Facebook желісінің белсенді қолданушысы Серік Хасенов экс-депутат, әнші Бекболат Тілеухан орындайтын «Елім менің» әніне қатысты дау туралы жазба жариялады. Оның сөзінше, елге кеңінен танымал ән ұрланған, анығында әнші оны ұрлап кеткен көрінеді, деп хабарлайды bairak.kz.
Тілеуханның өзім шығардым деп орындап жүрген «Елім менің» әні атақты халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің әні көрінеді. Ән туралы Құрманғалиевтің немересі, өнер ғылымының кандидаты Меруерт Санатқызы мәлімдеме жасапты.
Бекболатпен консерваторияда бірге оқыдық. Біздің үйге емін-еркін кіріп, атамның архивін ақтарып жүретін. Бірақ біз оның арам ойы бар екенін білмедік. Ол сол кезде әннің нотасын ұрлап алып кеткен екен. Кейін жұбайым екеуміз атамның мерейтойына орай оның архивін қарап отырғанда, осы әнге кезіктік. Жұбайым дереу: «Ой, мынау таныс ән ғой» — деді. Қарасақ, бүгінде Бекболат орындап жүрген «Елім менің» деген ән. Тура айна-қатесіз. Бұл әнді Ғарифолла атам ертеде шығарып, орындап, бірақ халыққа таратуға мүмкіншілігі болмаса керек, — дейді композитордың немересі.
Осыдан кейін олар Бекболатқа барған. Алайла әнші, әрі депутат оларды тыңдамақ түгілі, тіпті маңайына жолатпаеан.
Әрі-беріден соң, мен сені танымаймын деп салды маған. Тіпті болмағасын: «Сенің қолыңда не ақша, не билік жоқ, не істей аласың маған?!» деп турасына көшті. Бір кезде өз-өзінен дұға оқып, сендерді қарғысқа ұшыратам деп, маған: «Көзіме қара, көзіме қара!» — деп айғайлай бастады. Осы сөзді жұбайыма да айтып еді, ол: «Мен сенің көзіңе қарайтын әйел емеспін, басымды ауыртпа деді.
Осыдан соң біз оны сотқа беріп едік, сот арызымызды қабылдамады, себебі ол сол кезде парламент депутаты еді. Тіпті болмағасын мен қайта Бекболатқа барып: «Сен өзің бізді сотқа берші өтірік жала жапты деп, сот сосын ақ-қарасын айырсын» — деп едім, ол ат-тонын ала қашты. Енді тағы да сотқа бердік, бірақ ол шетелде жүр» — дейді Меруерт Санатқызы.
Фото: instagram/bekbolat.tleukhan