Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

БІР СОҚҚЫМДА БАР ҚАЗАҚТЫҢ КҮШІ БАР

Санкт-Петербургте М-1 Challenge 87 турнирінде Арман Әшімов финляндиялық Микаэл Силандерді жеңіп, жеңіл салмақта уақытша чемпион болды.  

     Бүгінде спорттың түрі көп. Олимпадалық, олимпиадалық емес деп бөліп жатады. Олимпиададан орын алып жатса, бөркімізді аспанға атып, қуану дәстүрге айналды. Ал олимпиадалық емес спорт түрінен спортшыларымыз  жеңіске жетіп жатса, санаулы адам шаттанып, жеңісі құтты болсын деумен ғана шектелетіндер де бар. Қалай болғанда да, елдің намысы үшін жанын беріп, дүбірлі дода да атой салып, жеңіс тұғырына көтеріліп, Көк байрақты желбіретіп шықаны жүрегіңді елжіретіп жібереді. Дүбірге түскеннің барлығы да батырлар және оларға батырға лайық құрмет көрсетіп, шынайы қуануымыз керек. Осындай жеңісімен қуантып жүрген батырларымыздың арасында АДС комбат Джи-джитсудан Қазақстан чемпионы, жауынгерлік аралас жекпе-жек ММА спортынан ҚР кубогының иегері, жекпе-жектен әлем чемпионы және М-1 глобал тұжырымы бойынша жеңімпаз Арман Ашимовты ерекше атап өткен жөн. Әлемдік аренада Қазақ атын шығарып, қарсыласын қоғадай жапырған Арман әлі талай шыңды бағындыратыны анық. Олай болса, талайдың танауын жалпайтқан Арман ӘШІМОВПЕН болған сұхбатты назарларыңызға ұсынайық.

  • Арманжан, келбетіңе қарасақ айтарлықтай спортшыға ұқсамайсың. Шағын ғана денеңмен өзіңнен едәуір мықтыларды есінен тандырып жүрсің. Бұндай бұла күш кішкене ғана қара баланың бойына қайдан келді?
  • Қазақта: «Күш атасын танымас», – деген қанатты сөз бар емес пе? Соның нақты дәлелі болар. Өзім кішкене болғаныммен соққым ауыр. Өйткені бір соққымда бар қазақтың күші бар. Содан болар, қарсыласымның есінен танатыны.
  • Бәрекелді! Мына жауабың маған ұнады. Нағыз ұлтжанды азамат екенің көрініп тұр. Осы жер де мына бір мәселені анықтағым келіп тұр. Үнемі жарысқа шыққан кезде өзіңнің есіміңнен кейін Мұстафа Өзтүрікті атап жатады. Мұның сыры неде?
  • Мұстафа ағамыздай болу әр қазақтың арманы емес пе? Маған ол кісінің ұлтжанды мінезі мен таланты, шығыс жекпе-жегінде көрсеткен өнері қатты ұнайды. Оның үстіне Мұстафа ағамның есімін естісем бойыма күш-қуат бітіп, жігерленіп шыға келем. Ұлы тұлғаның аты өшпесе екен, бір сөзбен айтқанда менің бойтұмарым болмақ. Сол үшін де мен ол кісінің есімін қоса алып жүрем және мен үшін үлкен мәртебе.
  • Енді осы тұста спортқа қалай келгенің жайлы атап өтсең, өзің қай жердің азаматысың?
  • Жалпы мен Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Аймауытов ауылында 1992 жылы дүниеге келгем. Кейін 1995 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылына қоныс аудардық. Сол кезден бастап осы жерде тұрып жатырмын. Ал спортқа қай уақытта келдің десеңіз, жетінші сынып оқып жүргенде бокс үйірмесіне жазылдым. Біраз уақыт бокспен шұғылдандым. Бокс үйірмесінде де жетістігім жаман болған жоқ. Облыстық, республикалық додаларда жеңіс тұғырына көтерілдім. Бірақ бір кездерде бокстан қол үзуге тура келді. Тіпті спортты мүлде қойсам деген де ой келді. Өйткені бокста жүріп көп әділетсіздіктерді көрдім. Жеңіп тұрған кезімде қарсыласымның қолын көтерген сәттерде кездесті. Сондай олқылықтар мені қажытып жіберді. Ақыры боксты тастауға мәжбүр болдым. Өстіп жүргенде 2010 жылы джиу-джитсуға шақырды. Бесағаш ауылында Берік Мейірбеков деген жаттықтырушы бар. Берік ағай бір күні алдап жаттығуға шақырды. Жаттығу залына кел, бос жүрме, ақырындап өзің жаттыға бер деп мені джиу-джитсуға икемдеді. Осылай жаттығып жүріп, сопрттың осы түріне қалай кіріп кеткенімді өзім білмей қалдым. Бір апта болмай жатып, Қазақстан чемпионатына қатыстырып жіберді. Сол додада екінші орынға қол жеткіздім. Осыдан кейін джиу-джитсудағы өмірім басталып кетті десе де болады.

