Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ЖаңалықтарОқиғалар

«Әр күлкіміздің артында жан жарасы бар»: Салтанат Нүкенованың ағасы жүрек тебірентер жазба жариялады

Фото DR

Салтанат Нүкенованың қазасына үш жыл толар тұста ағасы Айтбек Амангелді әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялап, отбасының әлі күнге дейін ауыр қайғымен өмір сүріп жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, жыл сайын қараша айының алғашқы күндері отбасы үшін ерекше ауыр өтеді. Жақындары Салтанаттан айырылған күндерді еске алып, сол кездегі жан жарасын қайта сезінеді.

Айтбек Амангелді 9 және 11 қараша күндерінің отбасы үшін ауыр естеліктермен байланысты екенін айтып, енді бұл күндерді тек қайғымен емес, Салтанаттың жарқын бейнесімен байланыстыруға тырысатынын жеткізді.

«9 және 11 қараша біз үшін өте ауыр күндерге айналды. Бірақ алда әлі талай жыл бар. Мен бүкіл отбасымның жыл сайын осы күндері сол қайғыны қайта бастан өткергенін қаламаймын. Сондықтан бұл күндерге қатысты жаңа естеліктер қалыптастыра бастағым келеді», – деп жазды ол.

Марқұмның ағасы 8 қарашаның отбасы үшін ерекше мәні бар екенін атап өтті. Өйткені бұл – Салтанаттың жақындарымен бірге болған соңғы күні.

Осыған байланысты отбасы Салтанаттың өмірінің соңғы күні өткен жерге барып, гүл шоқтарын қойған.

«Бүгін – 8 қараша. Бұл – Салта бізбен бірге болған соңғы күн. Бүгін біз Салтаға оның қайтыс болған күніне емес, өмірінің соңғы күніне орай барамыз. Осы күнге дейінгі екі аптаға жуық уақыт ұйқысыз түндер мен көз жасына толы болды. Біз мұны сыртқа шығармаймыз, бірақ жанымызда сақтап келеміз. Ал біздің күлкіміздің бәрі – жан жарасынан қашудың амалы», – деді ол.

Айтбек Амангелді қайғы қаншалықты ауыр болса да, өмірдің жалғасатынын және жақындарынан айырылған адамдар сол сағынышпен өмір сүруге үйренуге мәжбүр екенін айтты.

«Мұндай күндері өмір сүргің келетін сезім ерекше күшейеді. Өмірдің қаншалықты нәзік әрі болжауға келмейтінін терең түсінесің. Бұл күндері тыныс алудың өзі ауыр. Бірақ жан жарасына қарамастан, жаңа күн туады. Біз одан ешқайда қаша алмаймыз. Бүгін оның жарқын өмірінің соңғы күнін еске алып, гүл апарып қойдық. Жүрегіміз мұңға толы», – деп жазды марқұмның ағасы.

Еске сала кетейік, Салтанат Нүкенова 2023 жылғы 9 қарашада Астанадағы мейрамханалардың бірінде қаза тапты. Бұл оқиға Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырды.

2024 жылғы 13 мамырда сот бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты Салтанат Нүкенованы азаптап, өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 24 жылға бас бостандығынан айырды.

Сәйкес жаңалықтар

БИАТЛОН: КІМДЕР ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ?

bairakkz

Қазақстан спортшысы әлем кубогында топ жарды

bairakkz

Жұмыс беруші істі болған азаматтарға жұмыс орындарын таныстырды

Ришат