Испания астанасы Мадридте 200-ге жуық мұғалім ереуілге шығып, қала орталығына апаратын тасжолдағы көлік қозғалысын тоқтатты.
El País басылымының мәліметінше, наразылық акциясы Мадридтің Мораталас ауданында өткен. Мұғалімдер таңғы сағат 8:30 шамасында жолға мектеп парталары мен орындықтарын қойып, көліктердің жүруіне кедергі келтірген.
Наразылық білдірушілер «Мемлекеттік білім беру сатылмайды!» деген ұран көтеріп, биліктен білім беру жүйесіндегі мәселелерді шешуді талап етті.
Мұғалімдердің негізгі талаптары — жалақыны көтеру, сыныптардағы оқушылар санын азайту және білім беру сапасын жақсарту.
Акцияға қатысушылардың айтуынша, аймақтық білім беру министрлігі өткен аптада ереуілге қатысқан 40 мыңнан астам мұғаліммен келіссөз жүргізуден бас тартқан.
Наразылық білдірушілер билік өкілдері мұғалімдермен, ата-аналармен және оқушылармен келіссөзге келмейінше, акцияларды жалғастыратынын мәлімдеді.
Ереуіл басталғаннан кейін шамамен жарты сағат өткенде оқиға орнына полиция келіп, жол қозғалысын қалпына келтіруге кірісті.