  • Одан кейін тағы қандай жарыстарға бардың?
  • 2011 жылы Семей қаласында кикбокстан өткен ел чемпионатына қатыстым. Жақсы өнер көрсеттім. Қола медальді мойныма тағып қайттым. 2010-2013 жыл аралығында өткен ірілі-ұсақты бәсекенің барлығына қатыстым. Барған жерімнен жанарыммен жер шұқып қайтқан жерім жоқ. 2013 жылы кикбокстен Қазақстанның чемпионы атандым. 2014 жылы Аслан деген досым жекпе-жек ұлттық спортына шақырды. Біраз дайындықтан кейін, Петропавл қаласында өтетін Қазақстан кубогына қатысамыз деді. Тәуекелге бел буып, байрақты бәсекеге аттандық. Он күн бұрын ерте барып, оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бір күн бұрын салмақ өлшеп, ертесіде жарысқа қатыстық. Бәсекеге шығар алдында 60 келі салмақтағы спортшылар төбелесіп жатыр екен. Сол жігіттердің өнерін тамашаладым. Бірде екеуі бір-бірін ұрғыштап, бір-бірін сұлатып жатты. Осыны көріп, алғашында шошынып кеттім. Мен қайда түсіп кеттім деген ой келді. Артынша менің кезегім келді. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, бар қорқынышты ысырып тастап, шаршы алаңға шықтым. Құдай оңдап, чемпион атандым. Чемпиондық атақпен масаттанып жүріп алмай ары қарай жаттығу істедім. Бапкер Нұрлан Аманқұловтың қоластына өттім. Сол кезден бастап қатысқан жарыстан жеңіліп көрмедім. Ішкі, сыртқы бәсекелерде тек алтын жүлдені ғана алып жүрмін. Түркияда өткен Әлем чемпионатына қатыстым. Финалға дейін барлық қарсыласымды ұтып, ақтық сында жерлесім Қазыбек Ашимов деген спортшымен жолықтым. Елден бірге барып, өзге мемлекетте екі қазақ қан жоса болып соғысқанды қаламадым. Түрік бауырларымыздың алдында жасы үлкен Қазыбек ағама жолымды бердім. Одан кейін Молдовада өткен «К-1» біріншілігінде 2015 жылы Еуропа чемпионы атандым. Кикбокстен әлем кубогында қолаға қол жеткіздім. Жекпе-жек ұлттық спортынан Еуразия чемпионы, әлем кубогын иелендім. Ең ірі деген жетістіктерім осы.
  • Арман, бір басыңа жетерлік жетістіктерің көп екен. Ендігі жерде мынаны айтшы, әлеуметтік желіні шулатқан Ингушетиядағы бәсеке. Мәртебеміз бір көтеріліп қалды. Осы жағын кеңінен толғасаң?
  • Ол ораза айы болатын. Алланың қасиетті айында маған бір жақсы жекпе-жек берші деп сұраған едім. Тілеуімді қабыл етіп, Қазақстан ММА федерация Ингушетияда М-1 тұжырымы бойынша өтетін жарысты ұсынды. Сонымен келген шақыртуды қабыл алып, сайысқа тыңғылықты дайындалдым. Алты жекпе-жек өткізіп, ешбірінде жеңілмеген дағыстандық Гаджимурат Алиевпен жұдырықтасатын болдым. Сәтті болды деп ойлаймын, ел намысын таптатпадым, еңсемді биік ұстап, жеңіспен оралдым. Алғашында