Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңалықтар

ҚАРҒА АДЫМ ЖЕРДЕ БАҚЫТЫМ

Өмір ағысы қатты ұлы дарияға ұқсайды. Оны жүзіп өту үшін ерекше қайсарлық қажет. Өйткені, күреске толы бір күндік сәуледей ағып өтетін қысқа ғұмырда адамдар басынан сан түрлі қиындықтарды өткереді. Кейбірі жалғанның жал-жал толқындарына төтеп бере алмай, тағдырының алдында тізе бүгіп жатады. Әйтсе де басына салған қиындықтарды жеңіп, бақытты болашағын бағдарлағандар да жетерлік. Солардың бірі – қилы тағдырдың қиындығына жолықса да өмірдің ағысына қарсы жүзіп, ауыр сынын еңсеріп қана қоймай, байрақты бәсекелерде ел намысын қорған жүрген Ернат ҚОСМҰХАНОВ.

– Мен 1990 жылы Семей қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Алты ағайындымыз. Әкем Төлеуғазы мен анам Анардың тұла бойы тұңғышымын. Қазақта тұңғыш бала ата-әжесінің қолында өсуі ежелден бар жосын. Сондықтан, әкем мен анам мені шақалақ шағымнан-ақ апамның бауырына басты. Немерем жаннан тәтті деп үш айлығымда Нұрзия апам бесік жырын, ертегі-аңыздарын, жыр-дастандарын, өсиет-насихаттарын айтып, еркелетіп тәрбиеледі. Жарық дүние есігін он екі мүшесі сау адамдардың қатарында аштым. Өзгелер секілді мен де бал балалық шағымда ауылдың борпылдақ топырағында жалаңаяқ шапқылап, қар, жел мен жаңбырына қарсы жүріп, шынығып өстім. Бала күнімнен оқуда озат, еңбекқор, ұқыпты болдым. Бірақ тағдырдың жазуы болар, жетімдіктің, жоқшылықтың кермек дәмін ерте таттым. Әр бала үшін асқар тау әкенің ақылы мен анасының аялы алақанына жетер еш нәрсе жоқ қой. Ата-анаңның қасыңда жүргенінің өзі бір бақыт емес пе?! Өкінішке қарай, біз ата-анамыздан ерте айырылдық. Қайғы құшып, соңымнан ботадай көздері мөлдіреген төрт інім мен қарындасым қалды. Бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай Нұрзия апам өсірді. Тағдырдың тауқыметі иығына түссе де апам мойымай, балаларын өсіріп-жетілдіру үшін қара жұмысқа жегілді. Қайтсем де құлындарымды асыраймын деп тынбай жұмыс істеді. Оқытты, тоқытты. Біз де білікті маман болу үшін сабағымызды жақсы оқыдық.

 Білім ордасын Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылында тамамдап, Талдықорған политехникалық колледжіне оқуға түстім. Одан кейін білімімді І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде жалғастырдым. Өсе келе апама қолғанат, інілерім мен қарындасыма қамқор болуға тырыстым. Жазға дейін жоғары оқу орнында сабақ оқысам, демалыста қара жұмыс істеп, табыс тауып жүрдім. Жалындаған, арман қуған жас шағымда апамның бір жағына шығысамын, білім алып білікті маман боламын деген алға қойған мақсатым мен арманым көп болды. Бірақ 19 жасымда ойламаған жерден теміржол апатына түсіп, екі аяқтан жүруден қалдым. Жарық дүние есігін аман-есен ашып, жалындаған жастық шағымда алға қойған мақсаттарымды енді орындаймын дегенде екі аяқтан бірдей айырылып, қанатым қайырылғандай болды. Екі жылдай тағдырдың басыма салған қатыгез де мейірімсіз, болжаусыз ісінен қатты қиналдым. Мен ғана емес, туыстарым да сары уайымға салынды. Апамның уайым басқан әжімді келбеті әлі көз алдымда, көлбеңдеп кетер емес. Немере десе жанын беретін апам: «Өмір жолы тақтайдай түзу емес, сан мыңдаған соқпағы бар. Жығылдың ба, қайта тұрып жүгір. Қиындықпен күресе біл. Сонда ғана жеңіске жетесің», – деп ақылын айтты. Осы сәтте кеудемдегі шемен шерім тарқатылып, көзімде көгалды күн жайнағандай болды. Жалғаннан күдер үзіп, отбасымды қайғыға салғаннан не табамын?!  Бұл да Алланың берген сынағы болар деп, өмірдің ағысына қарсы жүздім. Апамның қолдауының арқасында жігерленіп, алға қарай қадам бастым. Қоғамдық жұмысқа араластым. Қазір ойланып отырсам, қиындықтарды жеңуге де қайсарлық керек екен. Мен басыма түскен қиындықтардың барлығын жеңдім. Сондықтан, өткеніме өкінбеймін. Тағдырыма ризамын. Күн сайын арайлап атқан таң шапағын көргеніме, мына қара жерді басып жүргеніме шүкір деймін.

Бір сәтте-ақ тепсе темір үзетін, дені сау ер-азамат қос аяғынан айырылды. Бірақ ол жалғаннан күдер үзбеді. Керісінше, кеудесін бастырмай, еңсесін тіктеді. Таусылмас табандылық пен жасымас жігерінің арқасында сау адамдардың қатарына қосылды. Спортты жанына серік етіп, биік белестерді бағындырды. Ендеше әлемдік додаларда атой салған Ернаттың спорттағы жеңісіне құлақ түрейік.

