Өскеменде ауа ластанып, 400 мың адамға қауіп төніп тұр. Бұл туралы Сенат депутаты Ольга Булавкина айтты, деп хабарлайды bairak.kz Halyq Uni -не сілтеме жасап.
Депуатттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.
Өскеменде 400 мың адам қолайсыз экологиялық жағдайда өмір сүріп жатыр. Биыл 27-29 қарашада «Қазгидромет» РМК қаладағы ауада рұқсат етілген концентрация шекті нормадан асып кеткенін тіркеді. Онда хлорсутегінің бір реттік шекті рұқсат етілген концентрациясы 9 есе жоғары екені анықталды. Жергілікті билік 53 мың оқушыны қашықтан оқытуға мәжбүр болды, – деді Ольга Булавкина.
Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында өкпе қатерлі ісігінің 29 жаңа дерегі тіркелді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12%-ға көп. Сондай-ақ терінің қатерлі ісігі де жиі кездеседі.
Бұл аурулар Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое, Шемонаиха аудандары, Алтай өңіріндегі өнеркәсіпті аймақтарда жиі тіркеледі. Мұндай жағдай Шығыс Қазақстанда экологиялық ахуалдың нашар екенін, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етіп жатқанын көрсетпей ме? – деді депутат.
Ольга Булавкина биыл сәуірде өңірдегі экологиялық жағдайдың күрделі екенін айтып, депутаттық сауал жолдағанын еске салды.
Өскемендегі ірі кәсіпорындардың үлесіне жылына шамамен 47 мың тонна немесе жалпы шығарындының 29%-ы тиесілі. Жылжымалы зертханалардың жетіспеушілігіне байланысты бүкіл өнеркәсіптік аймақта ластану көзін нақты анықтау мүмкін емес. Мұны кейбір кәсіпорындар пайдаланып, экологтардың шағымдарын сотта жоққа шығарып отыр, – деді сенатор.
Депутат ауаның ластану деңгейі бар аймақтарда экологиялық жағдайды бақылау үшін үкіметтік комиссия құруды ұсынды.
Бұл мәселенің пайда болу себебін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ келтірілген залал мен халықтың денсаулығына келген зиянды бағалау керек. Өнеркәсіп иелеріне атмосфералық ауаның сапасын автоматты бақылау станциясымен, ауаға сынама жүргізу және дайындау жүйесімен әрі өндірістік бақылау мен экологиялық мониторингті жүргізу құралдарымен жабдықтауға қойылатын талапты күшейту қажет. Мемлекеттік экологиялық бақылау функциясын іске асыруға кедергі келтірген заңды және жеке тұлғалардың жауапкершілігін қатаңдатуды маңызды деп санаймыз, – деді Ольга Булавкина.
Фото: Bairak.kz