Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарҚоғам

Автокөлікті велосипедке алмастырайық: жолдағы қауіпсіздік апталығы басталды

12-18 мамыр аралығында әлем бойынша БҰҰ жариялаған Жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған жаһандық апта өтеді. Мақсаты — жол апаттарынан болатын қайғылы жағдайларды азайтып, жаяу жүргіншілер мен велосипед мінушілердің қауіпсіздігін арттыру, деп хабарлайды bairak.kz.

Қазақстанда бұл бастаманы Vision Zero Community қауіпсіз қалалық мобильділік қоғамдық қоры, Almaty Air Initiative қоры, сондай-ақ Sergek Group және inDrive компаниялары қолдап отыр.

2024 жылы елімізде 30 мыңнан астам жол апаты тіркелді — бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп. Өкінішке қарай 2,5 мыңнан аса адам қаза тапты. Қоғам назарын жол апаттарындағы жарақаттар мәселесіне аударып, осы тақырыпты ашық көтеру арқылы біз адамдарды жолдағы жауапкершілік пен денсаулықты сақтау мәдениетіне үйрете аламыз, — дейді Vision Zero Community қоғамдық қорының жетекшісі Ерқанат Зайытов.

Sergek Group компаниясының тең құрылтайшысы Әсет Ахметовтің айтуынша, компания бұл БҰҰ бастамасын қуана қабылдаған:

Біз жылдар бойы қауіпсіздік пен экология саласында жұмыс істеп келеміз. Көлік жүргізудің қауіптілігін жақсы білеміз. Сондықтан осы аптада жеке көлікті қойып, велосипед, қоғамдық көлік не самокат сияқты балама көліктерді қолдануға тырысамыз. Өзім болса, әдетте жұмысқа жаяу барамын — мен үшін бұл үйреншікті, — деді ол.

Қазақстандағы inDrive компаниясының елдік менеджері Арай Бекембаев акцияға қызметкерлері арқылы қатысатынын айтты:

Біздің компанияның Алматы мен Астана кеңселерінде мыңнан аса адам жұмыс істейді. Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы аясында біз оларды жеке көліктің орнына велосипед, самокат сияқты экологиялық таза көліктерге ауысуға, ал мүмкін болса, жұмысқа жаяу келуге шақырамыз, — деді Арай Бекембаев.

Экология саласының мамандары жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығының қалалардың экологиялық жағдайына да оң әсер ететінін атап өтті.

Автокөлік шығарындылары — Алматыдағы ауаның қатты ластануының негізгі себептерінің бірі. Ең қауіптісі — бұл газдардың дәл адамның тыныс алатын биіктігінде шоғырлануы. Сондықтан алматылықтар жеке автокөліктен бас тартып, жаяу жүруді, велосипед немесе самокатты таңдаса, бұл тек жол қауіпсіздігіне емес, сонымен қатар таза ауаға қосқан үлес болар еді, — деді Алматының ауаны ластауға қарсы күреске бағытталған Almaty Air Initiative қоғамдық бастамасының атқарушы директоры Жұлдыз Саулебекова.

Айта кетейік, қауіпсіз әрі орнықты көлік мәдениеті — денсаулық, экология, инклюзия және жайлы қала өмірі сияқты тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің бір жолы.

Сәйкес жаңалықтар

WBC қазақстандық боксшыға чемпиондық жекпе-жек береді

bairakkz

«Тағдырға бағындым». Бағым Мақсатқызы марқұм күйеуіне ән арнады

bairakkz

Қаржаубай Нұрымов Хуторский жігіттері туралы айтты

bairakkz