Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыс өңірінен Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компанияларының қолдауымен 4700-ден астам қазақстандық елге оралған.
Әуе рейстерінен бөлек, азаматтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылуда. 6 наурыз күні Қазақстанның шетелдегі мекемелері «Заркух» компаниясының жеті қызметкері – Қазақстан азаматтарының Иран–Армения шекарасына жетуін ұйымдастырды.
Алдын ала мәлімет бойынша, «Заркух» компаниясы осы бағыт арқылы қалған 16 қазақстандықты да эвакуациялауды жоспарлап отыр. Жалпы бүгінгі күнге дейін Ираннан 66 Қазақстан азаматы елге қайтарылған.
Министрлік мәліметінше, өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерде үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, отандастарымызбен тұрақты байланыс орнатқан.
