Halyk Finance мәліметіне сәйкес, 2025 жылы бастапқы нарықтағы жаңа пәтерлердің бір шаршы метрі орта есеппен 15,7%, ал қайталама нарықтағы баспаналар 14,6% қымбаттаған.
Жаңа үйлер сегментінде ең жоғары өсім Қонаев пен Павлодар қалаларында тіркеліп, баға бір жылда 22,9% өскен. Бұл көрсеткіш Алматы (19,8%), Астана (17,4%) және Шымкенттің (15,6%) өсімін озып кетті. Ал Петропавл, Семей және Қарағанды қалаларында баға өзгерісі 5%-дан төмен болды.
Қайталама нарықта ең ірі өсім Алматыда байқалды — бір шаршы метрдің құны бір жылда 25,4% көтерілді. Қарағандыда ескі пәтерлер тек 2,4%, ал Қонаевта баға өткен жылғы деңгейде қалды.
Жалдамалы пәтер нарығы да халыққа ауыр тиіп отыр. Орташа өсім 13,1% болса, Павлодарда жалдау ақысы бір жылда 42,9%, Петропавлда 40,9%, Ақтөбеде 30,4% өскен.
Сарапшылар тұрғын үй бағасының күрт өсуін бірнеше фактормен түсіндіреді: нарықты реттеудегі өзгерістер, ҚҚС өсуі мүмкін деген күту, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тұрғын үйге бөлінетін қаражаттың 83% артуы және елдегі инфляциялық қысымның күшеюі.
