Қазақ күресі осыдан 10-20 жыл бұрын Азия ойындарына кіргелі жатыр десе ешкім сенбеген болар еді. Міне, Аллаға шүкір қазағымның ұлттық күресі Азия ойындарының бағдарламасынан ойып орын алып, алаш жұртының сан жылдар бойы арман еткен тілеуі орындалып отыр. Ия, қазақ күресіне Азия ойындарында не бар одан не ұтады, -дейтұғын жандар да ел ішінен табылып жатты. Жалпы айтқанда қазақ күресі өз тарихында қаншама қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткізіп келген қазақтың ұлттық өнерлерімен иық тіресе жасасып келген ғажайып төл өнеріміз екенін айырықша айтқымыз келеді. Міне, уақыт өте келе ұлттық күресіміз еңсесін қайта түзеп, алаштың арда спорт түріне айналып келеді. Дегенімен де, қазақ күресін Олимпиада ойындарына кіргізу үшін алдымен Азия аймағында салтанат құру екендігін дұрыс деп есептеген дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы алған бағытының ақжолтай екендігін уақыт өткен сайын дәлелдеп келеді. Енді, қазақ күресінің алғашқы бағындырған алып белесі азия ойындарынан әңгімемізді бастасақ.
Кеңес Одағы кезінде «осы қазақ күресінің керегі не»- дегендер де болғанынын білеміз. Соңғы жылдары « қазақ күресі азияның қолтығында кетіп қалады ғой»-деп білгірсінгендер де бой көрсетті. Десек те, барша қазақтың арманы қазақ күресі жапонның дзюдосы, кәрістің таеквандосы секілді әлем аренасына шығуы еді. Сонау бір жылдары өзге спорт арасында өгейсіп қалған қазақ күресі теріс көзқарастың тепкісіне түсіп сүрінсе де құламады, таланса да жараланбады –деуге болады.
Түрікмен ағайындар Ашхабадтта өткен жабық кешендегі 5-ші Азия ойындарын аламан деңгейде ұйымдастырған екен. Бұл жарысқа 62 мемелекеттен келген 4500 қатысушы спорттың 21 түрінен 347 медальдер жиынтығын сарапқа салды. Көппен көрген ұлы той демекші, Қазақстан құрамасы да айтулы Азия ойындарына маңдайалды спортшыларын сайлап апарған болатын. Ия, алдымен 5-ші Азия аламанының әсерлі өткен ашылу салтанатын айтпай кету мүмкін емес. Заман талабына сай салынған Олимпиада қалашығындағы орын алған орталық стадионның көрінісі көз жауын алады. Өзге мемлекет басшыларымен бірге бұл салтанатты ашылуды еліміздің президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев те құрметті меймандардың ортасында тұрып тамашалады. Түрікмен халқының түп тарихынан бастау алған шоу бағдарламалар тоқтаусыз бір-бірін жалғастырып алып кетіп, көременге үлкен әсер қалдырды деуге болады. Негізі өз ұлтын, тілін, дінін, ұлттық сал-дәстүрін, мәдениетін айырықша құрметтейтін түрікмендей елі бар, оның халқының қамын ойлап, ел экономикасын дамытуға бар күш жігерін салып келе жатқан, тұрғылықты жұрттың екінің бірі жақсы көріп әспеттейтін Құрбанғұлы Бердымұхамедовтей президенттері бар бұл халық өздерін бақытты санайтынына көзіміз жетті. Түрікмен президенті ашылу салтанатында жарты сағаттай өзінің ана тілінде ел жетістігін баяндап берді. Түсінгені түсінді, түсінбегені түсінгеннен сұрап аларсыңды білдіргендей болды. Құптарлық, қоштарлық жай. Содан кейін, сөз алған Азия олимпиадалық кеңесінің президенті, аса мәртебелі Шейх Ахмад аль Фахад аль Сабах 5-ші Азия ойындарына тұңғыш рет Азия мен мұхит жағалауындаға мемлекеттердің бас қосып бірігіп, жабық кешенде өтетін әскери өнерлер түрінен өткелі отырған сынға түскелі отырғанын айта келіп, түрікмен еліне оның президентінің қонақжайлығына ерекше рахметін білдірді. Түрікмен халқының ұлттық құндылықтарының бірі ол ахалтеке сәйгүлектері мен бірге алабай иттің тұқымы екенін әлем жұрты жақсы біледі. Ашылу салтанатында елдің есінде қалғаны да сол сұлулықтың символы іспеттес ахалтеке аттарынының өнері еді. Түрікмендер аты мен итін әдемі паш ете отырып, көрермен қошеметіне бөленді. Кім білсін, түрікмендердің жеті қазынаның екеуін осылай көрсетуі де орнымен шығар деген ойда қалдық. Азия ойындарының алауы да сол ахалтеке атын мінген шабандоз жігіттің шауып барып, ахалтеке атының бас кескінінен жасалған ғаламат биіктегі мүсін арқылы тұталуы да айырықша бір көрініс болғаны анық.
