Қазақстандық әнші Sadraddin Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғаға байланысты Алматыда жоспарланған концерттерінің күнін өзгертті.
Әнші бастапқыда Алматыда 26 және 27 қыркүйекте өнер көрсетуі керек болған. Жаңартылған кестеге сәйкес, концерттер 27 және 28 қыркүйекте өтеді. Осылайша, екі концерт те бір күнге шегерілді.
Sadraddin тыңдармандарына кестедегі өзгеріс туралы хабарлап, алдағы жоспарын құрғанда жаңа күндерді ескеруді сұрады. Бұған дейін сатып алынған билеттер өз күшінде қалады және тиісті жаңа күндердегі концерттерге жарамды.
Концерттердің кейінге шегерілуіне Маңғыстау облысында болған қайғылы жағдай себеп болды.
24 қыркүйекте өңірде Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде жел күшейіп, 17 әскери қызметші суға кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Оқиғаға дейін Қазгидромет Маңғыстау облысында желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшеюі мүмкін екенін ескерткен.
Қайғылы жағдайға байланысты Бас прокуратура қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
