Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) өзгерте алады деген ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі бұл мәліметке қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, азаматтар заңнамада белгіленген тәртіппен аты-жөнін және басқа да дербес деректерін өзгертуге құқылы. Ол үшін тиісті уәкілетті органдарға жүгіну қажет.
Алайда жеке деректердің өзгеруі ЖСН-нің ауысатынын білдірмейді.
«ЖСН азаматқа бір рет беріледі және өзгертуге жатпайды», – деп түсіндірді министрлік.
ЖСН – 12 цифрдан тұратын бірегей нөмір. Ол автоматты түрде қалыптастырылады және азаматты мемлекеттік ақпараттық жүйелерде сәйкестендіру үшін пайдаланылады.
Осылайша, азамат аты-жөнін немесе басқа да жеке деректерін өзгерткен жағдайда да оның ЖСН-і бұрынғы күйінде қалады.
