Мәжіліс дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды bairak.kz.
Біздің комитет депутаттары осы заң жобасымен ұзақ әрі мұқият жұмыс істеді. Нәтижесінде легионерлерді қаржыландыруға бюджеттен де, квазимемлекеттік сектордан да (мысалы, «Самұрық-Қазына») тыйым салынады. Қаражат өз спортшыларымызды қолдауға жұмсалады. Ұлттық спорт түрлері (қазақша күрес, асық ату, көкпар және т.б.) басым бағыттар тізіміне ресми түрде енді. Бұқаралық спорт — негізгі басымдық болады, — дейді депутат Асхат Аймағамбетов.
Спорт саласында вертикаль басқару жүйесі енгізіледі — енді министрліктен әкімдікке дейін бәрі бір жүйемен жұмыс істеуі керек. Спорт федерациялары республикалық құрылыммен байланысты болуы керек, бұл тәртіп пен тиімділік үшін қажет.
Спорт мекемелерінің басшылары енді ротация арқылы тағайындалады — «мәңгілік» бастықтар болмайды. Мұндай жүйе мектеп директорларына қатысты да енгізілген. Мүгедектігі бар спортшыға еріп жүретін адамның шығыны мемлекет есебінен өтеледі. Бұл да біздің депутаттардың бастамасы, − дейді мәжілісмен.
Қандай өзгерістер бар?
- Легионерлерді қаржыландыруға бюджеттен де, квазимемлекеттік сектордан да (мысалы, «Самұрық-Қазына») тыйым салынады. Қаражат өз спортшыларымызды қолдауға жұмсалады.
- Ұлттық спорт түрлері (қазақша күрес, асық ату, көкпар және т.б.) басым бағыттар тізіміне ресми түрде енді.
- Бұқаралық спорт – негізгі басымдық болады.
- Спорт саласында тік басқару жүйесі енгізіледі – министрліктен әкімдікке дейін бәрі бір жүйемен жұмыс істеуі керек.
- Спорт федерациялары республикалық құрылыммен байланысты болуы тиіс – бұл тәртіп пен тиімділік үшін қажет.
- Спорт мекемелерінің басшылары енді ротация арқылы тағайындалады – «мәңгілік» бастықтар болмайды. (Мұндай жүйе мектеп директорларына қатысты да енгізілген.)
- Мүгедектігі бар спортшыға еріп жүретін адамның шығыны мемлекет есебінен өтеледі. Бұл да біздің депутаттардың бастамасы.
- Әр спорт түрі бойынша жас шектеулері нақты белгіленді – бұл балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды.
- Ұлттық спорттық дайындық стандарттары енгізіледі.
- Антидопинг ережелерін бұзғандарға қатысты жауапкершілік күшейтіледі.
- Бюджет енді нақты басым спорт түрлеріне бағытталады – қаражат әр тарапқа шашылмайды.
- Спорт ұйымдарына ақылы қызмет көрсетіп, табыс табуға мүмкіндік беріледі – бұл қаражат сол ұйымның есебіне түседі.
- Спорттық медицинаның жұмысы нақты заңмен реттелді.
Бұл мәселеге осымен түбегейлі нүкте қойылды деп сенеміз. Қазақстанға көзі қызықтыру үшін тартылған шетелдің жалт-жұлт еткен «жұлдыздары» емес, ұлттың шынайы салауаттылығы, атап айтқанда, бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спорты қажет. Кәсіби жұлдыздар жеке клубтардың есебінен жеке қалтадан қаржыландырылуы керек, ондай мысалдар жетерлік, мәселен, теннисте. Бұл мысалды жан-жақты тарату керек, — дейді мәжілісмен Нартай Аралбайұлы.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев футболдан былтырғы премьер-лигада 13 клуб ойнады. Оның ішінде 325 футболшының арасында 149 легионер болған, яғни 50 пайызға жуығын құрады деп отыр.
Оның айтуынша, хоккей спортында қазір 109 легионер бар. Ал қалған спорт түрлерінде олардың саны көп емес.
Аталған заңда бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан қаржылындыруға тыйым салынып отыр. Егер болашақта белгілі бір аймақтық клуб өз қатарына басқа елдерден спортшы шақырғысы келсе, оған тыйым салынбайды. Бірақ оған төленетін жалақысы мен келісімшартын бюджеттен тыс қаражаттан өтейді, яғни демеушілік көзден тартады, — деді вице-министр.
Фото: istockphoto