2026 жылы Қазақстанда білім берудің тұтас әрі орнықты жүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласын жүйелі жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2026 жылға жоспарланған негізгі бастамалар мен жаңашылдықтар жөнінде ҚР оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова баяндады.
Оның айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заңға бірқатар өзгерістер енгізілуде. Аталған түзетулер:
-
педагогтерді артық қағазбастылықтан қорғауға;
-
мектептен тыс уақытта балаларға қатысты жазатайым оқиғалар үшін ата-аналардың жауапкершілігін нақтылауға;
-
мұғалімдердің құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжатта баланың қауіпсіздігі, білім алу, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және құқықтарын қорғауға қатысты барлық қолданыстағы шаралар бір жүйеге біріктіріледі.
Мамандандырылған білім беру ұйымдарын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Атап айтқанда, Абай атындағы мектеп-интернаты Абай мектебіне трансформацияланып, оқу мазмұны жаңартылды.
Бұдан бөлек, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және білім беру саласындағы ынталандыру тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылып отыр. Соның аясында:
-
халықаралық ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздарына;
-
оларды дайындаған педагогтерге
біржолғы мемлекеттік сыйақы тағайындау ұсынылып отыр.
Сондай-ақ «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы қаралуда.
Үкімет атап өткендей, қабылданып жатқан барлық шаралар баланың мүддесін қорғауға, педагогтерді қолдауға және сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін мұғалімдердің жүктемесін азайтуға арналған Ұлттық білім беру платформасын іске қосу жоспарланғаны хабарланған болатын.
