоқ. “Кешке жүгіруге келесің”,  деді бапкерлерім. “Жүгіргені несі, мен жүземін ғой”, деймін мен де. Бірақ қызығушылығым артып, айтқандарын бұлжытпай орындай бастадым. Біраз уақыт өткен соң атуды бастадық. Семсерлесу пайда болды. 7-сыныпқа көшкен кезде, жаттықтырушылар өздерінің спорт мектептеріне шақырды. Жеңіл болады дейді ғой. Келістім. Барсам, ылғи орыстар. Мен қазақ мектебінде оқығанмын. Сөйтіп жүріп орысшаны да меңгердік. Міне, спорттағы жолым осылай басталды.
  • Ең алғашқы жүлде алған сайысың туралы айтсаң?..
  • 2012 жылы 8-сыныпта оқып жүргенде Қапшағайда Қазақстан чемпионаты өтті. Ересектер арасында! Жеңімпаз атандым сол кезде. Бірақ бір айта кетерлігі, ол уақытта төртсайыс болды. Өйткені, атқа отыруға 18 жасқа толғанда ғана рұқсат етіледі. Регламент солай. Триатлға да қатыса береміз. Көптеген жүлдені сол триатлдан алдым.
  • Одан кейін?..
  • Келесі жылы Қазақстан кубогында топ жардым. 2014 жылы спорт шеберлігіне кандидат атандым. Осыдан екі жыл бұрын Қытайда өткен Азия чемпионатында, әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында   қола жүлдегер атанып спорт шебері болдым. Дәл осы жылы Грузияның Батумиінде әлем чемпионатына қатысып жүлдегер атандым. Өткен жылы Қырғызстанда өткен Азия чемпионатында 2-орынды иеленіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. Бұдан бөлек, Қырғызстанның ашық чемпионатын ұттым, бір рет жүлдегер болдым. 2016 жылы Польшадағы Еуропа біріншілігінің финалына шықтым. Қазақстан чемпионаттарында бірнеше рет жеңімпаз, жүлдегер атандым. Биылғы жылғы қомақты жүлдем – Жапонияда жалауы желбіреген Азия чемпионатының қола медалі. Сөйтіп халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қорғап қалдым.
dsc_0226
Қазақстан чемпионатының алтынынан, әлем чемпионатының қола жүлдесіне дейін
  • Жүлденің көп болуы жаттығуға тікелей байланысты. Жаттығуларың қай жерде өтеді? 
  • Құраманың базасы Қапшағайда орналасқан. Қапшағай су қоймасының жағасында инфрақұрылымы жақсы дамыған жерде алаңсыз жаттығамыз. Қырғызстанда жиі болып тұрамыз. Үйдің бетін көрмей кетеміз. Жақында тағы жаттығуларымыз басталады. Отбасыңды да сағынатын кездер болады.
  • Кәсіпқой спортта жүрген соң,  отбасыңның көмегі ауадай қажет болатын шығар? 
  • Әрине. Барлық игі бастамалардың басы-қасында әкем жүреді. Анам үйде отырып тақым қысып отырады. Әкем өзінің көлігіне бір топ спортшы қыздарды отырғызып Бутаковкаға апарып, әкеліп жүретін. Таңда да көп дайындаламыз ғой.  Таза ауада жаттығу да маңызды. Әкем жарыстарға менімен бірге барып,  қолдауын аяған емес. Анам үнемі қазы-қарта,  қымыз-шұбатын аузыма тосады. Тіпті алдыңғы жылы,  әлі есімде,  Қытайда өткелі жатқан Азия біріншілігіне әкем өз қаражатымен апарды. Бапкерлердің қаражат жоқ деген желеуінен кейін,  мені жігерлендіріп, “қызым,  Бейжіңдегі барып,  міндетті түрде жүлделі боламыз”, деген еді. Мен де намысқа тырысып,  3-орынды иелендім. Спорт шебері атандым. Сұрақты Еркежанның әкесі Сабырбайға да қойдық. 
  • Сабырбай мырза, байқауымызша, балаларыңыздың бәрі спортпен шұғылданатын сияқты?.. 
  • Иә.  Қазақтар бокс пен күреске ғана мықты деген теріс ұғым бар. Мен осыны теріске шығарғым келеді.  Еркежаннан кейінгі қызым Зере гимнастикамен айналысады.  Кенжеміз Сұлтан  да гимнастика мен күресті серік етіп жүр.  Спорт мектебінде оқиды. Жетістіктері де жоқ емес. Шамамыздың келгенінше балаларымды спортпен тәрбиелеп жүрміз. Өздері де тыным таппайды.
  • Өзіңіз де спортты серік еткен шығарсыз?
  • Бала кезімде күрестім. Кейін бокспен шұғылдандым. Анау айтқандай жетістігім болмаса да,  спортпен айналысуды өмірлік мақсат тұттым. Өзім жетпеген биіктерге балаларым жетсе деп жүрмін.
  • Еркежан,  жаттанды бір сұрақ қояйын. Спортшылардың да арманы Олимпиада ойындарына бару ғой. Ол туралы не айтасың?
  • Токио Олимпиадасына бару үшін көп еңбектену керек. Талмай жаттығу қажет.  Әрине бессайыста жолыңның болуы да маңызды.  Мәселен, семсерлесудің қиындығы – шалт қимылмен сені түйрегелі тұрған қарсыласыңды қапы қалдырасың. Жүзудің өз машақаты бар. Бассейннің шетінде жүзсең,  толқын кедергі келтіреді. Ортасынан орын алу үшін үздік болуың керек. Атқа отыру да оңай емес. Кейде қырсық,  командаңды орындаудан бас тарататын ат кездеседі,  асаумен арпалысудан шаршайсың-ақ. 3 шақырымға жүгіріп,  нысана көздеу өз алдына бөлек әңгіме. Бес сайысты бітіргенше психологиялық жағдайың мәз болмайды. Дегенмен,  талай белесті бағындырдық. Қазақстан құрамасында тер төгу де – бір мақтаныш!
  • Талай жерге бардың,  ел араладың…
  • Мұның өзін спорттың кереметі деп білемін. Алыс-жақын шетелдерге барып жүрмін. Қырғызстанда,  Қытайда болдым. Египет пен Грузияның көрдім. Әр елдің өз ерекшелігі бар. Мәселен,  жапониялықтардың мәдениетіне,  адамға деген құрметіне таң қалып,  тәнті болдым. Сол себепті спорт тәніңді ғана шынықтырып қоймай,  жан тазалығына да әсер етеді екен.  Бірақ осымен тоқтап қалмау керек. Алда бағындырар белестер өте көп.
  • Еркежан,  сұхбат бергеніңе көп рахмет! Жеңісті күндерің көп болсын!

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *