Мемлекет басшысы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдады.
Ербол Мырзабосынов:
отандық спорт саласын кешенді реформалау жөнінде бұған дейін берілген президент тапсырмаларының орындалу барысын баяндады;
балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, төрешілер мен мамандар біліктілігін арттыру, легионер санын азайту, федерациялар жұмысын оңтайландыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді:
– салаға вертикалды басқару жүйесін енгізу шаралары басталған. Осы мақсатта министрлік жанынан арнайы құрылған топ мүшелері өңірлердегі спорт саласының жағдайына жан-жақты талдау жүргізген;
– қолданыстағы «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға негізгі басымдықтарды айқындайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін жұмыс тобы құрылған;
– халықаралық федерациялармен ынтымақтастық аясын кеңейту, спорт инфрақұрылымдарын жетілдіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр;
еліміздің туристік әлеуетін арттыру шаралары туралы мәлімет берді:
– шетелдік саяхатшыларға түрлі мүмкіндіктер ұсынатын Neo Nomad Visa жобасы іске қосылған;
– Президент тапсырмасына сәйкес, Алматы тау кластерін, Маңғыстау және Бурабай курорты аймақтарында жағажай туризмін дамыту жөнінде кешенді жоспар әзірленуде;
– Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті құрылып, лудоманияға қарсы күрес қолға алынған.
Қасым-Жомарт Тоқаев министрге спорт және туризм салаларын одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар нақты міндет жүктеді. Атап айтқанда, алдағы уақытта өтетін халықаралық спорт додаларына дайындық деңгейін пысықтауды, сондай-ақ елімізде танымалдығы артып келе жатқан падел спортын ілгерілетуге назар аударуды тапсырды.