Жетісу облысында 3 пен 18 жас аралығындағы неврологиялық диагнозы бар балаларды кешенді оңалтуға бағытталған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды bairak.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шара мемлекет басшысының мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту бойынша маңызды әлеуметтік міндетті шешуге үкіметтік емес секторды тарту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында жүзеге асырылды.
Оңалту орталығы Сарқан аудандық ауруханасының ғимаратында ашылды. Бірқатар қоғамдық қордың демеушілігінің арқасында және бюджеттен қаржы бөлініп, орталық аурухана ғимаратының біріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заман талабына сай жабдықталды. Жаңа нысанда емдік дене шынықтыру кабинеті, шунгит, тұз және интерактивті кабинеттер, сондай-ақ шомылу ванналарын қабылдау бөлмесі бар.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева айтуынша, орталық Сарқан ауданынан бөлек, жақын маңдағы Ақсу және Алакөл аудандарының тұрғындары да ем алады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, оңалту қызметінің сапалы болуы және оның ерекше балалар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Осыған орай ауданда заманауи оңалту орталығының ашылды. Біз мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға көмектесеміз, – деді Л. Шыңғысбаева.
Орталықта невропатолог, реабилитолог, педиатр және терапевт, ортопед, логопед, дефектолог, психолог сияқты білікті мамандар қызмет істейді. Мұнда өзге облыстан келген мамандар да бар.
– Жұмысқа Атырау қаласынан арнайы келдім. Оңалту орталығында баланың әлеуметтік бейімделуі мен танымдық саласының дамуы үшін барлық жағдай жасалыпты. Мамандығым бойынша мен реабилитологпын. Өз тарапымнан оңалту сапасын жақсартуға бар күшімді саламын, – деді Әсем Нұрқасымова.
Айта кетейік, жоба орталық жүйке жүйесі зақымданған балаларды оңалтуға, оларды әлеуметтік бейімдеуге және ерте мүгедектіктің алдын алуға бағытталған. Бір жылдың ішінде орталық 21 күндік сауықтыру курсын ұсынып, 600 баланы қабылдай алады. Бұл ретте үздіксіз ем алу үшін балалардың 2-3 ай сайын оңалтудан өтуіне мүмкіндік бар. Орталықта ай сайын сал ауруы, шала туылу, даун синдромы, үдемелі бұлшықет дистрофиясы, босану кезіндегі жарақат сияқты диагнозы бар 50 баланы қабылдауға мүмкіндік бар.
Менің балам церебральды сал ауруымен ауырады. Балама оңалту кешенін жүргізу үшін алдымен Талдықорғанға, сосын Алматы мен Астанаға баруға тура келді. Ауырған баланы әр қалаға тасу оңай емес. Оған жан-жақты және тұрақты оңалту қажет. Енді қаламызда заманауи оңалту орталығының ашылуымен жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Басқа қалаға бармаймыз, – дейді қала тұрғыны Майра Тұрсынова.
Балаларды оңалту орталығы облыс басшылығы мен қайырымдылық қорлардың бірлескен жұмысының арқасында ашылғанын айта кеткен жөн.