Алматының Алмалы аудандық соты 27 қарашада қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты үкім шығарды.
Сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырып, осынша мерзімге бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, журналистика және блогинг саласында қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салды.
Боқаев жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Онымен бірге сот алдында жауап берген жиені Мадияр Калменов 6 жыл 6 айға сотталса, бұрынғы видеографы Ұлан Нүсіпқожаның бас бостандығы 2 жыл 6 айға шектелді. Сондай-ақ видеографқа бес жылға қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Боқаевқа қандай айыптар тағылды?
Қоғам белсендісіне Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағылған:
- 190-бап – аса ірі мөлшердегі алаяқтық;
- 218-бап – қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру;
- 188-бап – ұрлық;
- 340-бап – ағаштарды заңсыз кесу;
- 274-бап – көрінеу жалған ақпарат тарату.
Сот 218-бап бойынша жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтуіне байланысты Боқаевты қылмыстық жауаптылықтан босатты.
42 миллион теңгеге қатысты іс
Қылмыстық істің бір эпизоды 2018 жылы Боқаевтың «ҚазТрансГаз» компаниясында бас директордың кеңесшісі болып жұмыс істеген кезеңіне қатысты.
Айыптау тарапының мәліметінше, халықаралық автокеруен ұйымдастыру барысында қызмет құны негізсіз көтеріліп, кәсіподақтың 42,2 миллион теңге қаражаты жымқырылған. Сот Боқаев пен оның жиеніне кәсіподаққа 42 177 137 теңге көлеміндегі залалды бірлесіп өтеуді міндеттеді.
Боқаев бұл айыпты мойындамай, автокеруеннің өткенін және келісімшарттағы жұмыстардың орындалғанын мәлімдеді.
Әлеуметтік желідегі бейнежазбалары қылмыстық іске негіз болды
Прокуратураның нұсқасына сәйкес, Боқаев пен оның видеографы 2025 жылы Үлкен Алматы өзенінің жағалауындағы 12 гранит тақтаның ұрлануын және Баум тоғайындағы 16 ағаштың заңсыз кесілуін ұйымдастырып, кейін аталған оқиғаларды әшкерелегендей бейнежазбалар жариялаған.
Боқаев гранит тақталардың заңсыз сатылуын анықтауды көздегенін айтып, ағаштарды кестіруге қатысты айыпты жоққа шығарды.
Сонымен қатар сот оның Алматыдағы жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеу және «Атакент» көрме кешенін абаттандыруға бөлінген бюджет қаражаты туралы жарияланымдарын көрінеу жалған ақпарат тарату деп таныды.
Боқаев кінәсін мойындамады
Сот барысында Санжар Боқаев өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Оның адвокаттары айыптау тарапы ұсынған дәлелдерге күмән келтіріп, белсендіні ақтауды сұрады.
Ал бұрынғы видеографы Ұлан Нүсіпқожа кінәсін толық мойындап, Боқаевқа қарсы жауап берді.
Мемлекеттік айыптаушы бұған дейін Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
