Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

Қазақстандықтар eGov Mobile қосымшасындағы әл-ауқат калькуляторын пайдалана алмай қалды

Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған онлайн калькулятордың жұмысына шектеу қойылды. eGov Mobile қосымшасында іске қосылған жаңа қызмет бір күн өтпей жатып кейбір азаматтар үшін қолжетімсіз болып қалды.

18 қазанда eGov Mobile қосымшасында қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін ресми калькулятор іске қосылған болатын. Алайда 19 қазаннан бастап бірқатар азамат сервиске кіре алмай қалғанын әлеуметтік желілерде хабарлады.

Желі қолданушыларының кейбірі калькулятор тек мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алатын азаматтарға ғана қолжетімді екенін жазды. Дегенмен мұндай шектеудің нақты себебі әзірге ресми түрде түсіндірілген жоқ.

Калькулятор нәтижесі тұрғындардың наразылығын тудырды

Жаңа сервисті пайдаланып үлгерген азаматтардың арасында оның нәтижесіне күмән келтіргендер де бар. Әлеуметтік желілерде кейбір отбасылардың материалдық жағдайы шынайы табысына сәйкес бағаланбағаны туралы пікірлер айтылды.

Атап айтқанда, бірқатар тұрғын калькулятордың өздерін орташа әл-ауқат санатына жатқызғанына наразылық білдірді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұған дейін калькулятор нәтижесі азаматтар енгізген мәліметтер негізінде қалыптасатынын түсіндірген. Сондықтан оның қорытындысы тек ақпараттық сипатқа ие және жәрдемақыны тағайындауға немесе тоқтатуға тікелей негіз болмайды.

2027 жылдан бастап не өзгереді?

Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланған.

Жаңа жүйе бойынша отбасылар материалдық жағдайына қарай A, B, C, D және E санаттарына бөлінеді.

Әл-ауқатты бағалау кезінде отбасының табысы, тұрғын үйі, автокөлігі және басқа да мүлкі ескеріледі.

Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты — мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау.

Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев калькулятордың жұмысын өз отбасының мысалында көрсеткен. Есептеу нәтижесінде министрдің отбасы B санатына жатқызылған.

Әзірге әл-ауқат калькуляторының барлық азаматқа қашан қайта қолжетімді болатыны белгісіз.

Сәйкес жаңалықтар

«Біреуді мазақ еткен комментке лайк басу күнә». ҚМДБ үндеу жасады

bairakkz

«Проблемаңды ешкімге айтпа». Сәкен Майғазиев оқырмандарына кеңес айтты

bairakkz

Велосипедпен Түркияда серуендеп жүрген қазақстандық қаза тапты

bairakkz