Дүниежүзілік банк Қазақстанға «7-20-25» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасын кезең-кезеңімен тоқтатуға кеңес берді. Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік қолдау баспанаға шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағытталуы тиіс.
Банктің «Тұрғын үй және үміт» зерттеуіне сәйкес, бүгінде Қазақстанда нарықтық ипотека арқылы баспана сатып алуға табысы ең жоғары отбасылардың 20%-ының ғана мүмкіндігі бар. Ал жеңілдетілген ипотеканы көбіне орташа және жоғары табысы бар азаматтар пайдаланады.
2024 жылы елімізде тұрғын үйге арналған мемлекеттік субсидияларға шамамен 950 млрд теңге жұмсалған. Бұл жалпы ішкі өнімнің 0,7%-ына тең. Соның ішінде «7-20-25» бағдарламасына жыл сайын 100 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Алайда оның үлесіне берілетін ипотекалық несиелердің небәрі 5%-ы тиесілі.
Сарапшылар тұрғын үй бағасы мен жеңілдетілген ипотека талаптарының арасында да үлкен айырмашылық бар екенін атап өтті. Мәселен, 2024 жылы Алматы мен Астанада пәтердің орташа құны 45 млн теңгеге жетсе, «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана бағасының шекті мөлшері 30 млн теңге болып белгіленген.
Осыған байланысты Дүниежүзілік банк төмен пайызбен несие берудің орнына азаматтарға бастапқы жарнаны жинауға көмектесуді ұсынады. Мемлекет тұрғын үй құнының 15%-ына дейінгі бөлігін өтесе, ипотекалық несие көлемі мен ай сайынғы төлем азаюы мүмкін.
Сондай-ақ банк сарапшылары «Отбасы банкіндегі» депозиттерге төленетін мемлекеттік сыйлықақыны тек табысы төмен және орташа отбасыларға беруді ұсынды. Олардың пікірінше, әр отбасы тұрғын үйге арналған мемлекеттік жеңілдікті бір рет қана пайдалануы керек.
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, ұсынылған өзгерістер жүзеге асса, баспана сатып алуға мүмкіндігі бар отбасылардың үлесі 10–20 пайыздық тармаққа артуы ықтимал.
Бұған дейін Halyk Finance сарапшылары да жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың тұрғын үй бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін екенін ескерткен. Қазіргі таңда мұндай бағдарламалар банктердің ипотекалық несие портфелінің 73%-ын құрайды.
