Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов 88 жасқа толды. Көпшілік аңыз әншіні туған күнімен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатыр, деп хабарлайды bairak.kz.
Белгілі журналист Марат Байділдәұлы Нұрғали Нүсіпжановқа тиесілі тағы бір атақтың берілмей жатқанын айтып, көпшілікке үндеу жасады.
Бүгін Нұрғали ағамыздың туған күні. Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы халықаралық сыйлықтарының лауреаты, Өзбекстан республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Нұрғали Нүсіпжанов ағамыздың туған күні! 88 жасқа толып жатыр, — дейді Марат Байділдәұлы.
Журналист Еңбек Ері атағын беру туралы хат жазғанын да атап өтті.
Осыдан екі жыл бұрын Нұрағаңа Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру туралы мемлекет басшысының атына хат жазып, осы атақты алған Асекеңнен — Асанәлі Әшімовтен бастап Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Роза Рымбаева, Аягүл Миразова сияқты бес қайраткерге қол қойғызып жіберіп едік. Өкінішке қарай ұсыныс өтпеді. Алла тағалам Нұрғали ағама ұзақ өмір берсін! Құдай қаласа енді екі жылдан кейін 90 жылдығында бұйырар! Соған бәріміз аман-есен жетейік, — деп жазды Байділдәұлы.
Фото: instagram.com/nurgali_nusipzhanov_official