Bairak.kz ақпараттық-сараптамалық порталы
ӘлеуметЖаңалықтар

Қаллеки театры 35 жылдығын атап өтеді: елордада мерейтойлық іс-шаралар өтеді

Қаллеки театры

15 қарашада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының құрылғанына 35 жыл толады. Осы айтулы датаға орай елордада театр тарихы мен шығармашылық жетістіктерін дәріптеуге арналған мерейтойлық іс-шаралар өтеді.

Мерекелік бағдарлама 15 қараша күні сағат 10:00-де ҚР Ұлттық кітапханасында басталады. Мұнда театрдың 35 жылдық тарихына арналған конференция ұйымдастырылып, «Ұлттық театр» кітабы мен театрдың шығармашылық құрамының өмір жолын таныстыратын кітапшалардың тұсаукесері өтеді.

Мерейтойлық іс-шаралар Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында жалғасады.

Сағат 12:00-де Жақып Омаров атындағы кіші сахнаның салтанатты ашылуы өтеді. Сонымен қатар театрдың негізін қалаушы режиссердің жеке опортреті көпшілікке таныстырылады. Ал 12:30-да театрдың аға буын актерлеріне арналған портрет галереясының тұсаукесері ұйымдастырылады.

Сағат 16:00-де театр фойесінде актерлердің қызыл кілеммен салтанатты шеруі өтеді. Мерейтойлық бағдарламаның шарықтау шегі – сағат 17:00-де үлкен сахнада өтетін шығармашылық кеш. Бұл кеш театрдың 35 жылдық өнер жолын қорытындылап, сахна саңлақтарының шығармашылығын ұлықтауға арналады.

Қаллеки театрының тарихы 1991 жылғы 15 қарашадан бастау алады. Сол күні театр шымылдығы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. Алғашқы қойылымды театрдың негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Д. Попов атындағы алтын медальдің иегері Жақып Омаров сахналады.

Елордадағы қазақ театр өнерінің қалыптасуына зор үлес қосқан Жақып Омаров шығармашылық ұжымның негізін қалап, алғашқы актерлік труппаны жасақтады. Театр сахнасына еліміздің белгілі өнер майталмандары мен талантты актерлер жиналды.

1993 жылы өнер ордасына қазақ сахна өнерінің көрнекті өкілі Қалибек Қуанышбаевтың есімі берілді.

1996 жылы театр Уфа қаласында өткен түркітілдес мемлекеттердің халықаралық «Туғанлық» театр фестивалінде алғашқы халықаралық жетістігіне қол жеткізді. Ш. Хұсайыновтың «Алдар Көсе» музыкалық комедиясы фестиваль лауреаты атанды.

Театрдың әр кезеңдегі шығармашылық дамуына белгілі режиссерлер жетекшілік етті. Атап айтқанда, 1991–1996 жылдары Жақып Омаров, 1996–1998 жылдары Қазақстанның халық артисі Қадыр Жетпісбаев, 1999–2009 жылдары Кеңес Одағының халық артисі, «Халық Қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетов театрдың көркемдік бағытын қалыптастыруға үлес қосты.

2011 жылғы 14 желтоқсанда театрға мемлекеттік академиялық театр мәртебесі берілді. 2020 жылы елордада жаңа театр ғимараты пайдалануға берілсе, 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен өнер ордасы «Ұлттық» мәртебесіне ие болды.

Бүгінде Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры елорданың ғана емес, тұтас қазақ театр өнерінің маңызды мәдени орталықтарының бірі саналады.

Театр репертуарында ұлттық және әлемдік драматургияның үздік туындылары кеңінен қамтылған. Олардың қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Айман-Шолпан», «Қарагөз», Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», «Қызыл орамалды шынарым», Уильям Шекспирдің «Отелло», «Ромео мен Джульетта», сондай-ақ «Шәмші», «Құнанбай», «Бопай ханым», «Жошы хан», «Парасат майданы», «Күй», «Қан мен тер» секілді қойылымдар бар.

Театрдың ерекшеліктерінің бірі – музыкалық спектакльдердің симфониялық оркестр мен халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен сахналануы.

Шығармашылық ұжым республикалық және халықаралық фестивальдерге қатысып, қазақ сахна өнерін шетелдік көрермендерге танытып келеді.

Қаллеки театрының 35 жылдық мерейтойы – ұлттық сахна өнерінің өткені мен бүгінін сабақтастырып, бірнеше буын өнер қайраткерлерінің еңбегін дәріптейтін маңызды мәдени оқиға.

15 қарашадағы мерейтойлық іс-шаралар бағдарламасы

  • 10:00 – ҚР Ұлттық кітапханасында конференция, «Ұлттық театр» кітабы мен шығармашылық құрам туралы кітапшалардың тұсаукесері;
  • 12:00 – Жақып Омаров атындағы кіші сахнаның ашылуы және режиссердің жеке автопортретінің тұсаукесері;
  • 12:30 – театрдың аға буын актерлерінің портрет галереясының тұсаукесері;
  • 16:00 – актерлердің қызыл кілеммен салтанатты шеруі;
  • 17:00 – үлкен сахнадағы мерейтойлық шығармашылық кеш.

Мерейтойлық іс-шаралар 2026 жылғы 15 қарашада Астана қаласында өтеді.

Сәйкес жаңалықтар

Маңғыстауда жолшылар күні аталып өтті

bairakkz

Шоттардың жаппай бұғатталуы: комитет мән-жайды түсіндірді

bairakkz

Саяси мәдениетті арттыру – қоғам алдында тұрғын міндет

Ришат