Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ауызашар дастарқанының қарапайым әрі қолжетімді болуы керектігін айтып, мейрамхана мен кафе иелеріне арнайы үндеу жасады, деп хабарлайды bairak.kz.
Басқарма өкілдерінің мәлімдеуінше, соңғы уақытта кейбір қоғамдық тамақтану орындары ауызашар мәзірінің бағасын шарықтатып, халық арасында түсінбеушілік тудырып отыр. Дін мамандары ысырапшылдық пен бәсекелестіктің ислам қағидаларына қайшы екенін ескертіп, мұндай әрекеттің сауаптан гөрі күнәға жетелейтінін атап өтті.
Асыл дініміз ауызашар дастарқанында шектен тыс ысырапқа жол беруге, дастарқан жасауда бәсекелесуді құптамайды. Ондай әрекет дұрыс емес. Ауызашар қарапайымдылыққа негізделуі тиіс, – делінген басқарманың ресми мәлімдемесінде.
Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейрамхана, кафе және дәмхана иелерін халыққа қолжетімді, қарапайым ауызашар мәзірін ұсынуға шақырды.