Хош, сонымен Қазақстан құрамасы спортшыларының арасында қазақ спорт тарихында тұңғыш рет Азия ойындарында қазақ күресінің балуандары да салтанатты командалық шеруге қатысып жүріп өтті. Ия, қалай ғана қуанбассың?! Қаншама жылдар арман болған бұл сәт те Алланың қалауымен келіп жетті. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы президентінің бірінші орынбасары, профессор, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Серік Түкеев мырза, 2004 жылы Берлинде өткен әлем қазақтарының құрылтайында дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті болып сайланып отырып; «Қазақ күресін қалайда олимпиада ойындарына қосуымыз керек, өйткені біздің күрес әлемге кең таралған күрес түрлерінен еш кем емес, қазақ күресі ең әдемі бекзат күрес түрінің бірі, сондықтан қазақ күресін Олимпиада ойындарынан көрсек барша қазақ халқының арманы орындалар еді. Ия, алдымен ол үшін қазақ күресін әлемге дамыту жолында бізді қыруар жұмыстар күтіп тұр. Солардың ең маңыздысы — қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына кіргізу»-деген болатын. Міне, араға қаншама жыл салып, Серік Адамұлының оның туған халқы қазақ елінің арманы орындалып қазақ күресі алғаш рет Азия ойындарына кіріп қуантып отыр. Жүз адам жүрген жерде — соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады деген қанатты сөз бар. Көп болып қазақ күресіне сүйспеншілікпен қолдау жасап кіріссе шығар биігі әлі алда деп ойлаймыз. Ендігі асу — ол Олимпиада асуы. Соны бағындыру жолында дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы аянып қалмайтыны анық.
Қазіргі таңда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының жүйелі түрде жасаған жұмыстары міне, жемісін беріп келеді. Бітер істің басына, жақсы келер қасына демекші, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясына президент болып келген Ислам Әбішевтің де ұлттық күреске деген ерекше көзқарасын жарқын жасалған жемісті істерінен көріп келеміз. Өз ісіне жауапты, ісмер, білгір басшының осындай ұлттық күресіміздің тізгінін ұстап келуі қазақ күресінің өсіп-өркендеуіне сөзсіз септігін тигізері сөзсіз. Жалпы, қазақ күресінің дамуы үшін ол күресті жақсы көріп, жан тәнімен белсене араласқанда ғана үлкен бір нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетіп жүрген тағы бір азаматтың бірі — Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Бәделқан Камалқанұлы. Жақсы келді дегенше-жарық келді десеңші дегендей, бұл арқалы азамат — өзінің туған өлкесі Ақсуат ауданында айды аспанға шығарып, Ырғызбай Досқанаұлы атында қазақ күресінінен жыл сайын өткізіп келген, дәстүрлі халықаралық гран-при турнирінің кезекті жарысын тұңғыш рет әлем кубогіне арнап ұйымдастырған жан. Әлем кубогінің ауыл-аймақта өтуіне таң-тамаша болған Халықаралық Біріккен күрес түрлері федерациясының, бүкіләлемдік белбеулі күрес комитетінің президенті Гинтаутас ВИЛЕЙТА мырза, бұрын-соңды әлемдік күрес тәжірбиесінде мұндай жағдай болмағандығын сөз етіп, асқан ризашылықпен жоғары баға берген екен. Міне, әркетіне қарай берекеті болып отыр. Дүниежүзілік қазақ күресін он екі қанат үлкен бір ақ үй деп алып, сол үйді бекітіп ұстап тұрған әрбір уықтарын үлттық күрестің жанашыр азматтарына теңесек, үйдің іргесі ешқашан шайқалмайтынына сеніммен қарауға болады.
