Шымкент қаласында белгілі әнші Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастыруға жауапты азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция мәліметінше, концертке сатылған билеттер саны залдың рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Соның салдарынан көрермендер шамадан тыс жиналып, адамдардың қауіпсіздігіне қатер төнген.
Оқиға кезінде 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Әлеуметтік желілерде концерт барысында адам қаза тапқаны туралы ақпарат тараған. Алайда полиция бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарды.
«Концертті ұйымдастыруға жауапты, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қаза тапқандар жоқ», – деп мәлімдеді полиция.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды.