– Жігер мен ұмтылыс менің маңдайымнан сипамағанмен қолтығымнан демеді. Спорт деген сиқырлы өнерге деген құлшынысымды арттырды. Уақыт өте келе, саламатты өмір салтын қолға алдым. Бала күннен спортпен шұғылданып өстім ғой, енді неге тұралап қалуым керек деп ағаларымнан қалған темір-терсектерді жинап, жаттығуға кірістім. Алғашқы жылы өзім дайындалдым. Жалғыз адамға жаттығу жасау қиынның-қиыны. Бір адам қасыңда зілтемірді алып беріп, көтере алмай бара жатсаң демеп тұру керек. Осы кезде маған Ермек Сопбеков деген сыныптасым қолдау көрсетті. Үш жылдай дайындады. Спорттағы алғашқы бапкерің кім десе, сыныптасымды айтамын. Үш жылда біраз нәрсе үйрендім.  Бірақ жарысқа барамын деп ойламадым. Тек өзім үшін жаттығу жасап жүрдім. Бір күні әкімшіліктен адамдар келіп, менен жарысқа қатысқың келе ме деп сұрады. Дайындық бар, неге бағымды сынап көрмеске? Көп ойланбастан сайысқа қатысамын деп шештім.

Алғашқы жарыс болған соң бойымда жеңіске деген желпіністен гөрі қорқыныш пен үрей басымырақ болды. Жұртшылықтың қолдауын ақтай алмаймын ба деп те алаңдадым. Әйтсе де, жеңіске жетемін деп жігерімді жаныдым. Сөйтіп, алғашқы жарысымда-ақ тұғырдың бірінші сатысына көтерілдім. Қуанышым қойныма сыймай, Мақтау қағазын алғаным әлі есімде. Жеңіс спортқа деген қызығушылығымды одан әрі арттырды. Осыдан кейін тынбай жаттығу жасадым. Сол жылы облыстық жарыста, Көкшетау қаласында өткен республикалық додада алтыннан алқа тағып, спорт шебері атағын алдым. Уақыт өте келе Қазақстанда өткен түрлі чемпионаттарда топ жардым. 2012 жылы Бурабайда, былтыр Атырауда өткен додада жеңістің желкенін көтердім. Сонымен қатар, былтыр пауэрлифтингтен тірек-қимыл қозғалыс аппараты зақымданған спортшылар арасында 49 келі салмақта ел чемпионы атандым. Жапонияда өткен Азия біріншілігінде жеңіске жеттім. Сондай-ақ, Венгрияда өткен халықаралық жарыста рекорд орнаттым. Жақсы нәтижелер көрсеткеннің арқасында бүгінде білікті бапкер Денис Орловтың тобында дайындалып жүрмін. Алдағы уақытта жаттығуды күшейтіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге тырысамын. Байрақты бәсекеде ел намысын асқақтатып, Көк туымызды көкте желбіретуге барымды саламын. 

Бұл Ернат Қосмұхановтың үлкен азаматтық пен спорттық өмірінің жеңісі. Биік шыңды бағындырған қазақтың қайсар баласының алдағы мақсаты мен арманы қандай? Оны да сұрап көрдік.

– Адам қанатсыз құс секілді. Ылғи да биік асуларды армандайды. Сол асыл арман-мұратқа жеткізеді. Өмірдің заңы осындай. Әр адам баласының арманы білікті де білімді маман иесі болу екені хақ. Мен апамның берген тәлім-тәрбиесін ақтау, елімнің намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғап Олимпиада чемпионы атанғым келеді. Оған жету үшін ерінбей еңбек етіп, алға қарай ұмтылуы қажет. Алға қойған мақсатымды өз кезегімен бағындырып келемін.

Дана халқымыз «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын» дейді. Жолдастарым көп. Ең бастысы, солардың ортасында сыйлымын. Достарыммен көп уақыт өткіземін. Олардың барлығы үйлі-баранды. Үнемі маған үйлен деумен келеді. Мен бар өмірімді спортқа арнадым. Себебі, уақытымның барлығы жаттығуда өтті. Сондықтан болар, әлі отбасын құрмадым. Ендігі басты арманым – жар тауып, бала сүю. Әжемнің шөберелі болып, баламды қолынан жетектеп мектепке апарғанын қалаймын. Қарға адым жерде тұрғандай менің бақытым. Бұйырса ол да болар.

Ұлы Даланың дабыл қаққан перзенті қилы тағдырдың қиындығын көрсе де, тағдырдың теперішіне қасқая қарсы тұрды.  Соның арқасында жасып қалған бар үміті жасаң тартып, шаттықтың шаңқан үйіне бастап барды. Бойында кемістігі болса да, өмірде жеңісі көп Ернаттың тағдыр-соқпағы көпке үлгі. Өйткені, қазақтың қайсар баласының биік те мықты рухы бар.  Олай болса дүбірлі додаларда ел намысын ту етіп, мәртебесін көтеріп жүрген спортшымызға жарқын жеңістер тілейміз!

Айдар ҚАЛИЕВ

 

Сәйкес жаңалықтар

Бүгін де жүлде жоқ

bairakkz

Тоқаев Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына арналған концертті тамашалады

bairakkz

bairakkz