Сонымен Ашхабатдағы Азия ойындарына оралып, үзілген сөзді әрі қарай сабақтасақ. Қазақ күресінен тұңғыш өткен аламан жекпе-жектер көрмендерге үлкен әсер қалдырды деп ойлаймыз. Өйткені, біздің күрестің сән салтанатын тамаша көрсете білген балуандарымызға ерекше алғыс айтсақ болады. Айтулы Азия ойындарында тұңғыш рет қатысып оытырған қазақ күресінің балуандары 3 салмақ дәрежелері бойынша жекпе-жектерін өткізді. Аламан Азия бәсекесінде 70 кг салмақта Қасымқан Төленбаев, 90 кг Әділжан Ыстыбев, +90 кг атан жілікті апайтөс балуанымыз Айбек Нұғымаровтар еліміздің намысын абыроймен қорғаған еді. Қарсыластарын алып та, шалып та жеңген жерлестеріміздің үшеуі де финалға шықты. Жеңіл салмақта күрескен Қасымқан қарсылас шақ келтірмей, қоғадай жапырып ақтық белдесуде түрікмен балуаны Б.Атаевты айқын басымдылықпен жеңіп алтын жүлдені ұтып алды. Бұл салмақта қола медаль қырғыз балуаны М.Ералиев пен түрікмен балуаны Ү.Момуновке бұйырды. Әділжан самбодан екі дүркін әлем чемпионы түрікмен балуаны Т.Теленовтен жартылай финалда ұтылып қалды. Финалда сол түрікмен балуаны Т.Теленов тәжік балуаны Е.Каримзоданы таза жеңіп алтын жүлдегер атанды. Ал, үшінші орын үшін таласта индиялық балуан К.Сумуды алып ұрған жерлесіміз Әділжан Ыстыбаев қола жүлдені қанағат етті. Ауыр салмақта ақтық айқаста белдескен Айбек қарсыласы қырғыз балуаны Т.Куваловты еш қиындықсыз жеңіп шығып, 5-ші Азия ойындарының алтын медальмен марапатталды. Алып салмақтағы балуандар арасында қола медальдарды моңғол Р. Гонгор мен түрікмен балуаны К. Нуриевтер иленді. Осылайша, қазақ күресі өзінің тұңғыш рет қатысып отырған 5-ші азия ойындарында 2 алтын, 1 қола медальге қол жеткізді. Бұл қазақ күресінің тарихи табысы деп айтуға болады.
Алғаш рет Азия ойындарына қатысып отырып, осындай жетістікке жетудің өзін бас бармақпен бағалауға болатын шығар. Балуандарымызды Азия ойындарына баптап, бастап алып барған қазақ күресінен әлем чемпиондары Ерлан Естек, Бауыржан Тәліп секілді қазақ күресінің қазанында бірге қайнасып жүрген маман бапкерлеріне де алғыстан басқа айтар жоқ. Халқымызға сүйіншілеп айтар қуанышты хабарлар сарқылмасын. Алаш жұрты үшін ақ түйені қарны жарылған қуанышты хабарды Ашхабадттан осылай баян еттік. Алдағы 2018 жылы Индонезияда Жакарта қаласында өтетін «Океане» ойындарында көрсету бағдарламасына қазақ күресі кіріп қалуы әбден мүмкін екенін қуана айтамыз. Ел намысын қорғайтын ұлттық құраманың үздік балуандары енді қазақ күресінен қазан айының 5-8 аралығында Беларусь республикасының астанасы Минск қаласында өтетін 7-ші әлем чемпионатына дайындықтарын бастайды.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