Монополияға қарсы орган «Астана ЕРЦ» ЖШС-не заңсыз әрекеттеріне байланысты ескерту жіберді,, деп хабарлайды bairak.kz.
Ведомствоның мәліметінше, 14 қарашада «Астана ЕРЦ» БТҚ бойынша төлем қабылдау тәртібінің өзгергені туралы хабарлама жариялаған. Онда төлемдер тек «Kaspi.kz» мобильді қосымшасы арқылы қабылданатыны, ал басқа банктер мен төлем жүйелерінің уақытша қолжетімсіз екені көрсетілген.
Мұндай шектеулер тұтынушылардың таңдау мүмкіндігін азайтып, қаржы нарығының бір қатысушысына басымдық беруі ықтимал. Бұл Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 10) және 11) тармақшаларында көрсетілген үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалануға жататын белгілерге сәйкес келеді.
Осыған байланысты Астана қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті Кодекстің 198-бабына сүйене отырып, «Астана ЕРЦ» ЖШС-не бәсекелестікті шектеуге алып келуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту жолдады.
Сонымен қатар департамент нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие компаниялар барлық тұтынушылар мен нарық қатысушылары үшін тең және кемсітусіз жағдай жасауға міндетті екенін еске салды.
