Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

Туыстары дабыл қаққан сарбаздар оқиға күні қайда болғандарын айтты

Фото: Видеодан скрин

Маңғыстау облысында 14 әскери қызметші қаза тапқан қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары тағдырына алаңдаған Әли Мағауия мен Айнар Ахметов видеоүндеу жасады. Екі сарбаз да оқиға болған күні катерге мінбегенін және жағалауда болғанын мәлімдеді.

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде екі мерзімді әскери қызметшінің жағдайын анықтауды сұраған жазбалар тараған еді. Бұған Қорғаныс министрлігінің теңізге кеткен әскери қызметшілер саны туралы бастапқы және кейінгі мәліметтерінің әртүрлі болуы да себеп болды. Алғашында ведомство 19 әскери қызметші туралы хабарлаған, кейін олардың саны 17 адам деп нақтыланды.

«Біз катерге мінген жоқпыз»

Әли Мағауияның айтуынша, 24 қыркүйекте ол теңізге шықпай, жағалаудағы тапсырманы орындаған.

«24 қыркүйекте мен катерге мінген жоқпын. Жағалауды күзету тапсырмасын орындадым. Сол күні маған ұялы телефон берілді. Ата-анаммен сөйлесіп, жағдайым жақсы екенін айттым», – деді Әли Мағауия.

Айнар Ахметов те оқиға кезінде жағалауда болғанын айтты.

«Сол күні біз катерге мінген жоқпыз. Жағалауда болдық», – деді әскери қызметшілер видеоүндеуде.

Бұл мәлімдемелер Қорғаныс министрлігі бұған дейін таратқан ресми ақпаратпен сәйкес келеді. Ведомство екі сарбаздың да оқу-жаттығу кезінде теңізге шықпағанын мәлімдеген.

«Мерзімді қызмет матростары Ахметов пен Мағауия жағалауда оқу тапсырмаларын орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болды. Қазіргі уақытта олар әскери бөлімде және күн тәртібіне сәйкес қызметін жалғастырып жатыр», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Министрлік азаматтарды тексерілмеген және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға шақырды.

Туыстары басқа нұсқаны айтқан

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Айнар Ахметовке қатысты басқа мәлімет тараған. Өзін сарбаздың туысы ретінде таныстырған тарих профессоры Дәметкен Сүлейменова Айнардың оқиға кезінде суға түсіп кеткенін және өз күшімен жағаға шыққанын айтқан.

Оның сөзінше, сарбаз жанында болған әскери қызметшіге де көмектесуге тырысқан.

Бұл мәлімдеме Қорғаныс министрлігінің ресми ақпаратына және Айнар Ахметовтің өзінің айтқанына қайшы келеді. Қазіргі уақытта туысы айтқан нұсқаны растайтын тәуелсіз дерек жарияланған жоқ.

Каспийдегі қайғылы оқиға

Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде болды.

Қорғаныс министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан Каспий теңізінде 17 әскери қызметші суға кеткен. Үшеуі аман қалып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

25 қыркүйек таңертең із-түзсіз жоғалған соңғы екі әскери қызметшінің денесі табылып, іздеу-құтқару операциясы аяқталды.

Оқиғаға байланысты қызметке салғырт қарау салдарынан ауыр зардаптарға әкелу және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр.

Тергеу аясында Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі бес лауазымды тұлға ұсталды. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі бар.

Президент комиссия құруды тапсырды

25 қыркүйекте Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Қайғылы оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру үшін арнайы комиссия құруды тапсырды.

Тексеру әскери бөлімдердің қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін қоса алғанда, бірқатар бағытты қамтиды. Комиссия алғашқы нәтижелерін жеті күн ішінде ұсынуға тиіс.

Қазір тергеу барысында оқу-жаттығудың қалай ұйымдастырылғаны, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, ауа райы жағдайы, катердің техникалық күйі және жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері тексеріліп жатыр.

Сәйкес жаңалықтар

Елімізге аптап ыстық келе жатыр

bairakkz

Magnum клиентке «қазақша сөйле» деген курьерін жұмыстан шығарып жіберді

bairakkz

UFC: Шавкат Рахмоновтың қарсыласы кім екені белгілі болды

bairakkz