олар да меннен ондай күтпеген болу керек. Қарсыласымды сұлатып салғаннан кейін, көзқарастары да өзгеріп сала берді. Құрмет пен қошеметтері де артты. Оқу-жаттығу жиынын бірге өткізуге де ұсыныстар түсті. Біздің елден көшіп барған Ингуштар көп екен. Жекпе-жектен кейін солар келіп, құшақтап, бауырым деп құттықтап жатты. Федерацияның президенті де бізден көшкен. Қатты қуанып, қонақжайлық танытты. Біздің бауырлар, Қазақ халқына алғысын айтып, арнайы Алғыс хат табыс етті.
  • Одан кейін Мәскеуде өткен бәсекені айтайықшы. Шашы сары жігітті де құлаттың. Оны да айта отырсаң?
  • M-1 Challenge 85 турнирі де мен үшін сәтті болды. Қазақтың атынан жалғыз барғасын жауапкершілік өте жоғары болды. Мәскеуге шайқас болатын күннен бұрынырақ бардық. Қарсыласымды көрдім. Шашы ағарып кеткен бразилиялық жігіт екен. Бірге жаттығуда болды. Бір-бірімізге іш тартып, құпиямызды ашпауға тырыстық. Төбелес басталатын күні толықтай жеңіске деген жігерім күшті болды. Өзіме сенімді болдым. Әрине, іште толқу болмады емес болды. Елдің атын шығарамын деп барып, жерге қарап жүрмейін деген жауапкершілік басым болды. Бірақ рингке шығатын кезде барлығы артта қалды. Оның үстіне Қайрат Нұртастың «Алға Қазақстан!» деген әнін естігенде тіптен жігерленіп, делебем қозып, тас шайнап, құм түкіретін батырдай сезіндім. Сонымен шыға сала 3,5 минутта жеңіске жеттім. Алғашында кездесудің алдында «М-1-дің» пиар менеджері келіп сенің жеңетініңе сенемін. Тек жанкүйерлер екі жақты болып отыр. Жартысы жеңеді десе, екінші тарап жеңіледі. Бірінші жекпе-жегіндегі жағдай кездейсоқтық деп отырғандар да бар деді. Мен сол кезде кездейсоқтық емес екенін дәлелдедім.
  • Бұл доданың барлығына кім жіберіп жатыр? Арнайы қолдау болып тұра ма?
  • Әрине, Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауы көп. Соның ішінде өзім тіркелген жоғары спорт шеберлігі мектебіне алғысым шексіз. Оның сыртында жекелей демеушілер де болды. Мәселен, «Мұстафа Өзтүрік» жекпе-жек орталығының президенті Қайыр Мейірбек ағама да ризашылығымды білдіремін.
  • Ендігі мақсатың жайлы айтып кетсең?
  • Адамда арман таусыла ма? Мақсатсыз болмайды. Спортта ең керегі алға мақсат қою. Менің негізгі мақсатым «М-1» белбеуін иелену. Жуырда Ресей мемлекетінде үлкен сайысқа шығам. Қазір соған жаттығу істеп жатырмын.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ.

Сәйкес жаңалықтар

Сенсация,»Црвена звезда» жеңді!

bairakkz

Юлия Галышева әлем чемпионы!

bairakkz

«ОЛИМИАДА — 2020»: ЖОЛДАМАНЫ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ЖЕҢІП АЛДЫ

bairakkz