Білімнің қайнары – бастауыш мектепте. Осы саланың шынайы майталманы, Ақтау қаласындағы «Жайсаң бала» мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, Педагогикалық шеберлік орталығының тренері, педагог-шебер Дәметкен Жиенғалиқызы Қалиева осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған жан. Тәжірибелі педагог отыз жылдан астам уақыт бойы жас буынды тәрбиелеу мен оқыту жолында қажырлы еңбек етіп келеді.
Дәметкен Жиенғалиқызы үшін бастауыш мектеп – үлкен өмірге бастар алғашқы баспалдақ. Сондықтан ол әр баланың бойындағы табиғи қабілетті танып, тұлғалық дамуына бағыт беру, зияткерлік және рухани әлеуетін ояту ісін өзінің басты міндеті деп біледі. «Бастауыш педагогының ұстанымы – баланың өзін, қоғамдағы орнын тануға жол ашу», – дейді ол. Мұғалімнің айтуынша, кіші жастағы оқушының өз ойын еркін жеткізе білуі, мәдениетті сөйлеуі, өз әрекетін басқаруы мен реттеуі – сапалы білімнің негізгі көрсеткіші.
Заманауи білім берудің талабына сай Дәметкен Қалиева сабақ үдерісіне түрлі инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізіп, оқыту процесін өнімді етуге ерекше мән береді. Ол оқушылардың қызығушылығын арттыру, сенімділігін нығайту, оқу мазмұнын жеңіл қабылдауына мүмкіндік жасау мақсатында жасанды интеллект құралдарын тиімді қолданады. Бұл тәсіл, бір жағынан, баланың заманауи ортаға бейімделуіне, екінші жағынан, мұғалімнің кәсіби ізденісін жетілдіруге жол ашады.
Көпжылдық еңбегі мен жаңашыл көзқарасының нәтижесінде ұстаздың шәкірттері жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. «Алтын белгі» иегерлері, «Үздік аттестат» иелері, ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектер – оның еңбегінің айғағы. 2024 жылы Дәметкен Жиенғалиқызы білім саласындағы үздік еңбегі үшін Ұлттық білім академиясының «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Бұл – оның ұстаздық өміріндегі ең биік шыңы, ең үлкен марапаты.
Оқыту саласында кездесетін өзекті мәселелерге зерттеу жүргізіп, әдістемелік нұсқаулықтар мен бағдарламалар әзірлеу де – оның жұмысының маңызды бөлігі. Ол облыстық және республикалық деңгейде әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, заманауи педагогиканың даму бағыттарына өз үлесін қосып келеді. Бұл ізденістер Дәметкен Жиенғалиқызының шығармашылық әлеуетін арттырып, кәсіби өрісін кеңейте түсті.
Цифрлық дәуір талабына сай ол білім беру процесін технологияландыруға, оқу үдерісін жаңа форматта ұйымдастыруға ерекше көңіл бөледі. Мұғалімнің мақсаты – сандық ортада сыни ойлайтын, ақпаратты талдап, дұрыс шешім қабылдай білетін, өз бетінше әрекет етуге қабілетті тұлға тәрбиелеу. Ол оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыру, виртуалды және нақты әлем арасындағы тепе-теңдікті сақтау, жаңа ұрпақтың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету бағытында үздіксіз еңбектеніп келеді.
Дәметкен Жиенғалиқызы – жаңашылдыққа ұмтылған, шәкіртіне мейірім мен білім нұрын дарытқан нағыз ұстаз. Оның саналы ғұмыры – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен рухани тәрбие беруге арналған үлкен мектеп, ұлағатты өнеге.
