Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісіне байланысты оның арызын тірі кезінде қабылдамаған полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов хабарлады. Оның айтуынша, мәжбүрлеп некеге тұрғызу дерегі бойынша уақытылы шара қолданбаған полиция қызметкерлері селқостық танытқаны үшін жауапқа тартылып отыр. Қылмыстық істі ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік департаменті тергеп жатыр.
Еске салайық, бұл іс Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынына ілігіп, соның нәтижесінде Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылған болатын.
